Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Филиппинде 7 балға жуық жойқын жер сілкінісі болып, 60-қа жуық адам қаза тапты

Фото: ВВС

Филиппиннің Себу аралында 6,9 балдық жойқын жер сілкінісі болып, кемінде 60 адам қаза тапты. 100-ден аса тұрғын жарақат алды. Эпицентрі Бого қаласынан 17 шақырым жерде орналасқан зілзала салдарынан бірнеше қалада төтенше жағдай жарияланды. Жүздеген афтершок тіркеліп, мектептер мен жұмыс тоқтатылды. Ал кей аудандарда тіпті байланыс үзілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бого қаласының ресми өкілдері "үлкен залал" жайлы мәлімдеп, зардап шеккендер туралы ақпарат әлі де келіп жатқанын хабарлады. Facebook-тегі мәлімдемеде Бого билігі:

"Қолдан келгеннің бәрін жасағанымызға қарамастан, қаза тапқандар бар. Құтқару жұмыстары жалғасуда, тұрғындарды үздіксіз дұға етуге шақырамыз", – деді.

Эпицентр Бого қаласының солтүстік-шығысында, тереңдігі 10 км жерде орналасқан. Жер сілкінісінің магнитудасы 6,9 болды. Жер асты дүмпулері бірнеше рет қайталанған. 

Жүкті әйел мен бірнеше адам қаза тапты: Дәрігерлер науқастарды далада емдеуге мәжбүр

Филиппин Азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Рафаэлито Алехандро 60-қа жуық адамның қаза болғаны жайлы ақпарат барын растады.

Құрбандарды анықтау жұмыстары баяу жүріп жатыр. Себебі әр мәлімет мұқият тексерілуде. Елдегі ауруханалар мен құтқару қызметтері өздерінің жеке деректерін де жариялауда. Зардап шеккендер арасында жүкті әйел де бар. Бого қаласындағы Иоланда ауылында кемінде жеті адам, оның ішінде жүкті әйел қаза тапты. Аймаққа жүздеген афтершоктар тіркелді. Таңғы 9:19-ға дейін (Гринвич бойынша 01:19) 225-ке жуық жер сілкінісі болды.

Фото: ВВС

Президент Президент Фердинанд Маркос халықты сабырға шақырды. Ол билік электр қуаты мен медицина қызметтерін қалпына келтірумен айналысып жатқанын айтты. Бого қаласындағы ауруханалардың маңында хаос байқалды. Дәрігерлер науқастарды далада емдеуге мәжбүр болған. Уақытша палаткалар тігіліп, дәрігерлер мен мейірбикелер үздіксіз жұмыс істеуде.

"Кешке жарық пен су тоқтап қалды. Үйіміз қатты шайқалып, балаларымыз қорқып, жылап жатты. Түнімен көшеде болдық", – деді тұрғын.

Аймақта қазір бірнеше көпір мен жолдар жабылған. Сонымен қатар, сілкініс кезінде Себуда өтіп жатқан "Мисс Азия-Тынық мұхиты" сұлулық байқауы да тоқтатылған. Байқау қатысушылары сахнадан қашуға мәжбүр болған. 

"Үйіміз қатты шайқалды, басым айналып кетті. Барлығымыз көшеге шықтық. Енді жағалауда кезекпен теңіз толқынын бақылап отырмыз", – деді Пилар қаласының тұрғыны Арчел Кораза.

Фото: ВВС

Себу провинциясы төтенше жағдай жариялады

Филиппиннің Себу провинциясында болған жойқын жер сілкінісінен кейін өңір толықтай апат аймағы деп жарияланды. Оқиғадан кейін Бого, Сан-Ремихио, Табуэлан және Медельин қалаларында төтенше жағдай енгізілді. Бұл аймақтарда адам шығыны тіркелген. Ал Бого қаласында жағдай өте ауыр.

Эпицентрге ең жақын орналасқан (шамамен 17 км) 19 адам қаза тапты, 119 адам жараланған, байланыс нашарлаған. Сан-Ремихио қаласында спорт кешенінде баскетбол ойыны кезінде ғимарат қирап, бірнеше адам қирандылар астында қалып қойған. Бір адам қаза тауып, тағы 20-ға жуық адам ауруханаға жеткізілген.

Себу архиепископы аймақтағы барлық шіркеулердің жағдайын тексеруге бұйрық берді. Ал солтүстіктегі тұрғындарға ғибадатханаларды уақытша қолданбауға кеңес берілді. Себу – тарихи шіркеулерімен танымал аймақ.

Филиппин үкіметі жағдайды қадағалап отыр. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 09:39
Талқылау