Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда көпбалалы ана үшем дүниеге әкелді

Маңғыстау облыстық "Ана мен бала" перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Амангүл Тасыбекова бір ұл, екі қызды болды. Балаларға Нұрым, Гүлім, Айым есімдері берілді.

5 шілдеде жаңа туған нәрестелерге қажетті күтім курсынан кейін ана мен бала үйлеріне шығарылды. Ана мен бала орталығы қызметкерлерінің айтуынша, олар – биыл дүниеге келген екінші үшем.

"Бұл менің төртінші рет босануым. Біз үшем болатынын білгенде, таң қалдық, бірақ жұбайымның отбасында мұндай жағдай болған. Үйде үшемді аға-әпкелері күтіп отыр, отбасымызда жеті бала бар. Жүктілік және босану кезінде өзімді жақсы сезіндім. Босану асқынусыз өтті. Мен өте бақыттымын”, – деді Амангүл Тасыбекова.



ОПҚ бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Сарбалаеваның айтуынша, сәбилер кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Келіншек жүктіліктің 33-аптасында босанды. Бірінші болып 2,280 келі салмақпен  қыз бала дүниеге келді, екіншісі 2,250 келі салмақпен ұл бала, үшіншісі тағы да 1,880 келі салмақпен қыз туды.

Бүгінде балалар мен ананың жағдайы қанағаттанарлық дейді дәрігер. Облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 4319 сәби дүниеге келсе, оның 85-і егіз, екеуі үшем.

Талқылау