Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"120 мың айлық күлкілі ғой": "Қазпошта" қызметкерлері неліктен митингке шыққандарын түсіндірді

Алматыда Қазпоштаның 200-ден астам қызметкері айлық көтерсін деп талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартты. Өйткені бұған дейін 80-90 мың айлыққа қанағат етіп келгендердің шыдамы таусылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Жанерке Төлепбергенова Қазпоштада оператор болып жұмыс істейді. Сағат таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін тыным таппайтын ол түскі асты ішуге де мұршасы болмайтынын айтты. Себебі жұмысы қауырт.

Ал хатқа толы 14 келі қаптарды әрі-бері таситын пошта қызметкері діңкеміз құрып, шаршап үйге әрең қайтамыз дейді. Кейде кадр бөлімі операторды жұмысы көп бөлімшелерге жіберіп, сандалтатыны тағы бар. Жалақыға жарымай, шыдамы таусылған Жанерке табысымызды айтудың өзі ұят дейді.

“120 мың айлық, былай қарасаң, күлкілі ғой. Бізге айтады, айлықтарыңды айтпаңыздар деп, біз айтуға ұяламыз. Кешке үйге келеміз, аяқтан аяқ, белден бел жоқ. Таңертең амал жоқ, тұрасың. Өзіміздің адал еңбегіміздің ақысын алуымыз керек қой”, – деді Қазпошта қызметкері Жанерке Төлепбергенова.

Бүгін Қазпоштаның Алматы қалалық филиалына жиналған 200-ден астам қызметкер де жұмыс көп, жалақы аз дейді. Қыста аяз-боранға шыдап, жазда аптап ыстыққа төзіп, жолсыз жерден жол табатын, хат-хабарды аманат етіп, елмен елді жалғап жүрген мамандардың алатын айлығы - 100 мың теңгенің айналасы екен. Мерекелер де сыйақы берілмейді, ал жалақыға анда-санда қосылатын бонустың көлемі бар-жоғы 3000 теңге. Қымбатшылық қысқан уақытта еңбегіміз мардымды төленсін, жалақыны жылдам көтерсін деп талап қойып отыр.



Штаттағылар жалақы көтерілсін десе, басқалары жалақымен қоса, бізді штатқа алсын дейді. Себебі штатта болмаса, ауырып қалған күндері мен еңбек демалысы төленбейді. Ал қалалық филиал басшылығы біз пайдасынан шығыны көп компаниямыз деп ақталды. Қызметке келгеніне 2 ай болған мекеме директорының айтуынша, еңбек өнімділігіне қарай сараптама жасайтынын хабарлады. Айтуынша, кім қанша жұмыс жасайды сонша жалақы алуы керек. Айлықты қаңтар айында өсіреміз деген директор нақты қаншаға көтеретінін айта алмады.

“Қаңтар айында жалақыны көтеру жоспарланып отыр. Жоқ, оның бәрі анализбен жасалады”, – деді "Қазпошта" АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Алтын Садықова.

Қалалық филиалдың штатында 875 қызметкер істейді, ал штаттан тыс жұмысшылардың саны - 143 екен. Жиналғандар Еңбек инспекциясына жұмыс жүктемесі айлыққа сай еместігі және жұмыс кестесінің өзгеріп тұратыны туралы ұжымдық шағым жазды. Кезектен тыс арыз бойынша 10 жұмыс күннің ішінде тексеріс жүргізіледі деген инспектор ұжымдық шағымдағы ақпарат расталса, мекемеге әкімшілік жаза қолданылады. 

Талқылау