Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев қолындағы қымбат сағатын соғыс ардагеріне шешіп берді

Қазақстан халық ассамблеясының атынан Мәжіліс сайлауына түскен кандидаттар түгел сыннан сүрінбей өтті. Астанада аймақтардан жиналған этномәдени бірлестіктердің өкілдері 9 үміткерді бірауыздан қолдады. Енді жеңіске жеткен азаматтар Парламентте диаспоралардың мәселесін күйттемек. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

Безымянный

Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайына көбіне диаспора өкілдері мерекелік жиындарда жиі бас қосады. Қазақстан халық ассамблеясының сайлауы да мейрамнан еш кем емес. Ұлттық киім киген түрлі қауымдастық мүшелері тура мерекелік шараға келгендей.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халық ассамблеясының төрағасы ретінде дауыс берді. Кейін шетелдік бақылаушылардың әрқайсына жеке-жеке алғыс білдірген Елбасы, ассамблея мүшелерімен құшақтасып қауышты. Президент бүгін өте көңілді. Нұрсұлтан Назарбаев тіпті 92 жастағы Ұлы отан соғысы ардагеріне қолындағы сағатын шешіп беріп, сыйға тартты.

“Қазақстан халық ассамблеясының мүшелеріне мың алғыс! 20 жыл тыныштық, 20 жыл бейбітшілікті сақтап отырмыз. Ассамблея жүз этностың атынан өздерінің қызығушылығын қорғайтын тоғыз депутатты таңдады. Еш уайымдамаңыздар. Біз сіздермен бірге Қазақстанды жайлы, ортақ үйге айналдырамыз”, – деді президент.

Ал, саяси додада бақ сынап жатқан кандидаттар ерекше қобалжып жүр. 9 кандидаттың бірі – Ішкі істер министрінің төтенше жағдайлар бойынша орынбасары Владимир Божконың үйінде екі адам бірдей депутаттықтан үміткер екен. Облыстық мәслихатқа сайлауға түскен ұлы кеше жоғары дауыс жинапты. Енді Бажко «баламның жолын берсін» деп отыр.

“Мен үшін үлкен емтихан, қатты қобалжып тұрмын. Әйелім немерелерімді қарап, үйде қалды. Менің тілеуімді тілеп отыр”, – деген еді Божко.

Таңғы 7-де басталған ассамблея сайлауының қорытындысы түстен кейін дайын болды. Тоғыз кандидаттың ішінде ең көп дауыс жиған Божко екен. Ішкі істер вице-министрін 349 адам, корей ұлты қауымдастығының төрағасы, экс-депутат Роман Кимге 346 азамат дауыс берсе, Сауытбек Әбдірахмановты 345-і қолдаған. Ал, дауыс берген ассамблея мүшелерінің су жаңа депуттардан үміті мол.

“Жаңа депутаттар Қазақстандағы осы тұрақтылықты, достық пен бейбітшілікті сақтап, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне жағдай жасаса дейміз. Мемлекеттік тілді оқытатын мамандандырылған мектеп ашылса, бұл балаларымыздың болашағы үшін қажет”, – деді корей ұлты қауымдастығының төрағасы Елена Ким.

Ассамблея сайлауын да шетелдік бақылаушылар жіті қадағалап отырды. Сырттан келген мамандардың айтуынша, дауыс беру барысында заңбұзушылық болмаған.

Талқылау