Алматыда журналист қамауға алынған сатиралық басылымның авторын қолдап пикетке шықты: Полиция оны да ұстады
Алматыда белсенді Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққан журналист ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
19 қаңтарда Алматыдағы "Art of her" көркем басылымының бұрынғы бас редакторы, журналист Рус Бикетов Алматыдағы опера және балет театры ғимаратының алдына жеке пикетке шықты.
Ол Qaznews24 сатиралық басылымының авторы Темірлан Еңсебектің ұсталуына қарсы шықты.
"Менің елім ауырып жатыр. Қатты. Узақ уақыт. 19 қаңтарда Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жанындағы Панфилов көшесінде жеке пикетке шығамын", — деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.
Рус Бикетов қолындағы плакатпен бес минут тұрды, содан кейін полиция оны байқады.
Жиналған журналистердің қарсылығына қарамастан, жігітті күштеп полиция көлігіне отырғызған.
The Village Kazakhstan-ның мәлімдеуінше, Бикетов Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді. Алайда полиция басқармасы мұны жоққа шығарып отыр дейді.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті желіде ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікпен қоғамдық парақша авторына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған. Ол екі айға қамауға алынды.