Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Ер адамның сүттен ақ судан таза боп шыққаны қынжылтады": Белсенді Астанада күйеуінің екінші жұбайын пышақтап өлтірген әйелдің ісі жайлы айтты

NeМолчи.kz қорының негізін салушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Астанада күйеуінің бұрынғы жұбайын пышақтаған әйелдің ісіне қатысты пікір білдірді. Ол істің кей фактілерімен келіспейтінін айтып, оқиғаны толық баяндап берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылы 20 наурызда әйел адам келіншектің жүрегіне екі рет пышақ сұғып, өлтірген. Айтуынша, ол жұбайын қызғанған. Дина Таңсәрі Facebook парақшасында марқұм ер адамның көңілдесі емес, азаматтық некедегі бұрынғы зайыбы екенін атап өткен. Олардың ортақ ұлы бар. Сондай-ақ, ер адам екі отбасында да тұрып келген.

Іс қылмыстық кодекстің 101-бабы “Аффект жағдайында адам өлтіру” бойынша сараланғаны айтылады.

“Аффект барысында кісі өлтіру деп жауапкершілігін жеңілдету үшін жәбірленуші өзі заңсыз әрекет жасап, қауіп төндірген болуы керек. Психикалық толқу, аффект күтпеген жерден пайда болады. Бірақ бұл жағдайда күдікті алдын-ала дайындалып пышақпен шықты. Демек оның әйелден кек алу үшін өлтіру ниеті мен қалауы болған”, – дейді Таңсәрі.

Жоғарғы Сот бұған түсініктеме берген.

“Аффект жағдайындағы қылмыс тіпті алдын-ала жоспарланса да, қылмыстың құрамы болмайды. Себебі бұл ниет пен ойда белгілі оқиға тудырып отыр", - делінген Жоғарғы Сот түсініктемесінде.

Қоғам белсендісі аффект деген сөзге түсіндірме беріп, қаскөйдің ісі бұған қатысы жоқ екенін айтты.

“Аффект – бұл қарқынды эмоционалды жағдай, ол ұзаққа созылмайды, бірақ айқын соматикалық көріністерді тудырады. Жүрек қағысы мен тыныс алудың өзгеруі, перифериялық қан тамырларының спазмы, терлеу, қозғалыс координациясының бұзылуы байқалады. Аффект атауының өзі латынның “affectus” сөзінен шыққан, ол "психикалық толқу" дегенді білдіреді”, – деп жазды ол.

Қоғам белсендісінің парақшасында кісі өлімінен кейін бейнежазбалар жарияланған. Осылайша ол әйелдің қасақана қылмысқа оқталғанын айтады.

“Бейнежазбада әйелдің кісі өлімінен соң екі минуттан кейінгі түрін көре аламыз. Ол полицеймен сабырлы түрде қарым-қатынас жасап, сұрақтар қояды, іс-әрекеттерін ойластырып, жарасын таңуға барды. Бұл бейнежазба сарапшыларға берілмеген. Таңқалдыратыны – әйел еш саспай, қысылмай, сабырлы түрде соны баяндап тұр. Қолында пышағы бола тұра “ол мені көлікке қарай итерді, енді не істеуім керек еді?” деп тұр”, – дейді Немолчи басшысы.

Қазіргі уақытта сот жүріп жатыр. Тіпті сарапшылардың пікірі екіге бөлінген.

Таңсәрінің пайымдауынша, бір сараптама аффект жоқ, әйелдің көзбояушылық танытқанын көрсетсе, ал екі сараптама нәтижесі бойынша ол аффект күйінде болды.

“Бұл жазбадан қорғанысты да, аффект жағдайын да байқамадық, есесіне үш баланың анасын қасақана өлтірген әйелді көрдік. Мына мәселеде ең сорақысы – ер адамның сүттен ақ, судан таза болып, еш кінәсіз шығуы. Соның кесірінен бір адам көз жұмды, екіншісі қылмыскер атанды. Ертең оның үшіншісін тауып, оны да осындай жағдайға итермелемейтініне кім кепіл”, – дейді қоғам белсендісі.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 30 Наурыз, 2023 09:51
Талқылау