Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазпошта" шығынның артуына қарамастан, топ-менеджерлерінің жалақысын бір жылда 40%-дан астам өсірген

"Қазпошта" 2021 жылы компанияның басқарма және директорлар кеңесі мүшелерінің жалақысы мен сыйақысын төлеуге 208 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Мұндай мәліметтер өткен жылдың қаржылық есебінде келтірілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі. Бір қызығы, жалақы мен сыйлықақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға артқан.

Егер 2020 жылғы пандемия кезінде ұлттық компания басшыларының әрқайсысы орта есеппен 17 292 000-ға жуық ақша алса, 2021 жылы топ-менеджердің жылдық табысы шамамен 30 миллион теңгеге дейін өскен.

"2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі басқарушы персоналға 7 адам кіреді. 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл ішінде негізгі басқарушы персоналға қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді сыйақылардың жалпы сомасы (еңбекақы және сыйлықақылар) 208 264 000 теңгені құраған", - делінген хабарламада.

Компания директорлар кеңесі мүшелерінің жалақысын төлеу қорының қаражатын 99 762 000-нан 183 984 000-ға дейін күрт арттырды.

Бұл ретте компанияның шығыны 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 1,1 миллиардқа (46 пайызға) өсіп, 2,4 миллиард теңгені құрады.

Бүгін, яғни 16 қыркүйек, жалақының төмендігіне наразы ұлттық компания қызметкерлері наразылық акциясына шықты. Жиналғандардың сөзінше, Алматыдағы “Қазпоштаның” қатардағы қызметкерлерінің жалақысы толық жұмыс күні үшін 130 000 теңгеден аспайды. Азық-түлік бағасының қымбаттауын ескере отырып, халық бұл жалақыны жеткіліксіз деп санайды.

Есепке сәйкес, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында кадрлық шығындар 1 миллиард 900 миллион теңгеден асты. Бұл ретте жалпы еңбекақы қоры өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өспеген. Керісінше 46 миллион теңгеге азайыпты.

Ал жыл басында "Қазпоштаның" қатардағы қызметкерлерінің жалақысы көтерілетіні және бұл өсім қызметкерлердің 93 пайызына әсер ететіні хабарланған болатын. Жалақы 7-ден 25 пайызға дейін өсетіні айтылды.

Талқылау