Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүктерді ақтарып, керек емесін өртеп жіберді": Алматы әуежайының қызметкерлері шабуылдың қалай басталғанын айтып берді

Алматы халықаралық әуежайы қызметкерлері лаңкестер шабуылының хронологиясын айтып берді. 5 қаңтарда қару асынған елу шақты адам стратегиялық нысанға кіріп келген. Алдымен дүкендер мен әйнектерді сындырған олар эвакуациялау кезінде қалып қойған жолаушылардың жүктерін ақтарған. Ал керек емесін өртеп жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

әуежай шабуыл

Ал бір тобы ұшу-қону жолағына беттеп, онда от қойған. Жолаушылар ұшақтан түспей 14 сағат отыруға мәжбүр болған.  
Қазір Алматы халықаралық әуежайында қалыпты қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алайда екі апта бұрын болған тәртіпсіздіктер кезінде тоналған дүкендер мен банкоматтарбың біразы сол қалпы істемей тұр. Бұзақылар басып кірген кезде іште мыңға жуық қызметкер мен жолаушылар болған.

"Кабинетіме келсем айқайлаған дауыстарды естідім. Лезде екінші қабатқа жүгіріп барсам, сыртта тұрған ашулы бір топ жігіттерді көрдім. Олардың қолдарында таяқ және арматура болды. Полицейлердің қалқанын алып алған. Бастарында арнайы жасақ дулығасы. 15 минуттай бір-бірін күтіп, жиналып тұрды. Агрессивті болғандықтан олармен сөйлесуге мүлдем мүмкіндік болмады. Мені көріп артымнан қуды", - деп еске алды Алматы әуежайы терминалының ауысым бастығы Кеңес Нұрамбеков.

Ашулы топтың келе жатқанын естіген қызметкерлер жолаушыларды эвакуациялап, өздері артынан көлікпен кетпекші болған. Алайда оларды қуып жетіп алған. 

"Әуежайдың барлық қызметкерлеріне эвакуациялау туралы бұйырық бердім. Біз ең соңғы болып қызметкерлермен бірге көлікпен шығып жатқанбыз. Сол кезде бізге жас жігіттер жүгіріп келді. Сенесіздер ме, мен өмірімде алғаш рет сондай қып-қызыл көздерді көрдім. Шыны керек, сәл қорқыныш болды", - дейді ауысым бастығы Фархат Сәбитов.



Бұзақылар нысанда қалып қойған жолаушылардың жүктерін ақтарып, артынша өртеп жіберген. Банкоматтарды тонап, дүкендерді қиратқан. Мұнымен шектелмей ұшу-қону алаңына дейін шығып кетіпті. Шабуыл басталған уақытта әуежай аумағында жолаушыларға толы үш ұшақ тұрған.

"Бөтен адамдардың кіріп жатқанын сегізге таман байқадым. Сонда бізге радиостанциямен хабар келді. Біздің өзіміздің ұшып келген ұшақ пен жолаушыларымызды қауіпсіз жерге апаруын бұйырды. Автобус келді осы жерге. Әуежайдың қызметшілері мен өзіміздің авиациялық қызметшілер жүгіріп жүрді. Барлығын шығарып автобуспен әкете бастадық қауіпсіз жерге", - дейді Әуежайды авиациялық бөлімінің қызметшісі Досан Тәшеков.

Қызметкерлердің сөзінше, 6 қаңтар күні таңғы сағат 04:00-де әскерилер келіп, атыссыз қаскөйлерді толық қуып шыққан 

Айта кетейік, 19 қаңтардан бастап Алматы әуежайы штатты режимде жұмысын бастады. Барлық ішкі және халықаралық рейстер кесте бойынша ұшып жатыр. Қазіргі таңда нысанға келтірілген залалдың нақты сомасы есептелуде. 

Талқылау