Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда екінші жыл қатарынан 24-ақпанда үшемдер дүниеге келген

Павлодар қаласында ақпан айында екі үшем дүниеге келді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

20170301124240

Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айман Оспанованың айтуынша, екі ана да табиғи жолмен жүкті болған. Бірінші үшемнің анасы Павлодарда тұрады. Олардың бір баласы бар. Енді бірден төрт баланың ата-анасы атанып отыр.

Ана кесер тілігін жасату арқылы босанған. Балалардың барлығы – екі ұл, бір қыз 1700 грамм салмақты көрсеткен. Олар әлі перинаталды орталықта айға жуық уақыт болмақ. “Нұр Отан” партиясының өкілдері бұл отбасыға балалар қоларбасын тарту етті.

Ал екінші үшемді өмірге әкелген ана Мичурин ауылының 36 жастағы тұрғыны. Ол бір ұл мен екі қызды өмірге алып келген. Бұған дейін төрт балалы болған. Айман Оспанованың айтуынша, анасы жұмыс істемейді, ал отағасы ағаш шебері болып еңбек етеді. Бұл отбасыға да материалдық көмек артық болмасы анық. Павлодар аудандық әкімдігі демеуші көмегімен балалардың бірінің балабақшадағы орыны үшін қаражат төлеп бермек. Ал аудан тұрғындары болса жеті баласы бар бұл отбасы үшін ақша жинап жатыр. Қазіргі таңда 40 000 теңгеге жуық қаражат ауылдық округ әкімдігіне жеткізілген.

Бір қызығы, осыдан тура бір жыл бұрын 24-ақпанда да Павлодарда үшем дүниеге келген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы жылы перинаталды орталықта 800 бала туған. 17 ана егіз баланы дүниеге әкелсе, екеуі үшемнің анасы атанды.

Талқылау