"Ит-мысықтарға қарағанда олардың иелерімен жұмыс істеген қиынырақ": Қандай жағдайда үй жануарларына психологиялық көмек қажет?
Сіз үй жануарлары да күйзеліске түсуі мүмкін екенін білесіз бе? Осы кезде көмекке жануарлар психологы келеді. Зоопсихолог - жануарлардың жүріс-тұрысын зерттеп, психикалық тұрғыдан реттейтін маман. Stan.kz тілшісі тәжірибелі зоопсихологпен Ольга Трескинамен тілдесіп, аталмыш мамандық жайлы сұрастырып білген еді.
Бір проблема екі түрлі үй жануарында кезікпейді
Мен өзімді кинолог және фелинологпын деп айта аламын (кинология - иттер жайлы, фелинология мысықтар жайлы зоология ілімінің бағыттары - ред. түсіндірмесі). Тәжірибелі кинологпын, ал фелинологияны кейіннен үйрендім. Негізінен, бұл салаға келуім мен үшін қиынға соқпады, өйткені менің 16 жыл бойы баққан мысығым бар болатын.
Үй жануарларының психологиясы мүлдем басқа. Мәселен, иттер топтасып, мысықтар прайдта өмір сүреді. Яғни, мысықтарды тұқым беретін ұрғашысы басқарса, ал иттерде еркегі басшылыққа ие. Тек иттер ылыққан кезде ғана ұрғашысы беделді болады. Сондықтан да олардың жүріс-тұрысы да, проблемалары әртүрлі.
Үй жануарларының иелері тап болатын жағдайлар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Көп жағдайда олар мысық немесе ит асырауға мүлдем дайын болмайды. Атап өтерлік жайт, бір проблема екі түрлі жануарларда қайта қайталанбайды. Тек кейбір кезде ғана егер екі адам бір иттен немесе мысықтан туған жануарларды баққан кезде қайталануы мүмкін. Оның өзінде тек физиологиялық тұрғыдан, яғни денсаулығы жағынан ұқсас аурулар байқалады.
Мысықтар иттерге қарағанда сезімтал болады деп айтсам қателеспеймін. Мәселен, мысықты ветеринариялық емханаға алып келгенде байқасаңыз, олар өте ызаланғыш немесе тіптен қорқақ болады. Жалпы адамдар да ауруханаға келгенде қорқады ғой, сол секілді жануарлардың бойын да үрей билейді.
Иелері айтатын жағдайлардың көп бөлігі жануардың денсаулығымен тікелей байланысты. Егер иттің немесе мысықтың жүрісінде өзгерістер байқалса, бұл оның бір жері ауырады дегенді білдіреді. Үй жануарлары адамдар шалдығатын барлық аурумен ауырады.
Ит-мысықтардан гөрі олардың иелерімен жұмыс істеген қиынырақ
Зоопсихолог ретінде маған бірінші кезекте үй жануарларына қарағанда, олардың иелерімен жұмыс жасаған қиынырақ (күлді - ред.). Жануарлардың қылығын танып-білу оңай, алайда олардың иелері көп жағдайда менің айтқанымды түсінбейді немесе түсінгілері келмейді. Егер сіз көптен бері ит-мысық бағатын болсаңыз, сіздің оларды түсінуіңіз де қиынға соқпайды. Зоопсихологтың жұмысы психологтың жұмысымен іспеттес. Мысалы, адамдар арасындағы шиеленістер де бірден шықпайды ғой, уақыт өте келе ерлі-зайыптылар бірін-бірі жақын таныған сайын түсінбеушілік пайда болуы мүмкін. Сол секілді жануарлар мен олардың иелерінің арасындағы қиындықтар біраз уақыттан кейін шыға бастайды, мүмкін үш жыл, мүмкін бес жыл, ол жағы белгісіз. Жануарлар адамдарға қиналып жүргенін түсіндіргісі келеді, адамдар кейде оны ұқпайды.
Мәселен, мынандай қызық жағдай болды. Бір күні маған бір кісі келіп, үйінде бағатын итінің дәретке отырғанда арнайы орынға емес, басқа жаққа отырып қоятынын айтты. Сөзінше, ол итімен далаға көп шыға бермейді екен, өйткені итін қыдыртуға иесінің уақыты жоқ. Көріп тұрғаныңыздай, мәселенің мән-жайын шешу үшін алысқа да барудың қажеті шамалы. Ал егер итті үйге баққыңыз келсе, оны кем дегенде күніне үш-төрт рет сыртқа шығарып тұрған жөн. Далаға дәрет сындыратын итті үйдегі арнайы орынға отырғызып үйрету өте қиын. Бұл жағынан иттер мысықтарға ұқсамайды ғой, үйге дәретке отыратын иттің психологиясы да бұзылады. Негізсіз ұлып, өте ызақор болып кетуі де ғажап емес.
Тағы бір қызық жайт туралы айтып берейін. Бірде маған 1 жыл 9 айлық алабай иттің иесі хабарласты. Айтуынша, ол итті үймен бірге сатып алған. Үй иесі итіне тамақ беретін кезде алабайдың ырылдайтынын жеткізді. Яғни, ит өзінің иесіне бағынғысы келмейді. Мені итті қарап беремін деп, өз үйіме шақыртқан едім. Сонда қызық жайт орын алды. Әлгі алабай қолымды қауып алды. Ал иесі иттің байлауын тастап қашып кетті. Өйткені ол өз итінен қорқады екен. Сөйтіп жұмысымда бірінші рет мені ит тістеп алған жайы бар.
Көп адам зоопсихологтың жұмысын бағаламайды
Зоопсихологтың негізгі жұмысы - үй жануарларының иелеріне бір жағдай орын алса, не істеу керек екенін түсіндіру. Яғни, түзету жұмыстары ит-мысықтардың өзімен емес, олардың иелерімен жүргізіледі. Проблеманың туындау себебін анықтап, оны қалай шешу керектігін жануардың қожайынына жеткізу керек. Тек қана иттерге немесе тек қана мысықтарға арналған, алдын ала дайындалып қойылған ережелер болмайды. Әр иттің, әр мысықтың жағдайы әр бөлек.
Мысықтардың бір ерекшілігі олар бір-бірімен ойша немесе телепатиялық жолмен сөйлеседі. Бұған қоса, мысықтар күйзеліске түсуге бейім келеді. Мысалы, олар жаңа үйге көшкенді өте ауыр қабылдайды. Тіпті, олар бірнеше айға созылатын күйзеліске түсуі мүмкін. Мысықтар жаңа үйге, жаңа ортаға келген кезде міндетті түрде ол жерде өзінің "ізін" қалдырып, шекарасын бекітеді.
Көп адамдар зоопсихологтың жұмысын елемейді, маңызды деп санамайды. Мысалы, иттің бойында ауытқушылық байқалса, кинологтарға немесе итті жаттықтырушыға барады. Олар көп жағдайда, итті қалай болса да өз дегендеріне көндіреді. Бұл тұрғыда зоопсихологтардың маңыздылығы жоғары. Біреулер махаббатпен, біреулер таяқпен жұмыс істейді дегендей.
Бірде маған бір әйел хабарласты. Иті кейінгі кезде біртүрлі қылықтар танытып жүр екен. Ветеринарға барса, ол кинологқа жол сілтеген. Сондағы кинолог итті еден сүртетін шүберекпен сабап тастаңыз деп айтыпты. Болмаса, қараңғы бөлмеге қамап қойыңыз деген. Жануарлар не үшін ұрып, не үшін бұлай жасап жатқаныңызды түсінбейді. Мұндай әрекетіңіз нәтиже бермейді.
Тағы бір айта кетерлігі, жер үйде ит бағатындар тағы бір маңызды жайтты естен шығарады. Біреулер итті үйдің ауласында босатып қойсам жеткілікті деп ойлайды, бірақ ол олай емес. Иттер үшін тек жүгіріп жүргеннен гөрі, жаңа аймақты танып-білу де маңызды. Тіпті, жер үйде тұрсаңыз да итіңізді сыртқа шығарып, қыдыртып тұру қажет. Үйдің ауласынан шықпайтын ит бір жерден жалыға бастайды. Осы тұрғыда иттер үшін екі маңызды дүние - рацион мен моционды - естен шығармаған жөн. Моцион деп иттің жаңа жерді танып білуін айтамыз.
Менің алты итім бар: олардың екеуі - чихуахуа, үшеуі - мопс және біреуі сыртта байланып тұратын үлкен төбет. Біздің үйміздің аймағы өте кең болса да, мен олардың алтауын да көшеге шығарып, қыдыртып тұрамын. Сонымен қатар, мен олардың ешқайсысын байлауда ұстамаймын.
Бір күні маған бір кісі қоңырау шалып, ең бірінші айтқан сөзі: "менің итім - қанішер" деді. Менің сасып қалғаным сонша, тіпті оған не дерімді білмей қалдым. Кейіннен анықталғандай, оның иті 9 айлық стаффорд екен. Әлгі азаматтың айтуынша, өзі тұратын ауданда төбеттің төбелеспеген иті қалмапты. Үлкен-кішісіне қарамай бәріне бас салатын көрінеді. Қазір енді адамға шаба бастапты. Сөйтсем, айтқандай ит соншалықты қорқынышты емес екен, керісінше, өте мейірімді, өте ұшқалақ төбет болып шықты. Мен бірте-бірте басқа да иттерді ойынымызға қоса бастадым. Иттің иесі айтқандай агрессия байқалмады. Түптеп келгенде, әлгі иесі итін дұрыс серуенге шығармайтын болып шықты. Ит іші пысқандықтан осылай жасайды екен. Ең қызығы, айтып отырған төбетіміз өзін үй иесінен кейінгі орынға қойып, оның әйелін жақтырта бермейді екен. Бұл да дұрыс емес қарым-қатынастың бір көрінісі.
"Ит иесіне тартады"
Негізі маған тіпті Германиядан да хабарласқандар болды. Әрине, Еуропа мемлекеттерінде жануарларға өзгеше қарайды. Кейбір мейрамханаларға итіңмен кіруге болады, оларға тіпті бөлек ас мәзірі де жасалып қойылады. Бұл жағынан, әрине, керемет. Десек те, жануарларға жауапкершілік дегенде мемлекеттің басқа мемлекеттен айырмашылығы жоқ. Барлығы да әр адамның өзіне байланысты. Біреулер үй жануарларын жақсы көруі мүмкін, біреулер керісінше. Ресейдің өзінде азаматтары зоопсихологтың жұмысына ден қояды. Маманды таңдауға мұқияттылықпен қарайды. Зоопсихолог - тіс дәрігері секілді маман. Яғни, егер сіз тісіңіз ауырса, бір жақсы маманға барып емделесіз ғой.
Бекер айтпайды ғой, "ит иесіне тартады" деп, көп жағдайды үй жануарларының қылықтары қожайынының мінезінен айнымайды. Ал егер үй жануары мен иесінің мінездері екі түрлі болса, міне осы кезде зоопсихолог көмекке келеді. Бұл жағдайда біз иесімен де, ит-мысықпен де жұмыс жасаймыз. Жануарға ешнәрсе түсіндірудің қажеті жоқ, түсіндіру жұмыстарын оның иесімен жүргізу керек.
Үй жануары үшін ең бастысы - қожайынының махаббаты
Ең бастысы, өзіңіздің итіңізді немесе мысығыңызды жақсы көруіңіз керек. Үй жануарларының қылығына тамақтың сапасы да, ұйықтайтын жерінің ыңғайсыздығы да, немесе басқа да сыртқы факторлар көп әсер ете бермейді. Бірінші кезекте әр адам өзі бағатын үй жануарына мейірімділікпен қарауы керек.
Кейбір адамдар ит я болмаса мысықты аларын алып, оған дұрыс қарамай, дұрыс бақпай кетеді. Өкінішке орай, ондай да жағдайлар да кездеседі.
Қазір көп адамдар хаскилерге қызығып үйлерінде, пәтерлерінде бағады. Алайда мұндай тұқымды ит көп жүгіруге бейімделген. Олар қапаста қамалып отыра алмайды. Сондықтан да хаски баққыңыз келсе, мұқият ойланыңыз.
Әр үй жануарының өз ерекшелігі бар. Сол себепті ит бағуға да, мысық бағуға да байыппен келген жөн.
Сұхбаттасқан Дидар Халық

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
