"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
Фото: Лаураның жеке архивінен
Таяуда Лаура есімді азаматша Алматыдағы қонақүйде тұру кезінде ауыр жағдайға тап болды. Ол Эстониядан Жапония мен Кореяға сапар шегу мақсатында Алматыға келіп, ұшуға дейін бір түнге бөлме жалдаған. Қонақүйдегі душ кабинасының әйнек есігі үстіне құлап, ауыр жарақат алған. Денесінің бірнеше жері тілініп, сол қолына тігіс салынған. Ал қонақүй тарапынан ешқандай кешірім де, байланыс та болмаған. Керісінше, мекеме өкілдері жәбірленушінің атына жалған ақпарат таратып, оны мас күйде болған деп айыптауға тырысқан. Лаура Stan.kz тілшісіне оқиғанын қалай болғанын және әлі күнге дейін құқығын қорғай алмай жатқанын айтып берді.
“Аяғым, қолым, кеуде тұсым, маңдайым кесілді”
Лаура Рамазан айында сакураның гүлденуіне орай Оңтүстік Корея мен Жапонияға баруды жоспарлаған. Ұшақ тек Алматыдан ұшатын болғандықтан Эстониядан сапарын бастамас бұрын бір күн ерте келуге тура кеуіне тура келген. Сондықтан жолға шығардан бір күн бұрын, сүйіктісінен қаладағы қонақүйден бір түнге арзан бөлме брондап беруді өтінген.
"Сағат 17:00 шамасында Аpart_hotel_almaty қонақүйіне келіп орналастым. Сағат 20:30-да әуежайда болуым керек еді, ал Алматыдағы көлік кептелісін ескеріп, ертерек шығуға дайындалып жатқанмын. Қонақүйге келген соң шомылып алайын деп душқа кірдім. Алайда күтпеген жерден душ кабинасының әйнек есігі үстіме құлап түсті. Сол сәтте денемнің бірнеше жері жарақаттанып, қанға боялды. Аяғым, қолым, кеуде тұсым, маңдайым кесіліп, қатты шошып қалдым. Қатты шок жағдайында есікті ашып, сыртқа шығып, көмек сұрап айқайлай бастадым. Қонақүй әкімшісі жүгіріп келіп, менің жағдайымды көргенде өзі де есеңгіреп қалды, кейін жедел жәрдем шақыруға кетті", – деді Лаура.
Лаура бірнеше рет дәрі қобдишасын сұрағанымен, қонақүйде қарапайым медициналық қобдиша да болмаған. Әкімші Лаураға тек жартылай бос сутегі тотығын (перекись водорода) ғана тауып бере алған.
"Кейін шок жағдайынан шыққан соң әуежайға үлгермейтінімді түсіндім де, әкімшіден қасымдағы бос нөмірді ашып беруін сұрадым. Сол бөлмеде қан ағып тоқтаған жерлерімді жуып, сол қолымды монша сүлгісімен орап тастадым, өйткені қан тоқтамады. Жинаулы тұрған заттарымды алдым да, жедел жәрдем келгенше күтіп отырдым. Жедел жәрдем келіп, мені көлікпен алып кетті. Чемодандарыммен бірге сол жерден кетіп қалдым. Сол сәттен бастап қазірге дейін, маған қонақүй тарапынан бірде-бір адам хабарласпады. Тірі жүрсің бе, өлдің бе, амансың ба деп ешкім ешнәрсе сұрамады. Маған жарақат пунктінде сол қолыма төрт тігіс салды. Оң қолым, аяқтарым, кеуде тұсым, маңдайым бәріне йод жағып, таңып берді. Сосын ауырсынуға қарсы және құтыруға қарсы дәрі де екті. Бұдан бөлек қан арқылы жұғатын ауруларға қарсы көкжөтелге қарсы вакцина салды. Осыдан кейін дәріханаға кіріп, маған тағайындалған антибиотиктерді сатып алдым да, такси шақырып, бірден әуежайға кетіп қалдым", – деді жәбірленуші.
Фото: Лаураның жеке архивінен
Лаура қонақүйге қайтып бармағанын және Астанаға оралған соң қонақүйге сотқа дейінгі шағым хат жазғанын айтты. Онда болған жағдайды толық баяндап, моральдық өтемақы төлеуді талап еткен. Бұл хатты 8 сәуірде жолдаса да осы күнге дейін оған ешкім жауап бермеген.
"Хатты қонақүйдің барлық электронды поштасына, барлық филиалының WhatsApp нөмірлеріне жібердім. Тіпті сенбейтін шығарсыздар қонақүй иесінің ұлы Лигранның жеке ЖСН, әрі оның анасының жеке нөмірін де тауып, соларға да "Сәлеметсіз бе, менімен байланысыңызшы, осындай жағдай болды" деп жаздым. Бірақ ешкім хабарласпады. Хатты поштамен де жібердім. Олар "сотқа дейінгі шағымды алған жоқпыз" деп жауап қайтарды. Алайда ешкім маған хабарласпады", – деді Лаура.
Лаура бұдан кейін заңгер іздей бастаған. Оның айтуынша, бұл мәселе бір күнде шешілетін іс емес екенін әрі арзан да емес екенін атап өтті.
"Сондықтан әлі лайықты заңгер іздеп жүрмін. Шынымды айтсам, шыдамым таусылды. Бір адам да маған хабарласып, тіпті жай ғана ауызша кешірім де сұраған жоқ. Сосын 2ГИС-ке, Threads-ке, Instagram-ға пікір жаза бастадым. Олар мені бұғаттап, пікір қалдырған барлық танысымды да блоктап тастады. Посттарының астына пікір жазуға да шектеу қойды. 2ГИС-те жазылған пікірлердің бәрін өшіріп тастаған. Бір ғажабы менің пікірім ғана қалыпты. Таныстарым басқа нөмірлерден қонақүйге қоңырау шалып, бөлме брондамақ болғандай қылып сөйлескенде, қонақүйдегілер "Бұл қыз бөлмеде болмауы керек еді", "ол мас болған" деп өсек таратқан. Тағы да, мен 2ГИС-ке, Инстаграмға пікір жазу үшін адамдарға ақша төлеп отыр екенмін деп, мен туралы жалған ақпарат айтып жүр", – деді жарақаттанып қалған ару.
Лаура, ең әуелі, бір жерден қонақүй брондаған жағдайда міндетті түрде өз атыңызға рәсімдеу қажет екенін жеткізді. Өйткені қыздың жігіті өз атына брондап, бірақ өзі тұрмайтынын айтқан.
"Олар броньды тек жігітімнің атына рәсімдеп қойған да, қазір соны сылтау етіп "Сен бұл бөлмеде болмауың керек еді" деп жауапкершіліктен жалтарып отыр. Бірақ тіпті солай болған күннің өзінде де, менің үстіме сапасыз, арзан душ кабинасы құлады. Бұл жерде адамның қауіпсіздігі жайлы сөз болып тұр. Кез келген кәсіпкер шағын, орта немесе ірі бизнес иесі болсын өз қателігін мойындай білуі керек. Егер олар сол сәтте-ақ "Кешіріңіз, бізден осындай жағдай болды, көмектесуге тырысамыз" дегенде, бәрі мүлде басқа сарынмен өрбитін еді", – деді Лаура.
“Тұтынушыға зиянды келтірген тұлға оны өтеуге міндетті”
Ал заңгер Фархад Курбазаров бұл мәселені шешуге болатынын айтты. Заңгердің сөзінше, жарақат алғаныңызды растайтын барлық медициналық құжаты жинау қажет (анықтамалар, дәрігерлердің қорытындылары, ауруханадан берілген қағаздар мен дене жарақаттарының фотосуреттері).
"Оқиға кезінде куәгерлер болса, олардың байланыс деректерін жазып алып, оқиғаны жазбаша сипаттап берулерін сұраңыз. Мән-жайды сипаттап, денсаулығыңыз бен мүлкіңізге келтірілген зиян үшін өтемақы талап еткен ресми жазбаша шағым жазыңыз. Сонымен қатар жауап қайтару мерзімін көрсетіңіз. Сіздің шағымыңыздың тіркелгеніне көз жеткізіңіз. Шағымның қабылданғанын растайтын көшірмесін сақтаңыз немесе оны пошта арқылы хабарлама жіберіліп, қол қойылған түрде жолдаңыз. Егер қонақүй сіздің шағымыңызға жауап бермесе, сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгініңіз. Мысалы, Алматы қаласында бұл Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті. Міндетті түрде оқиғаны растайтын дәлелдеріңізді тіркеңіз", – деді заңгер Фархад Курбазаров.
Заңгер әрбір "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 7-бабының 1-тармағына сәйкес (Тұтынушылардың құқықтары) тұтынушылардың келесідей құқығы бар екенін айтты.
- тауардың (жұмыстың, қызметтің) кемшіліктерінің салдарынан өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянның (шығынның) толық көлемде өтелуіне;
- моральдық зиянның орнын толтыруға;
- құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына құқылы.
"Қонақүйде болған оқиға салдарынан дене жарақатын алған жағдайда азамат "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңы мен Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес (Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықтың жалпы негiздерi) тұтынушының өмірі немесе денсаулығына келтірілген зиян оны келтірген тұлғаның есебінен өтелуге тиіс", – деді заңгер Фархад Курбазаров.
Алайда Аpart_hotel_almaty қонақүйі осы мәселеге қатысты пікір білдіруіден бас тартты.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
