Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Суперпапа Серік: Әйелге үй шаруасында көмек бергеннің еш ұяттығы жоқ

Бүгінгі таңда әлеуметтік желі жедел жол салып беретін мықты құралдардың бірі. Күн санап блогер мен вайнерлердің саны артып жатыр. Солардың ішінде нағыз қажет ақпаратты ұсынып, парақшасын дұрыс контентпен толытырып отырғандар аз сынды. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі біздің қоғамға жат көрінетін отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген блогер «Суперпапа Серікпен» сұхбаттасып, жанұядағы басты мәселелер туралы білді.

Суперпапа Серік: Әйелге үй шаруасында көмек бергеннің еш ұяттығы жоқ

– Өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз…

– Мен 1985 жылы Талғар қаласында дүниеге келгенмін. Жасым қазір 32 де. Отбасында екі баламыз: алдымда үлкен әпкем бар. Әкемізден ерте айырылдық, анамыз осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Бүгінгі таңда Дилярамен отау құрып, екі баланың ата-анасы атанып отырмыз. Үлкенім қыз, Әдия – 5 жаста, ұлым, Айсұлтан – 3 жаста. Талғар қаласында қазақ мектебін бітіргенмін. Мамандығым бойынша қаржыгермін. Жас кезімде түнгі клубтарда диджей болып жұмыс істедім, КВН-ге қатысатынмын. Әрдайым университетте өтіп жатқан іс-шаралардан қалған емеспін. Сол кезден бастап, корпоративтік кештерді ұйымдастырып, белсенді өмірге сол кезде қадам басқанмын. Өлең жазатынмын, тіпті 1-2 клиптерім де бар. Ол туындыларымды да көрсететін уақыт келер деп ойлаймын. Халыққа ұсыну ойымда бар.

– Енді ол клиптеріңізді сол кездегі қалпында шығарасыз ба, әлде өңдейсіз ба?

– Өңдеп шығару ойымда бар, бірақ қазір емес. Әзірге адамдар менің блог жүргізудегі көп қыр-сырларымды көрген жоқ, шығрамашылығыма тойған жоқ деп айта аламын. Бұл туындыларымды келешекке «козырь» ретінде сақтап отырмын.

– Инстаграмға деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

– Инстаграмда блог жүргізіп жатқаныма бір жыл болды. Бұл – өте ыңғайлы әлеуметтік желінің бір түрі. Басқа коммуникациялық құралдарын қарасаңыз, мысалы телеарнағада шығып өлең айту үшін де қаражат қажет. Көптеген адамдардың ақыл-кеңесін тыңдап, біріге отырып жұмыс атқару керек. Ал инстаграмда өзіңе өзің кожасың, тек қолыңда заманауи смартфон болса болғаны.

Инстаграм сізге табыс акелер құрал ретінде несімен ыңғайлы?

– Бұл жерде ең бастысы өзіңе ұнаған затты жасау. Сценарийді жазып, монтажды қалағанымша жасап, өзім әрі оператор, әрі режиссер боламын. Инстаграм парақшасы сонысымен өте ыңғайлы әрі қолжетімді.

– Инстаграмда блог жүргізу идеясы қай кезде келді?

– Басында басқа көптеген блогерлерді оқитынмын. Мысалға, «супермамасита Әлияны», жас вайнерлерді көретінмін. Соларға қарап менде блог жүргізіп, видео түсіріп бастағым келді. Алғашында жарты жылдай бағымды сынап көрейін деп, вайндар түсірдім, алайда ол ісім алдыға тартпады. Парақшамдағы жазылушылар саны да көбеймеді. Кейіннен, «Супер папа» телебағдарламасына қатысып, екі рет жеңімпаз атандым. Парақшаларды қарай келе, жанұя тақырыбын қозғап жүрген блогерлер аз екенін байқадым, аналар болса да әкелер жоқтың қасы. Ресейдің бір-екі блогер әкелерін көріп, адамдарға ұнайтын шығар деп, отбасылық блог жүргізе бастадым.

– Отбасылық тақырыптағы вайн мен видеолар түсіру бастапқыдағы жоспарыңыз ба еді?

– Жоқ, мұндай жоспар болған емес. Бір байқауға қатысу үшін «Еске алу» тақырыбында бала кезімде көрген қиыншылықтар туралы ролик түсіргенмін. Бұрыннан тамақ жасай алғандықтан, бірнеше ас әзірлеген видеоларымды жариялап көрдім. Бұл видеолар барлығына ұнап, содан жазылушылар саны да көбейе бастады. Әрдайым тамақ жасаған видеоларымды жүктей бермейін деп, жан-жақты болайын деген мақсатпен әр түрлі тақырыптарда вайндар түсіре бастадым, қызықты посттар жаздым. Әлі күнге дейін тақырыптарды алмастырып тұрамын. Тамақ әзірлеген видеоларым қазір аз.

– Дегенмен, сол видеоларыңыз осы күнге дейін қаншама оқырмандардың назарында жүр, мысалға басқа да атақты пабликтер парақшасында…

– Иә, адамдарға менің ас дайындағаным ұнайды, алайда аудиторияға нақты тақырыптар керек. Отбасындағы әйел мен еркектің қарым-қатынастарын жөндеу, көмектесу сияқты тақырыптарға ақырындап келе жатырмын.

– Әлеуметтік желідегі танымалдылығыңыз қай кезде арта түсті?

– Бағана атап өткен «еске алу» тақырыбындағы және манты жасаған видеоларым тарала бастағаннан оқырмандарым көбейді. Сонымен қатар, атақты блогерлер мен парақшалар репост жасағанның арқасында видеоларымды көрушілер саны күрт көбейе бастады. Алғашқы вайндарымның көрермендері жүз мыңнан асса, соңғы видеоларымдікі екі миллионға жуықтап қалды.

– Ең резонанс тудырған видеоңыз деп қайсысын атай аласыз?

– «Лампочканы ауыстырған» видео екі миллион қаралым жинады. Түсірген кезде сонша таратылып кетеді деп ойлаған жоқпын. Тіпті шет елде тұратын қазақтардың группаларына да тарап кеткен дейді.

– Алайда, ол видеодағы басты кейіпкер сізге ұқсамайды –ау…

– Мен ондай емеспін, әрине. Бұл жерде бәрі қалжың ғой, бірақ сол қалжыңның ішінде бір шындық бар. Өмірде мұндай жағдайлар кездесіп жатады. Сондықтан да бұл жерде әрбір ер азамат өзін таба алады деп ойлаймын. Кім өзіне қандай сабақ алады, оны әркім өзі шешер.

– Осындай тақырыпта өз отбасыңызды мысалға алып жатқаныңызға жұбайыңыз қалай қарайды?

– Қарсылық танытпады. Бірақ қолдау да көрсетпеген болатын. Кейіннен табысқа әкеле бастаған соң көмектесетін болды.

– Көңілге тиетін пікір жазатын оқырмандар болады, олармен күрес кезінде Диляра қол ұшын соза ма?

– Мен соңғы кезде пікірлердің күрт өсуіне байланысты, оларды оқуға уақытта таба алмаймын. Көбінесе Диляра оқып, жағымсыз пікір жазғандардың тізімін жасайды. Кейін сол бойынша оларды бұғаттап тастаймын. Менің парақшамда негативке орын жоқ. Өйткені, басты көтеретін тақырыптар бала-шаға мен жанұя туралы. Ең басты мақсатым – тәрбиелік мән беру. Ұятсыз немесе жаман ақпарат таратпаймын. Мысалы бүгін балаларын тастап кеткен әкелер туралы видео жариялаймын, мүмкін соған қарап көптеген ер азаматтар отбасыларына оралар. Кім білер, жақсы әсерін тигізер деген үміттемін.

– Жұбайыңызға үй шаруасы бойынша тағы да қандай көмек көрсетесіз?

– Егер мен жұмыста сегіз сағат болсам, ол бала қарауға жиырма төрт сағатын арнайды. Демалыс күндері отбасымызбен бірге қыдыру үшін Диляраға алдымен үй тірліктерін бітіру керек. Уақытты тиімді пайдалану үшін мен оған көмектесемін. Оның ешқандай жаманшылығы жоқ, ортақ мәселені біріге шешкен дұрыс деп білемін.

– Отбасында болып тұратын ұрыстарды қалай шешесіздер?

– Әрине, отбасында «ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды». Ұрыстың болып тұрғаны дұрыс. Робот сияқты жүре беруге болмайды. Бірақ шектен шықпай, уақытында түсіну қажет. Өз басым кикілжің пайда бола бастағанда үйден шығып кетуге тырысамын. Сабырлық танытып, ойымды жинақтап аламын. Көптеген ер адамдар, соңына дейін барып, ұрып-соғуға жетіп жатады, оны балалары көреді. Ажырасу деген осыдан пайда болады деп ойлаймын. Бастысы дер кезінде ойланып, артық сөз айтпау. Ата-аналары балалары үшін тырысып, тойын, бәрін жасап беріп жатқанда, кейіннен ажырасып кететіндері обал. Әр адам отбасы болуға тырысып, алдына мақсат қоя білу керек.

– «Досына қарап өзін біл» демекші, қасыңызда жүрген жолдастарыңыз қандай? Отбасылық құндылықтарды сіз сияқты алға қоя ма?

– Достарымның барлығы жақсы, отбасын құрған, шүкір ешқайсысы ажыраспаған. Бәрі менің блогымды қолдайды. Олардың арасында мен жұлдызбын.

– Әйеліңізге көмектескеніңізді қолдамайтын әйел адамдар болды ма?

– Негізі тоқсан бес пайыз әйелдер мені қолдайды. Күйеуі үй шаруасына көмектесіп жатса, қай әйелге ұнамасын?!

– Блогтарыңызға туыстарыңыз, қайын жұртыңыз қалай қарайды?

– Барлығы қолдайды, өз туыстарым әлеуметтік желілерде отыра бермейді. Оларға арасында Watsapp желісі арқылы келіп жатады екен. Соны көріп те қолдауларын білдіреді. Әйелімнің туыстары көп көреді мені. Лүпіл басуды ұмытпайтын олар менің шынайы көрермендерімнің қатарында. Өз отбасыма да тигізер көмегі мол. Мысалы балаларымды да балабақшада алға тартады, көптеген тұсау кесерлерге (автор. кино, театр және т.б.) барып тұрамыз. Басқа да блогерлермен отбасы болып араласып тұрамыз. Мысалы «Аминка-Витаминка», «супермамасита Әлия» сияқты танымал блогерлермен ара-қатынасымыз жақсы.

Суперпапа Серік: Әйелге үй шаруасында көмек бергеннің еш ұяттығы жоқ

– Балаларыңызды сол Аминка-Витаминка сияқты кішкентай блогер, танымал тұлға қылуға тырыспайсыз ба?

– Менің балаларыма ерте шығар. Негізі ол қыздар сияқты тума таланттары болса әрине тырысар едім. Менің қызым өте ұялшақ, мүмкін ұлымнан бірдеңе шығып қалар. Жақын арада қызым сериалға түскен болатын. «Аминка-Витаминкамен» бірігіп жуырда тағы бір вайн түсіруді жоспарлап отырмыз.

– Осыған орай балаларыңызға жеке парақша ашу ойыңызда барма?

– Негізі жоспарда бар, ойлап жүрмін. Әзірге уақыт таба алмай жатырмын, тіпті өз парақшамды жүргізуге уақыт таппай қалып жатамын. Ал Диляра шығармашылық адам емес, менің айтқанымды істеуге тырысады. Мен енді жаңадан көмекші алып, көптеген жұмыстарымды менеджерге тапсыратын болдым.

– Парақшаңызда ұлыңызға қарағанда қызыңызға аса көңіл бөлетініңіз байқалып тұрады… Қызыңыздың тәрбиесіне ерекше мән бересіз ба?

– Әрине, қыз бала әкесіне жақын болады ғой. Қызыма әрдайым ең жақсысын алып бергім келіп тұрады. Әр туған күнінің өзін той қылып жасап жатамыз. Ұлыма келгенде білмеймін реті келмей қалады. Достарымның бәрі алғашқы балам – ұл болса екен деп жатса, мен қызды тілейтінмін. Қатты қызды аңсаған соң шығар осындай қошеметке ие болып жатқаны. Ұлымды да жақсы көремін, әрине.

– Инстаграмда ақша табу оңай ма? Қандай заттарды және қаншаға жарнама жасайсыз?

– Инстаграмда табыс табу мен үшін оңай. Алайда парақшам қызықсыз болып кетпесін деп, көп жарнама жарияламауға тырысамын. Сол үшін де жарнама бағасын жоғары қоямын. Негізінен отбасына ауадай қажет, көмек бере алатын заттарды жарнамалаймын. Мысалы, балалар киімі, gps сағаттар, видео-няня және т.б.

– Youtube желісінде канал жүргізіп ақша табу ойыңызда бар ма?

– Иә, бар. Әзірге сол мәселені «Аминка-Витаминканың» мамасымен талқылап жатырмыз. Балаларымның өскенін күтіп жүрмін, олар әзірге түсінбейді. Келешекте сондай канал ашып, сол арқылы табыс табу деген жоспарымызда бар.

– Отбасылық тренингтер жүргізуге қалай қарайсыз? Ондай ұсыныстар түсті ма негізі?

– Көбінесе жас аналар өтініш білідіреді. Біз күйеулерімізді жібереміз деп те айтады. Бірақ мен тренинг өткізуге келіспеймін. Өзіне пайдалы ақпаратты кез келген адам менің парақшамнан да ала алады, дайректке келген сұрақтарға жауап беремін, тікелей эфир жүргіземін, сол жерде қойылып жатқан сауалдарға жауап беруге тырысамын.

– Әлеуметтік желідегі танымалдылық өміріңізді өзгертті ма?

– Әрине. Мекеме, ұйымдар әрдайым іс-шараларға шақырып тұрады. «Монстрлар демалысы 3» мультфильмінің алдын ала көрсетілімінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қасында отырдық. Оның өзі біз үшін үлкен мәртебе. Басқа да мейрамханалардың ашылуына шақырту келіп тұрады.

– Бұл танымалдылықты өзіңіз сезіне бастадыңыз ба?

– Сыртта көп адамдар мені танып жатса да, қасыма келуге ұялады екен. Кейіннен «ұялдық, сырттан қарап кеттік» деп жазады. Шымкентке тойға барғанда халық танып, фотоға түсуге ұсыныс білдірді.

– Болашақта атақты болуға дайынсыз ба?

– Иә, мен өзі негізі телеарналарда түсірілімдерге қатысқанды, сұхбат бергенді ұнатамын. Жас кезімнен тез тіл тапқыш болдым, сондықтан ба, қазірде адамдармен араласып кету, ортаға сіңіп кету мен үшін оңай.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Жазылушылар санын көбейту, Youtube желісінде канал ашу, ары қарай блогымды жалғастыру.

– Сіздің блогтарыңыз қоғамдағы отбасылық мәселелерді шешуге үлес қосып жатыр ма?

– Қоса алады деп ойлаймын. Факторлар бар. Бірінші бастаған кезде жаман пікірлер көп болды. Екі ай өте олар азая бастады. Қазір мүлде жоқ десем болады. Статискаға сүйенсек, алғашқыда жазылушылар қатарында әйел адамдар көп болатын, енді ер адамдар саны көбейіп келеді. Бүгінгі таңда олар жиырма пайызды құрайды. Соңғы кезде: «блогтарыңыз ұнайды», «сіз сияқты менде ойланып көрдім», «менде де екі бала бар, солар үшін жасадым», «үйленсем сіз сияқты боламын», «сізге қарап отбасыма көп көңіл бөлетін болдым», – деген сияқты смстер ер адамдардан көптеп келе бастады. Тіпті екіге кеткен ерлі-зайыптыларды табыстырған кезім де болды. Көп еркектер негізі сылтау іздейді, шынына келсек менің қолымнан келген нәрсе басқа да азаматтардың қолынан келеді. Тіпті барлық еркектер мені тыңдамаса да, солардың ішінде бірнешеуі құлақ асса – ол мен үшін үлкен жетістік. Қаншама отбасын құтқарып қалсам деймін. Сондықтан, менің блогымның пайдасы бар деп ойлаймын. Ең басты мәселе – жұптарды ажырастырмаудың жолдарын іздеу, әйелді құрметтеуге, ұрмауға үгіттеу.

– Сөз соңына қарай, оқырмандарыңызға отбасылық құндылықтарды сақтау тақырыбында не айтар едіңіз?

– Мен бұл жерде мәселенің бәрі тек еркектерде деп айта алмаймын. Ең бірінші жақсы отбасы болу үшін екі жақтан да баланс болу керек. Бір бірін түсіне білу керек, ақ пен қараны ажыратып, туған-туғыстардлы сыйлау керек. Бұл жерде енелердің де атқарар рөлі үлкен. Ата-аналар да барлығына түсініспеушілікпен қараған дұрыс деп ойлаймын. Ең бастысы ажырасуға апаратын мәселерді шеше білу қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет, сізге шығармашылық табыс тілейміз.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау