“Ақ жол” партиясының депутаттары электромобильдерді бажсыз әкелу мерзімін ұзартуды ұсынды
Фото: akzhol.kz
“Ақ жол” партиясының депутаттары электромобильдерді бажсыз әкелу мерзімін ұзартуды ұсынып, депуттатық сауал жолдады.
"Ақ жол" фракциясының депутаттарының сауалы премьер-министр Олжас Бектеновке бағытталған.
"Президент Қ. Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында жасыл экономика мен экологиялық көлік түрлерін дамытуға көшу мемлекеттің стратегиялық басымдығы деп атап өткен болатын. "Таза ауа, су және тұрақты қала ортасы болмай ұлт денсаулығын сақтау мүмкін емес" деп баса айтты мемлекет басшысы. Бұл бағыттағы тиімді құралдардың бірі – азаматтарды кедендік төлемдер мен утильалымнан босататын электромобильдерді әкелудің жеңілдетілген режимі. Бұл шара автопаркті жаңартуда және зиянды шығарындыларды азайтуда оң нәтиже көрсетті”, – делінген сауалда.
Депутаттардың айтуынша, Қазақстанда тіркелген 6,4 миллионнан астам көліктің 70%-ы 10 жылдап асқан ескі көліктер.
"Елімізде 6,4 миллионнан астам көлік тіркелген, олардың 70 пайыздан астамы заманауи автокөліктерге қарағанда атмосфераға 5-7 есе көп зиянды шығарындылар шығаратын 10 жылдан асқан көліктер. Бұл мәселе әсіресе ірі қалаларда өте өзекті: мәселен, экологиялық мониторинг мәліметтері бойынша, Алматыда ауаның 80%-ға дейін ластануы көліктердің салдарынан. Электромобильдерге жеңілдетілген шарттарды енгізу айтарлықтай нәтиже берді: егер 2022 жылы елімізге небәрі 1 245 электромобиль әкелінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 700 бірлікке, яғни 12 есеге өсті. Бұл сектор жаңа жұмыс орындарын, сервис орталықтарын, жергілікті құрастыру алаңдарын құру, инфрақұрылымды дамыту және мамандарды дайындау сияқты өзіндік экожүйесін қалыптастыра бастады”, – делінген депутаттық сауалда.
Депутаттар елімізде электромобильдердің үлесі әлі де өте мардымсыз екенін атап өтті.
"Жалпы парктегі электромобильдердің үлесі әлі де өте мардымсыз: Қазақстанда бар болғаны 0,5% құрайды, ал, олардың үлесі Қытайда 35%, Норвегияда 80%, ЕО елдерінде 22% астам. Сондықтан "Ақ жол" фракциясы азаматтардың енді ғана белең алып келе жатқан электромобильдерге көшуіне қолдау көрсету өте маңызды деп санайды, бұл қалаларымызды Астананың өзінде үйреншікті жағдайға айналған улы түтіннен сақтауға септігін тигізеді. Алайда, электромобильдерді кіргізудің жеңілдетілген режимі 2025 жылдың соңында аяқталады, одан кейін электромобильдер бағасы 30-40%-ға көтеріледі, бұл сұраныстың төмендеуіне және экологиялық көліктер санының өсуінің баяулауына әкеледі. Жақында берген сұхбатында отандық автомобиль өнеркәсібі көшбасшыларының бірі Нұрлан Смағұловтың мемлекеттік қолдау шараларынсыз электромобиль нарығының қарқынды өсуін күту мүмкін еместігін айтқаны кездейсоқ емес. Жеңілдіктерді тоқтату қалаларымыздың ауасын тазарту перспективаларына нұқсан келтіріп, экологияның одан әрі нашарлауына әкеледі деп ойлаймыз (Алматы атмосферасының ластануының 80%-ы автомобиль түтініне байланысты екенін тағы да атап өтеміз)”, – делінген сауалда.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, "Ақ жол" Демократиялық партиясы бірнеше ұсыныс жасады:
- электромобильдерді әкелудің жеңілдетілген режимін кемінде үш жыл мерзімге ұзарту және қажет болған жағдайда Еуразиялық экономикалық комиссияда осы мәселеге бастамашылық жасау;
- электромобильдер инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде зарядтау станцияларын дамытуға көмек көрсету;
- электромобильдер мен олардың құрамдас бөліктерін құрастыру мен өндіруде отандық өндірушілер мен инвесторларды ынталандыру шараларын қамтамасыз ету.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
