Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкесі, атасы зорлаған қыздар көп": Белгілі психолог балаларды жыныстық зомбылықтан қалай қорғау керектігін айтты

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев балаларды жыныстық зорлық-зомбылықтан қалай қорғау керектігін түсіндірді. Айтуынша, баланың өзін-өзі қорғай білуі отбасыдан, ата-ананың тәрбиесінен басталады. Психологтың сөзінше, кішкентай күнінен балаға еркінен тыс нәрселерді жасатуға, сәбиді біреудің көзінше шешіндіріп, киіндіруге болмайды. Бұл туралы маман Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


Маман балаға жыныстық тәрбие беру ол дүниеге келген сәттен басталатынын айтты. 

"Ол дегеніміз баланың өз жынысын қабылдау, түсіну. Менің ерекшеліктерім қандай, айырмашылықтарым неде? Соны білу арқылы қыз болу, ұл болу.

Кішкентай кезімде ауылда 7-8 баланы жынысына қарамай, қатар жатқызып қоятын. Ол жыныстық тәрбиенің жоқтығын көрсетеді. Қыздар бөлек, ұлдар бөлек бөлмеге жатамыз десе, онда ол өзінің ерекшелігін түсінеді. Қарапайым нәрсе – бір-бірінің алдында киім ауыстырмау. Кішкентай ғой деп бүкіл қонақтың алдында іш киімін шеше салады, жаңасын кигізе салады. Біреу қарап тұр, ұялу керек па, жоқ па, бала ыңғайсызданады. Одан не қалыптасады?

Демек, менің жыныстық мүшелерім әркім көре алатын, мүмкін, тіпті әркім ұстай алатын дүние деп ойлайды. Ал ол құпия болу керек. Сәби жөргегін бүлдіріп қойса да, бөлек бөлмеге алып барып ауыстыру арқылы жыныстық мүшелерін қорғау керек. 



Екіншіден, жыныстық тәрбиеде балаларға мынаны үйрету керек: біздің денемізден 50 сантиметр қашықтық интимді қашықтық болып саналады. Сол қашықтыққа сенің рұқсатыңсыз ешкім қол сұқпауы керек. Сенің рұқсатыңсыз саған ешкім тиісе алмайды. Жақсы көретін адамның өзі сенен рұқсат алады. Қасыңа отырайыншы, құшақтайыншы, телефоныңды алайыншы деп сұрау керек. Сұрамаса, ол саған дұшпан адам. Одан қашу керек", – дейді психолог. 

Ержан Мырзабаев Қазақстанда зорлыққа ұшыраған көптеген қыз-келіншектердің жақын адамдарынан қиянат көргенін атап өтті. Сөзінше, оның түпкі себебі балаға кішкентайынан жеке шекарасын қорғауды үйретпегеннен болады. 

"Біздің кабинетте небір қыз-келіншектерді әкесі, әкесінің досы, нағашы атасы, көршісі жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен оқиғаларды талай естідім. Қарап тұрсаң, қарапайым жағдайларда болатын нәрсе. "Қызымсың ғой, кел сипалай тұрайын" дейді. Сипалап тұрып, қолын басқа жаққа сұғып жіберуі мүмкін. Ұстамайтын жерлерін ұстауы мүмкін. Қыз ыңғайсызданып жатса, "қызым емессің бе?" дейді. "Көкең келді, бар, алдына отыр" дейді. Отырғың келе ме? Жоқ па? Сұрау керек. Мұны бала кішкентай кезінен бастап ата-анасынан көруі керек. Сіз баланы қолынан жұлқып, "бері кел бері" дейтін болсаңыз, оның қалауынсыз, 50 сантиметр қашықтықта оған қол сұғып жатырсыз. Бұл "бәрі мені ұстай алады" дегенді білдіреді.

- Балам, қолыңды бересің бе?
- Бермеймін. 
- Берші. 
- Бермеймін. 
- Бере қой енді. 
- Жарайды, беремін. 

Яғни бұл баланың таңдауы болу керек. "Бетіңді сүйгізбесең, сен менің қызым емессің" деуге болмайды. "Жақсы, қызым, бұл – сенің таңдауың. Бүгін бетіңнен сүймесем, ештеңе етпейді" деген дұрыс. Бала өз денесіне кімді жақындату, кімді жақындатпау, таңдауы бар екенін білетін болса, ол өзін кез келген жерде жыныстық тұрғыдан қорғай алады", – деп түсіндірді маман. 

Талқылау