Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық актер Қытайда өткен кинофестивальде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды

13-17 маусым аралығында Қытайдың Циндао қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) кинофестивалінде «Біздің қаланың ханзадасы» фильміндегі басты рөлді сомдаған қазақстандық актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстандық актер Қытайда өткен кинофестивальде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі жалғыздықтың күйін кешіп жүрген балалар үйінің 6 жасар тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығын баяндайды.

Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов («Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті»). Басты рөлдерді Ануар Толеугажы және Төлеубек Аралбай («Жаужүрек Мың Бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка және драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында өткен. Картинаның тұсаукесері 2017 жылы 1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында өткен болатын. Ал қазан айында еліміздің кинотеатрларынан көрсетілген. Сонымен қатар, аталмыш кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді.

«Біздің қаланың ханзадасы» фильмі Бибол есімді ерекше бала мен музыкант Қасымхан есімді қария туралы. Фильмнің негізгі желісі – бала мен қарттың кездейсоқ кездесуі болып табылады. Бұл фильмдегі драматизм бір-біріне мүлде бөтен бас кейіпкерлердің соңында етене жақын болып кетулері. Фильм – адамның адамгершілік қасиеттерінің арқасында ғана шын бақытқа жетуге болатынын көрсетеді.

Айта кетсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 23 кинолента қатысты, олардың арасында екі отандық картина көрсетілді. Жалпы кинофестиваль көрермендерінің назарына 60 картина ұсынды.

ШЫҰ аясындағы кинофестивальді ҚХР мемлекеттік кинематография басқармасы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйымдастырып отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау