Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақбұлақтағы бес адамның өлімі: Жәбірленуші тарап күдіктіні ұзақ мерзімге соттауды сұрайды

Алматыда тұрғындарды жеке үйден шығару кезінде болған атыстан қаза тапқандардың туыстары сотталушы Игорь Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

сот

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша барлық дерлік куәлар мен жәбірленушілер тыңдалды.

"Дужнов та, оның әйелі Демирчян да көшкілері келмеген. Бұл қасақана кісі өлтіру. Егер аулада басқа адамдар болса, әлдеқайда көп адамды өлтіретін еді. Мен мұндай адам өмір сүрмеуі керек деп есептеймін. Өзін өлтірмек ойы болған болса, неге өлтірмеді? Дужновқа ғана емес, барлық отбасы мүшелеріне ең жоғары жаза тағайындалсын" , – деді марқұм сот орындаушысы Мұрат Әбеновтың әйелі Сәуле Жұбаниязова.

Марқұм болған учаскелік инспектор Дархан Сүлеевтің әкесі Дауылбай Сүлеев те өлім жазасына кесуді сұрады.

"Біздің де Дужнов сияқты несиелеріміз болды, жалдамалы пәтерде тұрдық. Нұрбол жұмыс істеу үшін бәрін жасады. 800 мың теңге несиеміз болған, бұл біз үшін үлкен сома. Ал тамыз-қыркүйек айларында пәтер ақысын төлей алмай қалдық. Бізді де қуып жіберуге болатын еді, біз де онда қуып шықты деп адам өлтірсек не болар еді. Біз адал өмір сүрдік, адам баласына зиянымызды келтірген жоқпыз", - дейді қайтыс болған екінші учаскелік полиция қызметкерінің әйелі Әлфия Байғазиев.

Сотта өлтірілген үйдің жаңа қожайыны Нұрахмет Тұрғановтың туыстары да сөз сөйледі. Туыстары оның Игорь Дужновпен келіссөз жүргізгісі келгенін алға тартады.

20 қыркүйекте "Ақбұлақ" шағын ауданында көшіру кезінде жеке үйдің тұрғыны Игорь Дужнов оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полицей, сот орындаушысы, үйдің жаңа қожайыны және оның досы қаза тапты.

Сотқа сотталушының әйелі мен қызы да қатысты. Анаида Демирчян куәлік беруден бас тартты. Ал қызы Карине Дужнова үйде сақталған қару-жарақ туралы білмейтінін айтты.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 05 Сәуір, 2022 18:23
Талқылау