Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыр дерттен көз жұмған әйелдің арқасында көкшетаулық сәби аман қалды (фото)

Тамыз айының соңында ауыр дертке шалдыққан бір жарым жасар Аллан Толстун дертінен айығу мүмкіндігіне ие болды. Наталья Шиляева есімді әйел аурудан айықпасын білген соң, туыстары ем үшін жинап берген ақшаны Алланға тапсыруды ұйғарған, – деп хабарлайды BNews.kz.

Сурет: bnews.kz

Наталья Шиляеваның қыздары ауыр дертке шалдыққан сәбиге келіп, Алланның анасына емге қажет ақшаны тапсырған. Анасы сәбиімен бірге 27 тамыз күні Мәскеуге аттанған. Қазіргі уақытта Аллан Мәскеуден оралды. Сәбидің қазіргі жағдайы туралы анасы Раушан Тұранова айтып берді.

Раушан – Алланның анасы. Оның баласының бойынан Штург-Вебер синдромы анықталған. Біз үшін түсініксіз термин артында ауыр дерттің зардабы жатыр. Дерт салдарынан сәбидің миы зақымданған екен.

Анасы Алланды өз уақытында босанған. Алғашқыда баланың ата-анасы оның денсаулығында кінәрат жоқ екеніне сенімді болған. Сәбидің бетінің сол жағындағы қал үшін ата-анасы уайымдамаған. Үш айға дейін сәбидің денсаулығында бәрі дұрыс болған. Ол алғашқы екпесін де алыпты. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін аурудың алғашқы белгілері байқала бастаған.

«Біз ауруханада инфекция бөлімінде жатқанбыз. Бала дірілдеп, құсумен болды. Анықталғандай, бұл улану емес, Штург-Вебер синдромы салдарынан болып шықты. Алғашқыда бізге қояншық диагнозы қойылды. Бірақ толыққанды тексерістен өткеннен кейін, баламның денсаулығына туа бітті кінәрат бар екені анықталды. Оның бетінің тамырлары ісіп, миының сол жақ жарты шары зақымданған екен. Көкшетау, Астана, Алматыда емделдік. Баламның ұстамасы ұстағанда, талып қалатын. Бір апта жан сақтау бөлімінде жаттық. Мұнан кейін денесінің сол жағы салданды. Ол көзінің көруіне де әсер етті. Ауа райындағы сәл өзгерістің өзі дерттің қозуына алып келетін», – дейді Раушан.

Дәрігерлер тырысқаққа қарсы «Депакин», «Кеппра» дәрілерін тағайындаған.

«Баламның ұстамасы біраз уақытқа басылып қалды. Оған қатты қуандық. Осы уақыт ішінде балам аздап сөйлеп, қозғала бастады. Бірақ артынша қайтадан ұстамасы пайда болды. Әрине, сауықтыру туралы сөз болуы мүмкін де емес еді. Қолымыздан келгені – ұстамасын уақытша басу ғана. Астаналық нейрохирургтердің сөзінше, миының сау бөлігін аман сақтап қалу үшін, ота жасату қажет. Миына ота жасатудан қорықтым. Бірақ дәрігелер уақыт соза берсек, баламның жағдайы нашарлай беретінін айтты», – деп еске алады әйел.

Алланның анасы түрлі клиникалар туралы ақпарат іздестіре бастаған.

«Мәскеуден мықты мамандар жұмыс істейтін бірнеше клиника таптық. Бірақ баламды қарату үшін 600-800 мың теңге аралығында ақша, оған қоса ұшу және Мәскеуде тұрақтау үшін 1 миллион 200 мың теңге қажет болды. Осы кезде ерекше балалардың аналары «Мейірімділік жаса, Көкшетау» тобының әкімшісі Айниса Әбжановаға хабарласуға кеңес берді. Біз инстаграм желісінен «Алланға жәрдем беріңіздер» деген атаумен парақша аштық. Айниса мен ондағы еріктілер демеушілер табуға көмектесті. «РИО» сауда орталығында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, 70 мың теңге жинап берді. Үлкен ұлымның сыыптастарының ата-аналары да ақша жинауға көмектесті. Ббарлығы қолынан келгенше көмек беріп жатты. Біраз уақыттан соң Айниса хабарласып, Женя Шиляева туралы айтты. Ол Алланға көмектескісі келеді екен. Евгения қолымызға 700 мың теңге ұстатып, Алланмен танысты. Өзінің басынадағы қиындық, яғни анасының ауыр дертке шалдыққаны туралы айтып берді», – дейді Раушан.

Раушан күйеуімен бірге бірден Мәскеуге билет сатып алған. Мұнан кейін Аллан анасымен бірге Мәскеуге аттаныпты.

«Ерекше балалардың ата-аналары, фейсбук желісіндегі достарымыз (ТМД елдерінен) 200 мың теңге шамасында ақша жинап берді. Жианлаған ақша барлығына жетті. Аналардың бірі Мәскеуден пәтер ұсынып, ол жерде үш апта тегін тұрдық. Бұл материалдық және рухани тұрғыда тамаша қолдау болды», – деп еске алады Алланның анасы.

Мәскеуде Алланға ем тағайындалып, сәбидің жағдайы жақсара бастаған.

«Бізге «Депакиннің» орнына «Трилептал» дәрісін берді. Нәтижесі бірден байқалды. Баламның дамуына да әсер етті. Ол айналасындағы заттарға қызығушылық таныта бастады. Аяққа тұрып, тіпті, далаға шыққысы келетін. «Әке», «ана» деген сөздерді айтады. Ақпан айында екі жасқа толамыз. Әрине, біреулер үшін бұл қалыпты жағдай болып көрінер. Бірақ біз үшін – ғажайып жағдай. Десе де сал ауруының салдарынан аяғы сыртқа қарай қайырылып тұрады. Әрине, әлі де қаншама емделуіміз керек. Ендігі жағдайы оңала бастайды деп сенемін. Айнисаға, еріктілер тобына, көмек қолын созған барша адамға алғысым шексіз. Женя Шиляева мен оның туыстарына алғыс айтып, басымды иемін», – дейді Раушан.

Ал Алланның жағдайы оңалып келе жатқаны үшін Айниса Әбжанованың қуанышында шек жоқ. Ол мемлекет тұрғындары біріксе, көп баланың өмірін аман алып қалуға болатынына сенімді.

«Менің қуанышымда шек жоқ. Тіпті кей түндері ұйықтай алмаймын. Егер біз біріксек, көптеген баланы құтқара алатынымызға сенемін. Біреудің қайғысын елеусіз қалдырмай, бір-бірімізді қолдауымыз керек.

Қолыңдағы баланың аман қалғанын түсінгенде бойыңды кернейтін сезімді сөзбен айтып жеткізгісіз. Әр адам көмек көрсете алады. Тіпті ақшасы болмаса да. Кәдімгі сурет, тоқылған заттар, пісірілген бауырсақтарды қайырымдылық жәрмеңкесінде сатуға болады. Көмектесуге ниетті адам амалын табады», – дейді Айниса.

Мәскеулік дәрігерлер тағайындаған дәрілер дерттен құлан-таза айықтыра ала ма? Ол шамамен 4 айдан кейін анық болады. Мәскеулік дәрігерлердің сөзінше, егер сәбидің денсаулығында оң өзгеріс болмаса, басқа дәрілер, майларға негізделген емдәм белгіленуі мүмкін екен. Ал дәрі-дәрмек көмектесе алмаса, ота мәселесі жөнінде консилиум өтетін болады. Десе де Раушан баласының жағдайы жақсарып, хирургтердің араласуынсыз оңалатынына сенеді. Оның айтуынша, адамның ойлағаны орындалады.

«Алғашқыда баламның неліктен бұлай қиналатынын ойлап, өзімді жегідей жедім. Кейіннен түсіндім. Ата-аналар өзгеше ойлап, қарапайым заттарды бағалай білуі үшін, ерекше балалар дүниеге келеді екен. Әрбір ана баласының бақытты өмір сүргенін қалайды», – дейді Раушан.

Раушан мен басқа да ерекше балалардың ата аналары Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламаларды күшейту керек екеніне сенімді. Белгіленген дәрі-дәрмектердің біразы Алланға тегін берілген екен. Мысалы, «Депакин» дәрісі. Алайда кейде қажетті дәрілер таусылып қалатын көрінеді.

Бүгінде біз рухани жаңғыру, адамгершілікті ұмытпау жөніндегі мәселені жиі қозғаудамыз. Алланның тағдырына бей-жай қарамай, көмек қолын созған жандардың әрекетінің өзі рухани дамуымыздың дәлелі. Өз кезегінде ол да біздің бәсекеге қабілеттілігімізден туындайды. Ал «ұлтың табысқа қол жеткізуі ондағы әр азаматтың бәсекеге қабілеттілігіне байланысты».

Оқи отырыңыз:

Ғалымдар шизофренияны емдеудің тың әдісін тапты

Маңғыстау-Атырау пойызының бригадирі толғағы қысқан жолаушыны вагонда босандырды

Асхат Садырбай: Мәйіт шығатын үй ас бермеуі керек

Назарбаев: Адам денсаулығының 10-15 пайызы ғана медицинаға тәуелді

Талқылау