Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүктіліктен қорғайтын тегін контрацептивтер кімдерге беріледі – Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді

виамед.рф жүктіліктен қорғайтын контрацептивтерФото: виамед.рф 

Қазақстанда бюджет есебінен тегін берілетін контрацептивтер тек медициналық көрсеткіштер бойынша жүктілікке қатаң түрде тыйым салынған әйелдерге ұсынылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Нұрлыбаев экстрагениталды патологиясы бар әйелдерге тегін контрацептивтер алу мүмкіндігі берілетінін мәлім етті.

"Ең әуелі, министріміз "әлжуаз топтар" туралы айтқанда, экстрагениталды патологиясы, яғни жүктілікке айқын кедергі болатын ауыр қосымша аурулары бар әйелдерді меңзеген еді", – деді Ерлан Нұрлыбаев баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мұндай аурулар әйелдің денсаулығына жүктілік кезінде өте үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай науқастарға міндетті түрде контрацепция қажет. Дәл осы жоспарланбаған әрі өмірге қауіп төндіретін жүктіліктің алдын алу үшін мемлекет есебінен контрацептивтер берілмек.

"Олардың әлжуаздығы тек медициналық көрсеткіштерге байланысты. Сатып алынатын контрацептивтер көлемі де осы негізде есептеледі", – деп нақтылады вице-министр.

Сонымен қатар Ерлан Нұрлыбаев контрацептивтерді сатып алуға және таратуға нақты қанша қаржы бөлінетінін айта алмады. Ол бұл көрсеткіштің тұрақсыз екенін түсіндірді.

"Нақты сома әр өңірде бөлек анықталады. Бұл сол өңірдегі әйелдердің нақты санына байланысты. Сондықтан бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп отырады", – деді ол.

"Қытайлыққа 8 миллион теңгеге бала туып бердім": Қазақстанда суррогат аналар арқылы көлеңкелі бизнес қалай жүргізіледі


Қазақстан "бэби-бум" кезеңінен шығып, туу көрсеткіші күрт төмендеп жатыр


Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйелдерге жүктіліктен сақтайтын таблеткаларды тегін беру ұсынылғанын жазған едік. Күні кеше денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі күрделі жағдайға қатысты алаңдататын статистиканы жариялады. Оның айтуынша, еліміздің алты өңірінде Жетісу, Жамбыл, Абай, Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында ана өлімі өсіп кеткен. Соның ішінде ең күрделі жағдай Ақмола облысында. Мұнда ана өлімі республикадағы орташа деңгейден жеті есе жоғары. Ана өлімінің негізгі себептері ретінде экстрагениталды ауыр аурулар бірінші орында тұр, барлық жағдайлардың 55%-ына шақ. Қалған 45%-ы акушерлік асқынуларға байланысты тіркелген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 13:41
Талқылау
`