"4 секунд тигізесің, болды": Қазақстан әуежайларына автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесі енгізіледі

Екі жылдан кейін Қазақстан әуежайларына автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы шекаралық бақылау бас басқармасының бастығы Марат Мағжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Сурет: Айдын Рахымбаев

Президенттің Astana Motorsports клубының ұшқышы, қазақстандық кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың Кореядағы инновация туралы жазбасы жұрттың қызу талқысына түскен болатын. Кәсіпкер аталған елде көптеген технологиялық және инновациялық жетістіктің куәсі болғанын жазды. Сондай-ақ, неліктен Қазақстанда мұндай мүмкіндіктер жоқ екеніне тоқталды. 

«Мені Азия тағы бір рет таңғалдырды. Сеулде бір күн түнегеннің өзінде көптеген инновацияның куәсі болдым. 5G АҚШ-тағыдан да жылдам жұмыс істейді, ал медицинасы Германиядан әлдеқайда жақсы әрі арзан. Адамдары да Шығыстағыларға қарағанда сыпайы, технологиясы да мықты», - деді Айдын Рахымбаев. 

Әрі қарай ол Сеулдегі әуежайдағы паспорт бақылауының қалай өтетініне таңғалғанын жеткізді. Айтуынша, бұл процесс бірнеше секундты ғана алады. 

«Ал әуежайдағы паспорт бақылауын айтсаңшы! Жақындайсың да паспортыңды 4 секундтай, кейін саусағыңды 3 секундтай тигізіп тұрасың, болды! Шекарашы-офицерлер де, басқалар да жоқ! Біз де Азия емеспіз бе? Неге артта қалып қойғанбыз? Мұның орнына біз инновацияға толы смартфондарымызды мемлекеттік органдарға кірер кезде сыртта қалдырып кетуге мәжбүрміз», - деп кейіді ол. 

 

Осы орайда, желі қолданушылары да кәсіпкерді толықтай қолдайтынын жарыса жазды. 

«Бізге бұған жетудің ауылы алыс», «Біз тас ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Мемлекетіміз бай, халқымыз кедей. Біз мұндайды тек армандай аламыз», «Кореяда адамдар әртүрлі қайғылы оқиғаларсыз өмір сүреді», «Бізге бір кездері Кореяда тұрған профессор 20 жыл бұрын аптасына 7 күн жұмыс істегені туралы айтты. Біз «7 күн дейсіз бе?» деп қайталап сұрағаным есімде. Ол жақта бұрынғының азаматтары өте жақсы жұмыс істеп кеткен» деп жазды желі қолданушылары. 

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі Қазақстанда қашан дәл осындай инновациялық бақылау түрі енгізілуі мүмкін екенін айтты. 

«Автоматтандырылған паспорттық бақылауды жүзеге асыру үрдісі биометриялық және дактилоскопиялық бақылау жүйелерін енгізуді болжайды. 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №40-VI «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аталған жүйелер 2021 жылы қолданысқа енеді», - деді шекаралық бақылау бас басқармасының бастығы Марат Мағжанов Stan.kz тілшісіне.

Сондай-ақ, ол жоғарыда айтылғанның негізінде паспорттық бақылауды автоматизациялауды енгізу ҚР заңнамасы мен белгіленген мерзімдерді ескере отырып қарастырылатынын хабарлады. 

Биометрия дегеніміз – адамдарды 3х4 суреті, дене бітімі, дауысы, саусақ ізі, қол тамырының суреті, қан тобы, көз құрылысы арқылы танып білу жүйесі. Ал дактилоскопия дегеніміз – адамды саусақ ізіне қарап кім екенін ажырату. Бұл бақылау түрі терінің еш жерде қайталанбайтын суретіне негізделген. Криминалистика саласында кеңінен қолданылады. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр