Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде қазақстандық оқу орталығының қызметкерлері басшыларының 110 қызметкерге Вьетнамға жолдама сыйлағаны жайлы жарыса жазып жатыр. Осы ретте Stan.kz тілшісіне орталық ұстаздары жолдама алған сәттегі эмоцияларын бөлісті. 

Оқу орталығының қызметкері Нұрай Тұрсынжан үшін бұл күн әдеттегідей бір жиналыспен басталды. "Жиналыс болады" деген хабар келгенде, ол оны жыл қорытындысы мен жаңа оқу жылына жоспарды талқылау үшін жиналған болар деп ойлаған. 

"Жиналыс болады деді. Кірдік. Сөйтсек компанияның негізін қалаушы мен оның жұбайы келді. Әдетте мұндай жиындарды пән жетекшілері өткізетін. Сондықтан бұл кісілерді көріп, таңғалдым. Мүлдем мен күтпеген жағдай болды. Бір кезде қолдарына “Мәртебе самғауы. Үздік 100 қызметкерге Вьетнамға жолдама” деген тақтайшаны алды. Бәріміздің көзіміз жұмылып, аузымыз ашылып қалды. Бұл жолдаманың бізге (компания қызметкерлеріне) сыйланатын біліп, одан әрі толқыдық. Эмоциямызды жасыра алмадық", – деді география пәнінің репетиторы Нұрай Тұрсынжан.

Осы сәтте бәрі кімдердің аты аталады, қай әріптес бұл құрметке лайық деп іштей қобалжи бастаған.

"Бір сәтте сапарға аттанатын, үздіктер қатарына ілінген адамдардың тізімін оқи бастады. Бәрі қуанып, шулап, рахметтерін айтып жатты. Бірақ мен бұл аталғандардың ішінде болмадым. Оған таңғалмадым да. Өйткені менің істеп жатқаныма күзде бір жыл енді толады. Ал жолдама алған адамдардың біршама еңбегі сіңген, ұзақ жыл жұмыс атқарған жандар еді. Сондықтан көңілім қатты түспеді", – деп айтып берді Нұрай Тұрсынжан.

Дегенмен Нұрай еш өкінішсіз, шынайы жүрекпен әріптестеріне тілегін білдіріп, қуанышын ортақ чатқа бөліскен.

"Содан бәрі чатта бір-бірін құттықтап, қуанып жатты. Сөйтіп бір сәт ішіме үңілдім. Әріптестеріме деген қызғаныш, көреалмаушылық бар ма? Уфф, Құдайға шүкір! Жоқ. Содан мен де чатқа шынайы лебізімді білдіріп, өзім жолдама алғандай қуанғанымды айтып, сәт сапар тілегенімді жазып жібердім. Бір кезде жетекшім уақытыңыз болса, сізге айтарым бар деді. Содан маған “Не үшін тредсқа Вьетнамға баратыныңыз туралы айтып, көпшілікпен бөліспей жатырсыз” деді. Шыны керек түсінбей қалдым. Қайдағы Вьетнам? Қайдағы жазба? Жетекші күлді. Сіз де жолдама алдыңыз! Құтты болсын! деді. Қуанғанымды жасыра алмай, қып-қызыл болып кеттім. Сол уақытта қасымда анам мен қарындасым бар еді. Бірден сол кісілерді құшақтап, қуанышыммен бөлістім. Олар да мен үшін қатты қуанды", – деді Нұрай Тұрсынжан.

Бұл жайлы компания қызметкері Саида да өз парақшасында бөлісіп, эмоциясын жасырмады. Оның айтуынша, бұл жаңалықты бір апта бойы құпия сақтаған. 

"Бүгін біз бұл қуанышты бөлісіп, қызметкерлерге жарқын эмоция сыйладық деп ойлаймын. Жұмыс істейтін орныммен мақтанамын. Мұндай мүмкіндік үшін біздің негізін қалаушыларға алғысым шексіз", – деп жазды ол.

Тағы бір қызметкер Әйгерім Нұржанқызы бұл жаңалықты күтпеген тосынсый деп атады. Айтуынша, биылғы демалысын мүлде басқаша жоспарлаған. 

"Осы жылы құрбыларыма Вьетнамға барайықшы дегенде, ешқайсысы келіспеген еді. Сөйтіп мүлде басқа жоспар құрып қойған едім. Биыл ешқайда бармайтын шығармын дегенде, компаниямыз маған және ең үздік 100 қызметкерге, олардың 80-90%-ы мұғалімдер, Вьетнамға жолдама сыйлады", – дейді ол.

Көптеген желі қолданушылары компанияның өз қызметкерлеріне деген ерекше көзқарасына тәнті болып, мұндай ұйымның бір бөлігі болғысы келетіндерін жасырмады.

Фото: Компанияның жеке архивінен

Ал компанияның негізін қалаушылардың  айтуынша, бұл бастама ұзақ жылдар бойғы армандардың жүзеге асқан сәті болды. Бұған дейін де олар корпоративтік демалыс ретінде Хайнань аралына 10 шақты қызметкерді жіберіп көрген екен. Алайда бұл жолғы ауқым мен эмоция мүлде өзгеше деңгейде болды олар.

Оның айтуынша, бұл бастамаға белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің әрекеті де шабыт берген.

"Шыны керек, қатты таңғалдым. Бұл өте үлгі тұтарлық іс болды. Бірақ біз оның артынан еліктеп жасадық деген ой болмауы керек. Біздің мақсатымыз өз қызметкерлерімізге алғыс айту, қолдау көрсету болды", – деп қосты Айбек.

Еске салайық, осы жылғы 27 мамырда белгілі кәсіпкер, "Galanz Bottlers" компаниясының иесі Тұрсынғали Алагөзов өз ұжымына үлкен тосынсый жасады. Тұрсынғали Алагөзов 15 жылдан астам уақыт бойы компанияда еңбек еткен 100 қызметкерге пәтер кілтін табыстады. Қызметкерлер бұл жиында тек мақтау қағаздарын аламыз деп ойлаған, алайда нәтижесінде әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндікке ие болды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 20:14
Талқылау