Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дүйсенбіге қараған түні Ақтөбеде тағы бес экстремистің көзі жойылды

ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев Ұлттық гвардия әскери бөліміне және қару-жарақ дүкендеріне жасалған шабуылдарға қатысты қосымша ақпараттармен бөлісті.

9d92815d8e44e5faa974478cf7bfdf69

Сурет әлеуметтік желіден алынды

5 маусым күні сағат 14.28-де діни радикалды топ “Паллада” қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған. Дүкен сатушысы бірнеше жерден салынған пышақ жарақатынан сол жерде көз жұмған. Оқиға орынына жедел жеткен “Жедел Күзет” ЖШС екі қызметкерінің біреуі сол жерде радикалдардың оғынан қайтыс болса, біреуі жарақат алған. Жедел келген полиция мен шабуылдаушылар арасында атыс болып, үш полицей ауыр жараланады.

“Аталған дүкеннен шабуылдаушылар 17 қауіпті қаруды (3 ойықты мылтық, 14 тегіс ұңғылы қару), 3 газды тапанша, оқ пен пышақтарды алып кеткен”, – делінген хабарламада.

“Паллада” дүкеніне жасалған шабуылдан соң қарулы күдіктілер екі топқа бөлінген.

“Олардың 6 адамнан тұратын бір тобы полицейлерден тартып алған патрул көлігімен өзге “Пантера” қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған. Ол жерде екі адамға пышақ салып, біреуін жаралап, біреуін өлтірген. “Пантера” дүкеніне жеткен полиция қызметкерлері атыс кезінде үшеуін өлтіріп, біреуін жаралап және біреуін ұстаған. Ал өзге екі күдікті қашып кеткен. Олар кейінірек қала сыртында ұсталып, тұтқынға алынды.

“Күдіктілердің екінші тобы жолаушылар автобусын бастап алып, қоғамдық көлікпен 6655 әскери бөліміне басып кіріп, әскери қызметкерлерге оқ жаудырады. Алайда бұл жерде белсенді қарсылыққа тап болған діни радикалдардың бірқатары қолға түссе, біразы із суытып үлгерген. Ұлттық гвардия қатарында қызмет ететін 3 әскери қайтыс болса, алтауы жараланған”, – деді Сәдубаев.

Іздеу шараларын жүргізген полицейлер “Паллада” дүкені жанынан қылмысқа қатысы бар 5 күдікті ұсталып, бөлімшеге жеткізілген. Түнгі шаралар барысында да тағы 5-еуі ұсталған. Олардан үлкен көлемдегі қару-жарақ тәркіленген.

“Қылмыс жасаған күдіктілердің түр-тұлғалары анықталды. Енді із суытқандарды табу шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласына террорға қарсы операция режимі енгізілді. Мемлекеттің ішкі істер органдарының жеке құрамының сапы күшейтілді. Дәл қазіргі кезде қаладағы жағдай тұрақты, кәсіпорындар мен қоғамдық көліктер әдеттегі режимде жұмыс істеуде”, – деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі.

Бұған дейін бірқатар саяси сарапшылар аталған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қала әкімі Бердібек Сапарбаев халықты сабыр сақтауға шақырған болатын.

Талқылау