Көршіңіз жөндеу жұмысын жасап, мазаңызды алса не істеу керек?
Коллаж: Stan.kz
Көпқабатты тұрғын үйде тұратындар жөндеуді жұмыс күндері таңғы 9.00-ден бастай алады. Бірақ шу деңгейі 55 децибелдан аспауы керек. Егер бұл ереже сақталмаса, тұрғын айыппұл төлейді. Stan.kz ақпарат агенттігі тұрғын үйді жөндеу тәртібі мен жауапкершілікті регламенттейтін негізгі нормативтік-құқықтық актілер туралы заңгерден сұрап, білді.
Жөндеу уақыты
Жөндеу жүргізуге рұқсат етілген және тыйым салынған уақыт Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы, 1-тармағы бойынша ("Тұрғын үй және оларға іргелес аумақта тыныштықты бұзу") реттеледі. Ол бойынша:
Дүйсенбі-жұма күндері – 22:00-ден 09:00-ге дейін;
Сенбі, Жексенбі және мереке күндері – 23:00-ден 10:00-ге дейін жөндеу жұмысын жасауға рұқсат етілмейді.
"Шуылы көп жөндеу жұмыстарын таңғы 09:00-ден кешкі 22:00-ге дейін, ал демалыс күндері 10:00-ден 23:00-ге дейін ғана жүргізуге болады. Жөндеу ұзақтығы туралы айтсақ, санитарлық нормаларға сәйкес, бір күнде шамамен 8 сағатқа дейін ғана шуылы көп жұмыстар жүргізіледі", – дейді заңгер Бақдәулет Құрманбаев.
Шу деңгейі
Шудың рұқсат етілген деңгейі:
Күндізгі уақытта (07:00–23:00) – шу деңгейі 55 акустикалық децибелден (дБА);
Түнгі уақытта (23:00–07:00) – шу деңгейі 45 дБА-дан аспауға тиіс.
Адамның қатты даңғырлап сөйлеуі, бақырып жылауы, көшедегі көліктердің дауысы, жөндеу кезіндегі дыбыстар, рок-концерт 55 децибел нормативінің шегінен асып кетеді. Бірақ шудың өлшемін арнайы құрылғысы бар өкілетті тұлға ғана есептей алады. Көршіңіз үстіңізден арыз жазса және олар айтқандай қатты шуламасаңыз, онда өкілетті тұлғадан шу деңгейін өлшеуін талап етуіңізге болады.
Айыппұл мөлшері
Аталған нормаларды бұзған жеке тұлғаларға бірінші бұзушылық үшін – 5 АЕК (19 660 теңге), қайталанған бұзушылық үшін 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады. Ал заңды тұлғаға (кәсіпкер) бірінші ретте 20 АЕК (78 640 теңге), қайталама бұзушылық үшін 150 АЕК (589 800 теңге) айыппұл салынады.
"Сонымен қатар шу деңгейі көрсетілген нормалардан асып кетсе (мысалы, күндізгі уақытта 55 дБА-дан жоғары болса), айыппұлдар 200 АЕК-ге (физ. тұлғаларға) және 2 000 АЕК-ге (заңды тұлғаларға) дейін арттырылады. Көпқабатты үйлерде ПИК немесе ТКШ-ның ішкі регламентінде нақты уақыт шектеулері мен ережелері қосымша бекітілуі мүмкін. Оларды бұзу тұрғындар арасындағы даулы жағдайларға және қосымша жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Сондықтан осы талаптарды сақтау көршілеріңізбен жақсы қарым-қатынасты сақтап, әкімшілік даулардан аулақ болуға көмектеседі", – деп түсіндірді заңгер Бақдәулет Құрманбаев.
Көршілер жөндеу жұмысы кезінде белгіленген норманы бұзса, не істеу керек?
Әуелі біз жоғарыда айтқан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы, 1-тармағына сай нормалардан хабарыңыз болсын. Себебі көршіңіз бәрін нормаға сай жасаса, полицияға шағым түсіре алмайсыз. Ал егер бұзушылықты анықтасаңыз әуелі көрші үйдің есігін қағып, тұрғындарға ескертіңіз. Ескерткеннен кейін де шу жалғасса, 102 нөміріне хабарласып, шағым жасай аласыз. Бұдан кейін қабылданған шағым бойынша патрульдік полиция келіп, тексереді, жағдайға құқықтық баға беріледі,
Егер полиция келгенге дейін шу тоқтаса және полиция болған уақытта жалғаспаса, онда не үшін шағым түсіргеніңізді дәлелдеуге тура келеді. Мұндайда фото немесе видеоматериалдар көмектеседі. Смартфондағы Play Market немесе App Store жүйесі арқылы "Шумометр" мобайл қолданбасын жүктеп, көрші пәтердегі шудың деңгейін өлшеуге болады. Кейін материалды полицияға дәлел ретінде көрсете аласыз.
Осы ретте заңгер мына кеңестерді ұсынды:
- Жөндеу жұмыстарының қашан басталып, қашан аяқталғанын нақты күн мен уақыт бойынша жазып отырыңыз.
- Шу қай бөлмеден немесе қабаттан шыққаны туралы нақтылап жазыңыз.
- Егер бірнеше рет қайталанса – әр оқиғаны бөлек тіркеңіз (күнделік түрінде).
- Телефон немесе диктофон арқылы шулы дыбыстарды жазып алыңыз (перфоратор, бұрғы, балға, т.б.).
- Видеожазбада сағат көрсетіліп тұрса, бұл қосымша дәлел болады.
- Дыбыстың үнемі немесе үзіліспен қайталанатынын көрсетіңіз.
"Бұл жазбалар сотта дәлел ретінде толық қабылданбауы мүмкін, бірақ полиция қызметкері үшін объективті бағалауға көмектеседі. Полицияға өтініш бергенде арызды жазбаша түрде учаскелік инспекторға немесе eGov/Kazakhstan Police қосымшасы арқылы жіберуге болады. Қосымша материалдар ретінде: видео, аудио, куәгерлердің есімі мен байланысы, тіркелген күнделік – барлығын тіркеңіз", – деді заңгер.
Көрші есігін ашпаса, не істеуге болады?
Егер көршілер полиция келгенде есігін ашпаса, бірақ шу тоқтаса, полиция қызметкері сіздің қатысуыңызбен акт толтырады. Бұл акт полицияның келіп, көрші үйге кіре алмай кеткенін растайды. Кейін тағы да тексеру үшін өтініш әрі қарай учаскелік инспекторға беріледі.
Егер полиция көмектеспесе, өзіңіз немесе басқа көршілермен бірлесіп сотқа жүгінуге болады.
Еске салайық, бұған дейін тұрғын үй кіреберісіне балалар арбасын, велосипед және тағы басқа зат қойғандарға қандай жаза бар екенін жазған едік.

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
