Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің тәрбием өте қатал болды": Танымал актриса Жұлдызай балалық шағы, жалғыз қызының тәрбиесі мен өнері туралы

Танымал актриса, әзіл-ысқақшы, жарқын образдарымен көптің көңілінен шыққан Жұлдызай Дүйсенбиева көптен бері көрінбей кетіп еді. Тіпті, өткен жылы сахнамен біржола қош айтысатынын хабарлаған болатын. Десе де биылғы жыл актриса үшін шығармашылыққа қайта бет бұрған, табысты жыл болған секілді. Stan.kz тілшісі Жұлдызайдың өзімен тілдесіп, балалық шағындағы естеліктері туралы, өнерге қайта оралуына не түрткі екенін және отбасындағы құндылықтар туралы сұрап білді. 

- Көп жанкүйерлеріңізге сіздің балалық шағыңыз қызық екен. Бала кезіңіз туралы тоқталып өтсеңіз ... 

- Балалық шағым туралы жасырған емеспін. Түркістан облысындағы Кентау қаласында туып-өстім, балалығым сонда өтті. Мектепті сол қалада оқыдым. Музыка мектебінде білім алып, каратэге де қатыстым. Балалық шағымызда атқа да мініп, мотоцикл де айдадым. Балалығымнан естелік болып қалған, қызықты оқиғалар көп.

Мен екі әулеттің де еркесі болып өстім. Өз жұртым мен нағашы ата-әжемнің сүйікті немересі, үлкен көз қуанышы болдым. Өйткені анам үйінде жалғыз қыз. Сондықтан нағашы жұртым жалғыз қыздан туылған қыз деп маған ерекше ықыласпен қарайтын. Ал өз жұртымда үлкен әжемнің қызы болып өстім. Әлі күнге дейін жеңгелерім сәлем салып, құрметін білдіреді. Балалық шағым ауылда да, қалада да өтті. Ауылға жазда барып тұратынбыз.



- Өткен жылы өнерді тастаймын деп сұхбат берген едіңіз. Бірақ керісінше 2020 жыл сіз үшін нағыз шығармашылық жыл болған сияқты. Ойыңыздан айнуға не түрткі?

- Мен өнерді қойдым деп айтқаным рас. Өнерге қайта оралдым деп айта алмаймын. Қазіргі жасап жатқаным өнерге қатысты деп ойламаймын. 2020 жыл ауыр жыл болды. Сондықтан бұл халықтың кішкене болсын көңілін көтеру, аулау, көңілін басқа жаққа бұру үшін ғана жасалып жатқан дүниелер. Бірақ өнерді ары қарай жалғастырып жатқан ештеңем жоқ. "Егіз-Лебізге" қатысқанымды айтып отырған болсаңыз, арасында шоу-бағдарламаларға шақырып тұрады. Бірақ өзім өнерді түбегейлі қолға алып, сұранып барып жатқан жайым жоқ. Ары қарай уақыт көрсетеді. Жалпы театрға шығудан, сахнаға шығудан бас тартқан едім. Ол ойымда әлі де тұрамын. Сахнадан 1-2 жылдың көлемінде бәрібір кетемін... 

- Сіз өкінетін сәттер?

- Мен ештеңеге өкінбеймін ештеңені өзгерткім келмейді. Өмірімде болған барлық сәтті қалай бар солай қабылдар едім. Дәл осылай өмір сүре берер едім. 

- Өткенде бір сұхбатыңызда, ерлер әйелдеріне гүл сыйламаса, өзі кінәлі деп қалдыңыз. Біраз әйелді ренжітіп қоймадыңыз ба?

- Неге ренжуі керек? Ренжитін ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Бұл мәселе өзара шешетін әрбір отбасындағы әйел мен күйеуіне байланысты. 

Сондықтан ол сұхбатта әзіл мен шындықты аралас айтқан едім. Жалпы отбасында отағасы бәрін шешеді дейміз. Бірақ бәрін әдемілеп отыратын, шаңырақтың шырайын келтіріп отыратын - әйел адам. Сондықтан бізге көп нәрсе байланысты. Біз барынша отбасындағы әдемілікті сақтап отырсақ, күйеу деген өзі-ақ сол гүлді әкеп бере салады. Гүлдің қайдан әкелетіні маңызды емес, есік алдынан жұлып әкелсе де шын қуансаңыз, өміріңіз гүлдене береді. 

- Балалық шағымдағы тәрбием қатал болды деп айтқаныныз бар? Өз қызыңызға қандай тәрбие бересіз? Қазір сәнді болған психологтардың кеңесіне құлақ асасыз ба?

- Менің тәрбием өте қатал болды. Мен де қызыма қатал тәрбие беремін. Шәкірттеріме де, айналамдағы адамдарға да қаталмын. Қылтың-сылтыңды, көп шошаңдағанды, қатты шолжаңдағанды ұнатпайтын адаммын. Қызға қырық үйден тыю деген бар, сондықтан қатал болған дұрыс. 

- Тұрмыстағы өміріңізден не түйдіңіз? Бақытты болудың құпиясы неде?

- Бақытты болудың құпиясы жоқ. Осы ойды соңғы уақытта көп айтып жүрмін. Біз осы өмірге келгеніміз үшін бақыттымыз. Сондықтан бақытты болудың  ешқандай құпиясы жоқ. Тек екі адам бір-біріне сенсе, түсініссе болды. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

STAN.KZ
Бейсенбі, 24 Желтоқсан, 2020 12:02
Талқылау