2018 жылы маңызды құпияларын ашқан жұлдыздар
Ит жылында жеке өмірінің құпиясын ашқандардың көшін Айқын бастап тұр. Осыдан 2 жыл бұрын КешYou-дің экс-әншісі Жұлдыз Өмірғалимен көңіл қосқан Төлепберген біразға дейін мұны елден жасырып келген еді. Қос әнші 2016 жылы некелерін қидырып, 2017 жылы ұлды болған. Ал бұл туралы шындық 2018 жылы жария болды, деп хабарлайды Stan.kz.
Айқын мен Жұлдыз ұлдары Санжар 1 жасқа толған кезде дүркіретіп той жасап, тек сол кезде құпияның құлпы ашылды. Көп ұзамай Төлепберген отандық арналардың біріне сұхбат беріп, бірінші әйелімен заңды түрде ажырасқанын, бүгінде Жұлдызбен бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп отырғанын мәлімдеді. Алайда екі баласының анасы Әселді екінші рет тұрмысқа бергісі келмейтінін жасырмады.
Арада көп уақыт өтпестен Жұлдыз Өмірғали ел алдына шығып, Айқынмен “жүре бастаған” кезде оның отбасылы екенін білмегенін айтты. Сондай-ақ, Төлепбергенмен 3 жыл бұрын көңіл жарастырғанын мойындады.
Ит жылында шындығын жасырмай айтқандардың қатарында Мөлдір Әуелбекова да бар. Осы уақытқа дейін бар мұңын ішіне жасырып келген әнші күз басында күйеуімен ажырасып кеткенін мәлім етті. Мөлдір бұл жаңалықты арада 1,5 жыл өткен соң жария етіп, ел алдында жылап қалды.
Сондай-ақ, таяуда Мөлдірдің тағы бір құпиясы ашылды. Осыдан үш жылдай бұрын Мөлдір алаяқтарға алданып, ата-ана, бауырларымен бірге тұрып жатқан үйінен айырылып қалғанын айтты. Әнші басына күн туғанда елден қарыз алып, небәрі екі айдың ішінде зәулім үй тұрғызған. Алайда алған қарызын қайтару үшін 1,5 жыл тынымсыз жұмыс істеген. Тіпті, декреттік демалысқа шықпаған. Тек босанатын уақыты келгенде 2-3 ай үзіліс алған.
Алмас Кішкенбаев та әйелімен ат құйрығын үзіскенін қараша айында жариялады. Әнші соңғы 2-3 жылдың ішінде басына түскен ауыртпалықтарды көтере алмай, ішімдікке салынып кеткенін айтты. Сондай-ақ, өзіне қол салмақ болғанын мойындады. Әнші жұбайымен не себепті айырылысқанын ашып айтпады. Десе де, өзі үшін бұл күтпеген жағдай болғанын мәлім етті. Сондай-ақ, әлі күнге дейін экс-жары мен қос қызынан жырақта қалай өмір сүрерін білмей жүргенін атап өтті.
Алтынай Жорабаева да Сәбит Әбдіхалықовпен ажырасқанын біразға дейін айтпай жүрді. Әнші арада тек бірнеше жыл өткен соң құпияның шетін ашты. Ал ит жылында БАҚ-қа берген сұхбаттарында Жорабаева қыздарының әкесімен араласпайтынын, ал бұрынғы қайын жұртының балаларды іздемейтінін мәлім етті.
Бұдан бөлек, Алтынай бір кездері банкке берешек болып, айына 6 мың доллардан несие төлегенін алғаш рет айтты. Әнші 2004 жылдары несиеге көлік, кейіннен үй алған. Бір кездері қарызды төлеуге ақшасы жетпей, сот алдына дейін барған.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
