Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы аялдамалардың бірінен 2 жастағы ұл бала табылды

Алматыда полиция аялдамадан табылған екі жасар бүлдіршіннің анасын іздеуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматыда табылған бала туралы ақпарат әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде пайда болған.

Алматы полиция департаменті 19 сәуірден 20 сәуірге қараған түні Солтүстік айналма көшесіндегі аялдамадан екі жастағы баланы белгісіз ер адамның тауып алғаны туралы хабарлады. 

"Түнде ер адам баланы өзімен бірге алып кеткен. Баланың үсті кір және жұқа киінген еді. Ер адам оны жуындырып, жылы киім кигізіп қараған. 20 сәуір күні түстен кейін баланы тауып алғаны туралы полицияға хабарлайды. Полиция бірден жедел жәрдем шақырып, қажетті шаралар қабылдады. Бала 2-қалалық ауруханаға жеткізілді. Ол өзінің атын білмейді", - деп хабарлады полиция департаменті. 



Баланың анасы болуы мүмкін деген азаматша анықталды. Қазір келіншек іздестірілуде. 

"Әйелдің екі баласы бар. Ол осыған дейін де полиция назарына іліккен. Әйелдің ісі балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияға ұсынылды, бірақ ешқандай қорытынды болмады. Алатау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әйел нәрестені осыған дейін де бірнеше рет тастап кеткенін айтады. Заңнамаға сәйкес, келіншек табылғаннан кейін тиісті шаралар қолданылады", - деп толықтырды қалалық полиция департаменті. 

Талқылау