Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақталып шыққан Алматы ТЖД экс-басшысы 100 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті

Жемқорлық жасады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, кейін ақталған Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Қасыбаев қаржы министрлігіне моральдық шығынды өтеу туралы талап арыз түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Gov.kz

Іс Алматының Алатау аудандық сотында қаралды.

Қасыбаев қаржы министрлігінен 100 000 000 теңге моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. 

"Талапкер бір жарым жылдан астам уақыт бойы заңсыз қылмыстық қудалауда болды. Шағымданушы моральдық қысым көрген, атап айтқанда, қорлау, тітіркену, депрессия, ұят, үмітсіздік фактілері болған. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу туралы заңға қарамастан Қасыбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында заңсыз жарияланған. Шағымданушының жақын туыстары, жұбайы мен балалары ауыр эмоционалдық және психологиялық жарақат алған” , – делінген сот шешімінде.

Сот парасаттылық пен әділдік талаптарын ескере отырып, талапкердің 3 000 000 теңге моральдық зиянды өтеу туралы талаптарын қанағаттандыруды орынды деп тапты. Осылайша, Қасыбаевтың моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылды.

Көрсетілген соманы мемлекет қазынасынан төлеу жауапкершілігі жауапкер қаржы министрлігіне жүктелді.

Еске салсақ, ақталып шыққан Алматы қаласы төтенше жағдайлар қызметінің экс-басшысы Руслан Қасыбаев жаңа қызметке тағайындалды. 

Талқылау