Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"8 жасар балам "гей" боламын деді": Қазақстандық блогерді ұлының тосыннан айтқан әңгімесі таңғалдырған (видео)

Фото: Перизат Ысқақтың жеке архивінен

Желіде блогер Перизат Ысқақтың шынайы мойындауы үлкен резонанс тудырды. Әйел өзінің 8 жасар ұлының тосыннан "гей болғым келеді" деген сөзіне таңғалған. Бұл әңгіме анасын абдыратып тастағанымен, ол сабыр сақтап, баласының бұл сөзінің артында не жатқанын түсінуге тырысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Ер адам болсам, қызға көп сыйлықтар беруім керек болады"

Перизат Ысқақтың айтуынша, мұндай сәттерде ең бастысы айқайламау, шок немесе реніш білдірмеу керек.

"Сегіз жасар ұлым "гей" болғысы келетінін айтты. Ол мұны айтқанда, әрине, балаға "сұмдық", "бәле болды" деген сияқты эмоция көрсетпеу өте маңызды. Неге десеңіз, егер сіз оған теріс эмоция көрсетсеңіз, бала сізбен ашық сөйлеспей кетеді. Бәрін өз ішінде бүгіп қалады немесе достарына айтып, кеңесті сырттан іздей бастайды. Ал біз үшін ең бастысы, бала бәрін бірінші болып ата-анасына айтып үйренгені, себебі сырттан не естіп, кімнен қандай кеңес алатынын білмейміз", – деді Перизат Ысқақ.

Актриса бастапқыда сәл шок күйінде болса да, оны баласына көрсетпегінін айтады. Керісінше, әйел баласына "Жақсы, жарайды" деп қабылдап, одан неге бұлай ойлағанын нақтылау үшін сұрақ қойған.

"Сонда балам "ойланып қарасам, өскенде ер адам боламын ғой. Сонда мен қызға бриллиант, көлік, пәтер сыйлауым керек болады. Яғни міндетті боламын. Ал егер "гей" болсам, болашақ жігітім де өзі жұмыс істеп, өзі ақша табады, маған бұлардың бәрін беру міндетті болмайды" деп айтты. Қазіргі балалардың ойлау жүйесі, осындай. Егер сіз кішкентайынан бастап балаға "сен өскенде әйел боласың, еркек боласың, сен міндеттісің" деп айтып отырсаңыз, қыз бала әйел болғысы келмейді, ұл бала еркек болғысы келмей кетеді", – деді Перизат Ысқақ.

"Мама, елестетіп көрші, олар "гей" сияқты!"

Перизат Ысқақ осыдан екі-үш ай бұрын баласымен осы тақырыпта сөйлескенін еске салды. Ол кезде баласы сыныптастарын мысалға келтірген екен.

"Мама, елестетіп көрші, олар "гей" сияқты!" деп күліп, келемеждеп отырған. Сол кезде оған "Басқаларды мазақ етпе, өйткені өмір бумеранг сияқты. “Неге күлсең, нені сөксең, сонымен бетпе-бет келуің мүмкін" деп айтқан едім. Сол себепті ол маған сол сөзді айтқан сәтте, шынымен, таңырқап қалдым. Бумерангтың бұлайша тез қайтып келгеніне қайран қалдым", – деп баласына ескерту жасаған. 

Перизат баласына болашақта жақын адамдарына сыйлық жасауда ешқандай әбестік жоқ екенін айтып түсіндірген.

"Сен ер жеткенде, тіпті, гомосексуал болсаң да, жігітің болса да, оған сыйлықтар жасайсың. Жақсы істер жасайсың, оның бәрін махаббаттан істейсің. Себебі сен ол адамды жақсы көресің, мәжбүр болғаның үшін бермейсің", – деді Перизат Ысқақ.

"Қыздарға қызығушылығы оянғанын айтты"

Бірнеше күннен кейін ұлы өз еркімен келіп, ЛГБТ бағытының өкілі болғысы келмейтінін айтқан. Ана ретінде ол ұлының ер азамат болып қалыптасқанын қалайтынын жасырмайды. Егер баласына әсер етіп, бағыт көрсете алатын жол болса, қолданып көруге дайын екенін де атап өтті. Дегенмен бұл ойға қатты байланып қалмаған. Әйел ұлына бұл ойынан бас тартуына не себеп болды сұрағанда, баласы YouTube-тағы қыздардың видеосын көріп, қыздарға қызығушылығы оянғанын айтқан.

"Егер балаңыздың өзге жынысты таңдауы сізге мәселе болса, онда бұл ең әуелі, өз санасында шешілуге тиіс мәселе деп атап өтті. Өйткені бала ата-анамен тығыз байланыста болады. Яғни бір кездері бұл жағдай туралы сенің санаңда ой пайда болған. Демек сен бұл сәттің болуын өзің қаладың. Өзіңнің ішкі әлемің арқылы өміріңе тарттың. Сондықтан өзіңнен "Қай кезде мен ұлымның гомосексуал болғанын қаладым?" деп сұра", – деді Перизат Ысқақ.

Перизат Ысқақтың айтуынша, қоғамда қыз балаға немесе отбасындағы үлкен балаға "шыда, көмектес, бәріне міндеттісің" деген талаптар жиі қойылады. Перизат өзі де бала кезінде "неге қыз болып тудым?" деп күйзеліске түскенін айтады. Оның пікірінше, жынысқа қарап міндет арту дұрыс емес.

Перизат Ысқақ алдағы уақытта өзіне маңызды деп санайтын барлық нәрсені ашық бөлісіп отыратынын айтады. Бұл ұят немесе тыйым салынатын нәрсе емес деп толықтырды актриса.

"Мәселеге байыппен қарап, айыптамау қажет"

Осы ретте отбасылық психолог Айсұлу Қалағанова анасының бұл әрекетін дұрыс деп бағалады. Оның айтуынша, Перизат эмоциясына ерік бермей, баланы кінәламады, бұл дәстүрлі қазақ менталитетінде жиі кездесетін жағдайдан өзгеше әрі дұрыс көзқарас.

"Бұл мәселеге байыппен, айыптамай, түсінуге тырысып қарау қажет. Кейбір ата-аналар гомосексуалдықты немесе "лезбикелерді" қабылдауды "жиіркенішті" деп, бұл тақырыпты ашық талқылауға қарсылық білдіреді. Бірақ кез келген жағымсыз пікір немесе қатты сынау "бумеранг" секілді қайта айналып келуі мүмкін. Бала ата-анасынан эмоциялық қолдау таппаса, өз сезімдері мен ойларын жасырып, ішкі қақтығысқа түсіп кетуі мүмкін. Егер бала өз жынысына қатысты шатасып жүргендей әсер қалдырса немесе бұл туралы тікелей айтса, ең алдымен оның жан дүниесін, ішкі әлемін түсінуге тырысу керек. Ұрыспау, қорқытпау, кінәламау өте маңызды", – деп түсіндірді Айсұлу Қалағанова.

Психологтың сөзінше, бала толық емес отбасында өссе немесе әке бейнесі әлсіз болса, ер азаматтық қасиеттерді қабылдап, дамыту қиынға соғуы мүмкін. Бұған қоса, егер бала көп уақытын гаджетпен өткізіп, интернеттен ЛГБТ тақырыбында түрлі контент көрсе, бұл да оның өзін-өзі тануына әсер етуі мүмкін екен. Кейде бала ата-анасының назарын аудару үшін де мұндай мінез-құлық көрсетеді дейді психолог Айсұлу Қалағанова.

"Кейде аналардың түпкі ойында ер адамдарға деген теріс көзқарас, өкпе, қорқыныш немесе жиіркеніш сезімі қалып қалады. Осылайша, анасы ер адамдарға қатысты осындай жағымсыз бағдарламаларды бейсаналы түрде ұлына сіңіруі де мүмкін. Мұндай жағдайда бала үшін "ер адам болу қауіпті" деген бейсаналы түсінік қалыптасады. Ол анасын қорғағысы келіп, өзін әйелге ұқсатуға тырысады. Сөйтіп, тіпті, жынысын ауыстыру туралы қиялдарға беріліп, гомосексуал болуға бейім болады", – деді психолог.

Ал анасының ішінде ер адамдарға қатысты реніш болса, оның өзімен де терапиялық жұмыс істеу маңызды дейді маман. Психологтың сөзінше, бұл жерде ананы кінәламаймыз, тек бала мен ана арасындағы нәзік байланысты түсініп, түзетуді мақсат ету қажет.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 16:20
Талқылау