Әкімдіктер бөлген білім беру гранттарына өтініш қабылдау басталды: Не істеу қажет
Фото: istockphoto.com
Әкімдіктер бөлген мемлекеттік білім беру гранттарына өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл жергілікті атқарушы органдар 1544 білім беру грантын бөлген.
Атап айтқанда, Астана әкімдігі – 526 грант, Шығыс Қазақстан облысы – 299 грант, Шымкент қаласы – 285, Атырау – 265, Абай облысы – 200, Түркістан – 180, Батыс Қазақстан облысы – 128 грант, Маңғыстау облысы – 108 грант, қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.
"Басқа жолдар да бар": Ғылым министрі Саясат Нұрбек грант ала алмаған талапкерлерге кеңес берді
Грант иегері атанған талапкерлер желіде алғашқы әсерлерін бөлісті (видео)
“Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін 7 тамыз күні 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланған еді.

АҚШ-та ауыр жарақат алған қазақстандық дзюдошы хал үстінде жатыр: Ағасы емге 270 миллион теңге қажет екенін айтты
