Алматыда жаппай вакцинациялау 13 сәуірден бастап қайта жалғасады
Алматы қаласында жаппай вакцинациялау 13 сәуірден бастап қайта жалғасады. Бұл туралы қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Алматыда барлығы жаппай вакцинациялауға дайын. Қосымша күндерді кейінірек айтамыз. Әзірге бағдар 13 сәуірге келеді", - деді ол.
Нариман Табынбаев медициналық мекемелер мен емханалардан басқа, адамдар көп жиналатын орындарда, базарларда және сауда орталықтарында егу пункттері ашылғанын айтты.
"Қаланың шалғай аудандарында тұрғындарды вакцинациялау үшін біз жылжымалы медициналық пункттердің мобильді бригадалармен баруын жоспарлап отырмыз. Осындай төрт машина жабдықталды", - деп толықтырды Табынбаев.
Алматыда 396 егу бригадасы жұмыс істейді. Еріктілер мен денсаулық сақтау қызметкерлерін кезең-кезеңімен оқыту жүзеге асырылады.
- Вакцина салдырғаннан кейін бала көтеруге бола ма: Мамандар жауап берді
- Тоқаев екі түрлі вакцина салдырмақ: Мамандар бірнеше екпе алудың қаншалықты дұрыс екенін айтты
Сондай-ақ, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысының айтуынша, арнайы штаб құрылды, ол тұрғындар саны бойынша егу кабинеттерінің қажетті санын есептейді. Оңтүстік астанадағы екі миллион тұрғынның кем дегенде бір миллионына вакцина салу жоспарлануда.
Ведомство басшысының мәліметінше, Алматыда вакцинация басталғалы 68650 вакцина келді.
"Екпені 49160 адам салдырды. Қазір қалада 19 490 вакцина бар. Бізге 13 сәуірге дейін 69 мың вакцина келу керек. Айдың соғына дейін тағы 300 мыңнан астам вакцина алу жоспарланып отыр. Бұл сан әлі нақтыланатын болады, қазір арнайы штаб құрылды. Бұл дозалардың барлығы вакцинация пункттеріне таратылады". - деді Нариман Табынбаев.
Еске салайық, 5 сәуірден бастап Алматыда жаппай вакцинация уақытша тоқтатылды, бірақ осал топтардың өкілдерін COVID-19-қа қарсы жоспарлы екпе алуға шақыру тоқтамады. Бұған дейін үш күн бойы жаппай вакцинация сынақ режимінде жүргізілді.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
