Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүргізушісі мас болған": Алматыда балалар мінген мектеп автобусы апатқа ұшырады

Алматы облысы Кемертоған ауылында балалар мінген мектеп автобусы бетон бағанаға соғылды. Жүргізушінің мас болғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Кадрдан алынған скрин

Қарасай әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, 6 ақпанда сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігі (Көлік құралын мас күйінде басқару) бойынша сотқа жолданған Г-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.

"2024 жылы 5 ақпанда сағат 20:10 шамасында жүргізуші Г мас күйінде салонында балалары бар мектеп автобусын жүргізіп келе жатып, рульді басқара алмай, Жібек жолы көшесінің бойында электр бетон бағанасына соғылған", – делінген сот хабарламасында.



Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Көлікке механикалық зақым келген. Электр бетон бағанының иесіне материалдық залал келді. Сотталушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарымен, сотталушының айғақтарымен және басқа да объективті дәлелдермен толық дәлелденді және расталды.

"Сот қаулысымен Г әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігіндегі әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 (жиырма) тәулік әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды", – делінген хабарламада

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында мектеп оқушылары мінген шағын автобус жол апатына ұшырап, бір адам қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Талқылау