Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Куәлігінен де айырмаған": Ақмолалық шенеуніктің жүргізушісі адам қағып өлтіріп, жазадан құтылып кеткен

Ақмола облысы Жақсы аудан орталығының тұрғыны әлеуметтік желіде ішкі істер бөлімі мен прокуратура басшылығынан көмек сұрап, мәселесін шешіп беруді өтініп үндеу жариялаған. Ер адамның сөзінше, аталған аудан әкімі орынбасарының жүргізушісі әкесін көлікпен қағып өлтіріп, бірақ ешқандай жазаға тартылмаған. Оның жауапкершіліктен құтылуына рақымшылық туралы заң себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Авария пешеход

"2021 жылдың 2 желтоқсанында Жақсы ауданы, Жақсы ауылында  аудан әкімінің орынбасары Л.Ш.Сейдахметованың қызметтік көлігімен әкемді қағып өлтірді. Рөлде шенеуніктің жүргізушісі Е.Базылов болған. Оқиға жұмыс уақытынан тыс уақытта – 18:40-та болғанына назар аударуыңызды сұраймын", - деп жазады Марат Клименко.

Клименконың айтуынша, әкесін өлтірген қылмыскер жазадан толықтай құтылып кеткен.

"Арада екі ай уақыт өткенде маған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Д.Т.Ишамбеков пен Жақсы ауданының прокуроры Е.Қ. Торсықбаев қол қойған Е.Базыловқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы келіп тұр. Тергеуші Абдуахитов маған мұның барлығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықпен байланысты екенін түсіндірді", - деп жалғастырды жазба авторы.

Ал әкім орынбасарының жүргізушісі болған оқиғаға қарамастан, көлік тізгіндеуін әлі күнге дейін жалғастыруда.



"Мен бірнәрсені түсінбеймін: оны тіпті жүргізуші куәлігінен де айырмаған. Бұл дегеніміз біздің елде адамды қағып өлтіріп, жазаға мүлдем тартылмайтынының дәлелі. Ол басқа көліктің рөліне отырып, дәл осы қылмысты қайталауы да мүмкін. Облыс прокуроры мен полиция департаменті басшысына осы мәселені қарап, заң аясында жауап беруін сұраймын", - деп түйіндейді Марат Клименко.

Ақмола облысы бойынша департаментінде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы фактісі расталды. Сонымен қатар қайғылы оқиғаның себепкерінің босатылғанын да жасырмады.

"2021 жылғы 2 желтоқсанда Е.Е.Базылов "Kia" маркалы автокөлігін басқарып келе жатып, Жақсы ауылының Гагарина көшесінде жаяу жүргінші Н.Клименконы қағып кеткен. Жәбірленуші алған жарақатынан қайтыс болған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2021 жылғы 8 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң қабылданды", - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция дерегіне сүйенсек, жүргізушінің кінәсінен жаяу жүргінші қайтыс болатын болса, бұл жеңіл қылмыс санатына жатады екен.

"Заңның 2-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабына сәйкес "Рақымшылық туралы" заңның нәтижесінде қылмыстық істі тоқтату үшін жәбірленушінің келісімі талап етілмейді. 2022 жылдың 1 ақпанында Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес істі тоқтату туралы қаулы шығарылды. 3 ақпанда прокуратура бұл шешімді бекітті", - деп қорытындылады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ақберен Амангелді
Жұма, 11 Ақпан, 2022 08:50
Талқылау