Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

“Ұлдан кешірім сұрамаймын” деді: Желіде "Тайсон қыз" деп танылған кішкентай ару туралы не белгілі

Фото: Отбасылық мұрағаттан

Ұлытау ауданы Сәтбаев қаласындағы боксшы қыз Жасмин Бақберген әлеуметтік желіде танымал. 7 жастағы боксшының 121 мыңнан астам оқырманы бар. Желідегі парақшасын белсенді жүргізетін Жасминнің анасы Зарина Жанпейісованың айтуынша, кішкентай спортшы 4 жарым жастан бастап бокспен айналысады. Зарина қызының боксқа деген қызғушылығы, жаттығу барысы мен бапкері туралы баяндады. Зарина Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Жасминнің өз жүрегінің түкпіріндегі арманын орындайтын, үкілеген үміті екенін айтты.  

Жасмин желі қолданушыларын өзінің табандылығымен, қылығымен, спортқа деген махаббатымен тәнті етіп келеді. Анасы қызының бойындағы өжет мінезін кішкентайынан байқаған. 

“4 жарым жасында биге барып жүрді. Бірде құрбыларына қуыршақтарын бермей қатты итеріп жібергенде мінезі бар екенін байқадым. Үйге қайтар жолда бокс мектебін күнде көретінбіз. Бір күні кіргізіп көрдім. Жасмин бірден залға кіріп бокс тұлбын соққылай бастады. Сол күннен бастап боксқа деген ынтасы пайда болды. Әлі де боксты жан сүйеді”, – дейді Жасминнің анасы. 

“Тайсон қыз”

Зарина қызы 5 жасқа толғаннан желідегі парақшасын белсенді түрде жүргізеді. Әлбетте, кішкентай қыздың ауыр спорт түріне деген ынтасын байқаған желі қолданушылары оны “Еркекшора” болып өсетінін, дер кезінде тоқтату керегін айтқан. 

“Бокс қыз балаға ауыр”, “ер мінезді болып өседі”, “анасы ойланыңыз” деп жазғандар көп болды. Содан бері 2 жыл өтті. Желіге Жасминнің бокстан басқа өнері мен қызығушылықтарын салып, жариялап жүремін. Кейін айтылған сөздердің бәрі ұмытылып, Жасминді “халықтың қызы”, “Тайсон қыз”, “дара қыз” деп атап, жақсы көріп кетті. Тек бокста жүрмесін деп өз уақытымды түгелдей қызыма арнадым. Атап айтқанда, арулар байқауына қатыстырамын, биге апарамын. Әжесі өлеңдер жаттатып жүргенде ән айта алатынын да байқадым. Сөйтіп вокалға апаратын болдық. Тілі кеш әрі орысша шықты”, – дейді Зарина.

Фото: Отбасылық мұрағаттан/Жасмин боксшы Алуа Балқыбековамен

Жасмин аптасына 3 рет жаттығу залында жаттығады. Дайындық күндері 1 жарым сағатын жаттығуға арнайды. Одан бөлек ата-анасы үйге де тұлып орнатып қойыпты. Енді үйде отырып та жаттыға беретін болған. 

@jasmin.boxing #fip #чемп ♬ оригинальный звук - jasmin.boxing

“Екі ұлым боксқа қызықпайды, бар үмітім Жасминде”

7 жастағы Жасминнің ерік-жігері анасын да таңғалдырады. Жаттығу кезінде шаршап қалса да тоқтамастан жалғастыра береді дейді анасы. Десе де осы қайсар қыз анасының үкілеген үміті.

“Дайындық та қиын, жаттығу кезінде де шаршап, ентігіп те кетеді. Өзім қызымды сырттай камераға түсіріп отырып аяп кетемін.  Шаршағанын көрсетпейді, демалуға берілген уақытта да соңына дейін отырмай жаттығуын бастап кетеді. Сол кезде қызыма қарап өзімді көргендей боламын. Жасминнің намысшылдығы, қырсық мінезі маған ұқсаған. Бала кезімде боксқа қызықтым, каратэге барған едім. Өкінішке қарай, 1996 жылдары қыз балаға бокспен айналысуға тыйым салынған еді. Мен ресейлік боксшы Константин Дзюдің жанкүйері едім.  2000 жылдардың басында үлкен ұлым Амир дүниеге келді. Ұлымның спортқа ынтасы ашылып, чемпион болса деп қатты армандадым. Бірақ Амир спортқа мүлдем қызықпады. Кейін екінші ұлым Шыңғысханды өмірге алып келдім. Қазір 13 жаста. Ол жүзумен айналысады, бірақ боксқа қызықпайды. Енді бар үмітім Жасминде”, – деп күлді Зарина.
@jasmin.boxing #fip #чемп ♬ оригинальный звук - jasmin.boxing

Ата-ана үшін Жасминнің дайындыққа күнде өз қалауымен барып жүргені, оның осы уақытқа дейін бокста жеткен жетістіктері, арулар байқауынан алған бас жүлделері, көрермен алдында еркін ән айтып, би билегенін, адамдардың оған сүйсіне қарап, қоддау білдірген үлкен жетістік. 

Фото: Отбасылық мұрағаттан/ Жасмин анасымен

Заринаның айтуынша, бокс Жасминнің бойында мықты әрі маңызды қабілеттерді қалыптастырған. 

“Бокс бала болсын, ересек адам болсын адамға өзіне деген сенім береді, жылдамдық пен қайсарлыққа, тәртіпке үйретеді. Мұны өзім 1 жыл Жасминмен боксқа үзбей барған адам ретінде айтып отырмын. Бар ойым, Жасмин мен жетпеген жетістікке жетсін деймін. Мейлі ол бокс болсын, басқа болсын. Бастысы – баланың қалауын білу, онымен санасу, оның таңдауын құрметтеу. Ата-ана сол жолда балаға бағыт-бағдар беріп отырса болды. Мен де осы уақытқа дейін қол үзген емеспін. Бірақ арманым чемпион болу емес, бапкерлік еді”, – дейді Жасминнің анасы. 

“Бапкері кеткен соң “боксты тастаймын” деді”

Жасминді 5 жасынан бастап жаттықтырған бапкері болған. Анасының айтуынша, 2 жылда екеуі де бір-біріне қатты бауыр басып қалған. Алайда белгілі бір себептермен бапкер Жасминді жаттықтыруды тоқтатты.

“Жасминнің бапкері Қанағат 5 жасынан бастап қызымды дайындап келді. 2 жарым жылда бір-біріне әбден үйренісіп қалды. Желіде бәрі екеуін әкесі мен қызы деп ойлайтын. Екеуінің  ұқсастығы бар. Қазір Жасминнің бапкерсіз жаттығып жүргеніне 2 айдан асты. Бапкердің уақытының тығыздығына, шаңырақ көтеріп, қоныс аударуына байланысты жаттығуды тоқтатты. Бастапқыда біраз уақыт айтпай күттік. Екі айдан кейін Жасмин боксты сағынды. Сөйтіп айтуға тура келді. Жасмин мұны ауыр қабылдады, сенбеді. Кейін жылады, ұрысты, көңілі түсті. Екі күн бойы сабаққа да зауқы болмады. Көп ұйықтайтын болды, шаршап жүргендей көрінді. Тіпті “боксты тастаймын” дегенде үстімнен суық су құйғандай болды. Сөйтіп басқа бапкер іздей бастадым. Бірақ Жасмин басқа бапкермен жаттыққанды қаламады, оның үстіне басқа жаттықтырушылар да Жасминді алмай қойды. Бұйырса, алдағы уақытты жақсы бапкер жолықтырамыз деген үміттемін”, –дейді Зарина.
@jasmin.boxing #fip #чемп ♬ оригинальный звук - jasmin.boxing

Фото: Отбасылық мұрағаттан/Жасмин бапекерімен және әкесімен

“Жасмин “ұлдан кешірім сұрамаймын” деді

Желіде Жасминнің мектепке барып, құрбысын қорғаймын деп ұлдармен төбелесіп қалған видеосы тарады. Заринадан осы қызық жағдай туралы толығырақ айтып беруін сұрадық.

“Жасмин қазір бірінші сыныпта оқиды. Қыркүйек айында сәл ұлдармен келіспей қалғаны еді. Одан кейін “енді қайталанбайды” деп уәде берді. Жақында мұндай жағдай тағы қайталанды. Мұғалімі маған хабарласты. Жасминді үйде күттім, біраз ашуландым.  Жасмин келген соң камера қосып, видеоға түсіріп алдым. Түсірген видеоны мұғалімге жіберемін деп ойладым. Директормен де қорқыттым. Бірақ Жасмин “ұл баладан кешірім сұрамаймын” деп үзілді-кесілді айтты. Сондай қырсық. Бірақ ешқандай ата-анадан шағым түспеді. Жасминді білгендіктен солай істеді деп ойлаймын. Сол видеоны желіге қызық көріп салып едім, көп қаралым жинап, тарап кетті. Кейін шетелден оқырмандар жазыла бастады. Тіпті Өзбекстан, Германиядан Жасминге керемет сыйлықтар салып жіберген оқырмандар болды. Қазақстандық “жанкүйерлеріміз” де бар. Түркістандық оқырманымыз Жасминге қолдау көрсетіп, гауһар тасты әшекей жинағын сыйға тартты. Осындай оқырмандардың барына қуанамын, олар Жасминді жетелеуге күш-қуат береді”, – дейді Жасминнің анасы. 
@jasmin.boxing #fip #чемп ♬ оригинальный звук - jasmin.boxing

Зарина жеткіншектердің ата-анасына көбірек көңіл бөлуге шақырды. Ол баланың неге қызығатынын білудің жолдарын айтып, кеңес берді.

“Қазір ұялы телефонның уақыты, ал бала тез өседі. Айтар кеңесім, балаға көп көңіл бөліңіздер. Әр турлі үйірмерелерге тасып жүріп қана балаңыздың неге қызығатынын біле аласыздар. Олардың болашағына осылайша бағыт-бағдар көрсетесіздер. Ал мен қызымның әлем чемпионы болатынына күмәнім жоқ. Бастысы жақсы бапкер жолықтырсақ екен. Сол сәтті асыға күтіп жүрміз.
Жасминнің біздің, халықтың қолдауымен міндетті түрде еліміздің туын биік көтеретіне сенеміз”, – дейді Зарина.

Көпшіліктің көзайымына айналған Жасмин биыл 1-сыныпты аяқтайды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Мамыр, 2025 17:09
Талқылау