Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украиналықтар көз жұмғандардың бәрін бірге жерлеуге мәжбүр

Ресей әскерлері Украина қалаларына оқ атып, бомба лақтыруының салдарынан жергілікті халық қаза тапқандарлы лайықты жерлей алмай жатыр. Әсіресе тоқтаусыз оқ пен бомбаның ортасында қалған Мариупольде жағдай қиын. Аймақта қаза болған бейбіт тұрғындардың саны артуда, ал коммуналдық қызметтердің өз жұмыстарын атқаруға мүмкіншілігі жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Олар көз жұмғандарды ақтық сапарға лайықты жерлей алмай жатыр. Соның салдарынан соңғы екі аптаның ішінде бірнеше рет тұрғындарды жаппай жерлеу рәсімі ұйымдастырылған. 

"Құрбандарды жекелеген молаларда жерлей алмаймыз. Себебі зираттар қала сыртында орналасқан. Ал оның айналасын Ресей әскерлері бақылауда ұстап отыр", – дейді Мариуполь мэрінің орынбасары Сергей Орлов. 

Айтуынша, олар шейіт болғандарды қала ішінде жерлеген. Оған қоса ескі бейітті қайта ашуға тура келген. 

Мариуполь қалалық кеңесінің жексенбі күнгі мәліметіне сәйкес, қаза болған бейбіт тұрғындардың саны 2100-ден асқан. Ал Ресей әскерлері ұйымдастырған жойқын шабуылдың салдарынан тұрғындарды "жасыл дәліз" арқылы эвакуациялаудың өзі қиын болып отыр. 

Орлов жаппай жерленгендердің нақты санын айта алмады. Алайда бір орынға 67 мәйіттің жерленгенін атап өтті. 



"Кейбірін тани алмадық, ал енді кейбірінің құжаттары болды", –  деді ол. Кей жағдайда жақындарының үй ауласы мен саябақтарда жерлеген. 

Әкім орынбасарының айтуынша, мыңдаған қала тұрғындары жертөлелерде жасырынуда. 

Қалалық қызмет өкілдері жұмыстарын атқара алмағандықтан, қаза болғандардың мәйіттерін жөндеушілер мен тазалаушылар жинауда. Қызмет кезінде олардың да оққа ұшқандары бар. 

"Бізде 11 күннен бері электр қуаты, жылу мен су жоқ, кәріз жүйесі де істен шыққан", – деді Орлов.

Жергілікті депутат Михайлина Скорык-Шкаривскаяның айтуынша, Мариупольден солтүстік-батысқа қарай 600 шақырым жерде, Киевке жақын Буча қаласында, шіркеудің жанынан бірыңғай қабір қазылып, онда 60 адам жерленген. 

Жаппай бейіттердің пайда болуы украиналықтарды қатты есеңгіретті. Көпшілігі екінші дүниежүзілік соғыс пен 1930 жылғы ашаршылықты еске алды. 

"Менің көкем 92 жаста, тіпті ол да қазіргі жағдайды балалық шағымен салыстыруда", – деген Скорык-Шкаривская тұрғындар үшін жақындарын христиан жоралғыларына сай жерлеу қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Украинаның солтүстігінде Харьков, Чернигов пен Суманы де Ресей әскері қоршауға алған. Аталған аймақтарда да тоқтаусыз атыстың салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр. 

6 наурыз күні белсенді Александра Матвийчук "Твиттердегі" парақшасында траншеяда тұрған табыттардың суретін жариялап: "Черниговте Ресейдің атқылауынан қаза болған бейбіт тұрғындарды траншеяларда жерлеуде. Өйткені қаланың басты Яцево зираты нағыз оқтың ортасында қалып отыр", – деп жазған.



Чернигов қалалық кеңесінің хатшысы Александр Ломаконың айтуынша, құрбандар уақытша қабірлерге жерленіп жатыр. Ол қалалық зиратқа кіру мүмкін еместігін растады. Айтуынша, Ресей әйскері қаланы үш жақтан қоршауға алған. 

"Соғыс аяқталғаннан кейін оларды қайта жерлейміз", – дейді Ломако.

Оның болжамы бойынша, соғыс кезінде қалада шамамен 200 адам көз жұмған. Олардың ішінде 45 адам әуе шабуылы кезінде қаза тапқан. 

"Ал орташа есеппен әр түні 7 адам қаза табады. Ұшақтар тұрғын-үй аумақтарына 3-4 бомбадан лақтыруда. Олардың бірі ауруханаға түсті, бірақ ол жұмысын жалғастырып жатыр. Қала шетінде ондаған тұрғын үйлер жойылды", – дейді Ломако.

Жаппай жерлеуден бөлек, апатты қабірлер туралы ақпараттар шыққан. 
Мәселен, Ирпень қаласында жаңа тұрғызылған үйдің ауласына анасы мен ұлы жерленген. Зираттың суреті желіде тарап кетті. Ал журналист Ольга Руденко "Твиттерде" Марина Меть пен оның ұлы Иванның Киевте шаттанып түскен суреттерін жариялаған. 

Онсыз да соғысты көрген халық үшін жақындарын лайықты түрде жерлей алмау өте қиынға соғып отыр.

Талқылау