"Жұмысыңды ауыстыр деп айтушы едім": Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан кеншінің анасы ұлы туралы естеліктерімен бөлісті
Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан 46 кеншінің бірі –Адампаев Ерболат Мұратұлы. Оның артында жалғызбасты анасы, екі бауыры, жары және төрт баласы қалды. Stan.kz тілшісіне марқұмның анасы шахтер ұлы жайлы естеліктермен бөлісіп, оның жұмысы және отбасы туралы айтып берді.
Ерболат Мұратұлы жоғары заңгерлік білім алған. 1992-2000-жылдары аралығында Қарағанды қаласының ішкі істер органдарынан еңбек жолын бастаған. 2001-2008 жылдары Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қызмет атқарыпты. Балалары ер жеткен соң, 2008 жылдан бастап Костенко шахтасына ауысқан екен. Шахтаға ауысуына басты себеп балаларына жақсы жағдай жасап, оларды аяққа нық тұрғызу болған.
"Өзім орыс тілі пәнінің маманымын. 20 жылдан астам Егіндібұлақ ауданында ұстаздық қызмет атқардым. Кейіннен 23 жыл бойы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істедім. Егіндібұлақ ауданының (қазіргі Қарқаралы ауданы – авт.) әкімшілігінде бас маманнан бастап, Молодёжный ауданында мәдениет бөлімінің басшысы болдым. Молодёжный ауданы Осакаров ауданына қосылғанда мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат бөлімдерін де басқардым", - дейді кеншінің анасы Кама Шугаипова.
Кейіпкеріміз ауданның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін "Осакаров ауданының Құрметті азаматы" атағын алған.
Оның айтуынша, ұлдарының әкесі экономист болған екен. Жолдасы Молодёжный ауданында көмір разрезінде шамалы уақыт жұмыс істеген соң, онкологиялық ауруға шалдығып 1998 жылы өмірден өткен.
"Қазіргі кезде кенже ұлым Дастанның қолында тұрамын. Ортаншы ұлымның есімі – Асқар. Ерболатым 1970 жылы 7 қазан күні дүниеге келді. Егіндібұлақ ауылындағы №5 орта мектебінде орыс сыныбын тәмамдады. Мектепті өте жақсы оқыды. Әдеби шығармаларға үйір болатын. Мектептен кейін әскери борышын 1989-1991 жылдары Германияда өтеді. Әскер қатарында жүріп, көптеген жетістікке жетті. Ұлым сол жылдары Гвардия төсбелгісімен мемлекеттік марапатқа ие болды. Бізге Германиядан ұлымызды жиі-жиі мақтайтын хаттар келетін. Осындай азаматты тәрбиелегеніңіз үшін алғыс білдіреміз дейтін. Әскерден келгеннен кейін Қарағанды қаласындағы жоғарғы мектепке түсті", - дейді ол.
Айтуынша, оңай жұмыс болмағанымен, ұлы қай жерде істесе де айналасына сыйлы болған.
"Ерболат өз жұмысына әрқашан да тыйанақты еді. Жалақысы шамамен 400 мыңдай болса керек. Өзі өте көпшіл, достары да көп болды. Сондай ерекше бала болып өсті ғой. Әкесі 48 жасында өмірден қайтқанда, маған көмекші әрі тірегім болды. Жанымда жүріп, кейінгі інілерінің аяққа тұруына қолғабыс қылды.
Әрине, маған өте өкінішті! Есімізді енді ғана жиып жатырмыз. "Жұмысыңды ауыстыр балам" деп ылғи айтушы едім. "Мама істей беремін, өзіме ұнайды, ұжымдастарым да жақсы" деп айтатын. Бірақ өзінің отбасына барлық жағдай жасап, тәрбие мен білім беріп, балаларын оқытты. Тіпті, Астананың сол жағалауынан балалардың болашағы үшін пәтер де алып қойған. Екі қызына жоғары білім алғызып, кейіннен тұрмысқа берді. Одан кейінгі үшінші ұлы қазақ-түрік лицейін бітіріп, қазір 4-курста университетте оқиды. Ең кенжесі әлі 6-сыныпта оқуда. Сабағы өте жақсы. Ұлымды жоқтатпайтын, артында осындай ұрпағының қалғанына Құдайға тәубе етемін", - дейді сұхбат беруші.
70-тен асқан ана туған ағасының баласы қайтыс болғанын естіген соң, ертесінде, ұлы жайлы қаралы хабарды естіген.
"Ерболат 27-сі күні ағамның баласының қонақ асына қатысып, түнгі ауысымға кеткен болатын. Ертең таңертең жұмыстан шығып жаназасына үлгерем деді. Сол кеткеннен жұмысына кіріскен сәтте, 20 минуттан соң жарылыс болған. Осылайша, мен баламды жоғалтып алдым...", - дейді ұлынан айырылған жалғызбасты ана.
Жергілікті билік марқұмның отбасына барынша көмек жасайтындарын жеткізген. Бірақ қандай жағдай жасаса да, анасы ұлының қайта оралмайтындығын айтады.
"Қайғымызға ортақтасып, қолдау білдіріп жатқан жандар өте көп. Барлығына өз алғысымызды білдіреміз. Тіпті орыс көршілеріміз "наш золотой" деп ағыл-тегіл жылаған еді.
Балаларым менің қас-қабағыма қарап отыр ғой. Өзімді жігерлендірейін деп есімді әрең жидым. Әкелері қайтыс болған кезде, мемлекеттік қызметте балаларымды жеткізуім керек деп, әлсіздікке берілмей қызмет жасағаным есіме түсті. Осылайша, көз жасымды тыйдым. Бірақ түнде ұлымның дауысты хабарламаларын оқып, балаларға көрсетпей көз жасымды сығып аламын. Ұлым құшақтап сүйіп, ауырсам дәрімді әкеп, курортқа жіберіп, мүмкіндгінше демеп жүретін", - дейді ол.
Айтуынша, ұлы ата-ана үмітін толық ақтады дейді. Ағайынмен ақылдасып, Ерболатты Көкпектідегі туыстарының қасына жерлеген екен.
"Ұлымның немерелерін көрсем деген, арманы орындалмады. Қыздарының да тұрмысқа шыққанына көп бола қойған жоқ. Енді немерелерін күтіп жүрміз. Өзі ауыртпашылықты көп көтерді. Шахтада денсаулығына да салмақ түсті. Балаларға жағдай жасасам деп, барлығын да білдірмей жүрді. Мүмкіндігінше барлығын жасап кетті", - дейді ол.
Бүгінде Кама әжейдің үш ұлдан 11 немересі бар. Үйлерінің аралары да жақын. Келіндері де бір-бірімен тату-тәтті араласып, қайын енелерің де қатты сыйлайды екен.
Қадырбек ӘУЛИЕАТА