Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

72,3%-ы қолдаған: АЭС салу бойынша референдумның exit poll нәтижелері жарияланды

Қазақстанда Атом электр станциясын салу бойынша референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: rosenergoatom.ru

"Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты" жеке қоры 2024 жылғы 6 қазанда өткен АЭС құрылысы мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс беру күні exit poll (референдум учаскелерінен шыққан азаматтар арасында сауалнама) өткізді.

"Қазақстанның 189 учаскесінде дауыс берген 283 519 азамат қамтылды. Олардан референдум аясында қойылған "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа қалай жауап бергені сұралды. Бұл ретте, exit poll нәтижесінде АЭС құрылысын қолдап, "иә" деп дауыс бергендер саны сауалнамаға қатысқан адамдардың 69,8 пайызын құрады. Сауалнамаға қатысқандардың 30,2 пайызы келісімін бермеген. Учаскелерге келу көрсеткіші 67,3 пайыз деңгейінде тіркелді", – деді "Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты" жеке қорының талдаушысы Әлібек Тәжібаев.

Cонымен қатар қоғамдық саясат институтының Exit poll нәтижесінде қатысушылардың 72,3 пайызы АЭС құрылысын қолдаған.

"Қоғамдық саясат институты барлық өңірде экзит-пул өткізді. Сауалнама барысында 600-ден астам интервьюер мен супервайзерлер жұмыс атқарды. Экзит-пулға 44 160 азамат қатысты, сауалнама 300 дауыс беру учаскесін қамтыды", – деп атап өтті Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Медет Өмірзақов. 

Оның айтуынша, сауалнаманы Exit poll әдістемесі бойынша арнайы оқытылған кәсіби интервьюерлер жүргізген.

Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың 72,3 пайызы Қазақстан АЭС құрысына келісемін деп дауыс берген, ал қарама-қарсы пікірді 27,2 пайызы білдірген. 

Еуразиялық интеграция институты еліміздің барлық өңірінде дауыс берген азаматтар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама 250 учаскені қамтыды, оның ішінде 159 – қалаларда, 91 – ауылдық жерлерде орналасқан. Арнайы даярланған респонденттермен face-to-face әдісі арқылы 30 546 азамат сұралды. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды.

Exit poll нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 71,8%-ы "Иә, келісемін" деп жауап берген, қалған 28,2%-ы "Жоқ, келіспеймін" жауабын таңдаған.



Айта кетейік, 6 қазанда елімізде АЭС салу бойынша референдум өтті. Алғашқылардың бірі болып премьер-министр дауыс берді. Кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Сосын еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп дауыс беріп, қазақ халқына бақыт тіледі. 

Орталық референдум комиссиясы әрбір екі сағат сайын дауыс берушілердің қатысуы туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының дерегін беріп отырды.

Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес тізімге енгізілген азаматтардың 63,87%-ы бюллетень алды. Яғни дауыс беруі керек болған 12 244 683 адамның 7 820 918-і дауыс берді.

Талқылау