Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа амалымыз қалмады": Алматы әуежайының басшысы жаңа терминалдың қызметіне байланысты дауға жауап берді

Алматы халықаралық әуежайының жаңа президенті Гөкер Көсе жаңа халықаралық терминалдың дизайнына қатысты алматылықтардың сынына жауап берді. Ғимараттың ішінде болған кейбір алматылықтар оны ангармен салыстырып, дизайнның қарапайымдылығын және сапасыз салынғанын айтып шағымданды. Ал бір күн бұрын жаңа терминалдың шыны қасбеті жарылған. Бұл туралы Stan.kz тілшісі жаңа басшылықтан кеткен олқылықтар мен алдағы жоспарлары туралы біліп келді. 

Фото: Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі

Әуежай басшысы сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай салынған жаңа халықаралық терминал туралы айтып берді.

“Ғимараттың өзі темірбетоннан салынған. Сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай салынған халықаралық терминал 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алады. Жалпы ауданы 53,5 мың шаршы метр. Жаңа салынған құрылыс болғандықтан кез келген ғимаратқа отыруға уақыт керек. Ал бұл қалыпты процесс, сондықтан терезелерде біраз жарықтар пайда болды. Кішігірім жарықтарды дер кезінде ауыстырып отырамыз, ол қорқатын дүние емес. Бұл тұрғыда ғимараттың іргетасына және құрылысына қорқып қараудың қажеті жоқ”, – деді әуежай президенті Гөкер Көсе.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

Әуежай басшысы жаңа халықаралық терминал қысқа уақыттың ішінде, яғни 2 жылдың ішінде құрылысы аяқталғанын баса атап өтті. 

“Сын айтушылардың кейбірінің пікірін әділ, енді бірін әділетсіз деп айтамыз. Әуежай жұмысын жалғастыру үшін тезірек жаңа ғимаратқа көшуіміз керек екенін түсініп, рейстерді тоқтатқан жоқпыз. Егер ескі терминалда қызмет көрсеткен жағдайда бірқатар халықаралық рейстерді орындай алмай, қаншама мүмкіндіктерден айырылып қалар едік. Бұдан өзге көріп тұрғандарыңыздай, ескі әуежайда жолаушылар легі көбейіп, кейін жүк ағынына төтеп бере алмас еді”, – деді Гөкер Көсе.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген / Жүкті жіберу аймағы

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген / Жүкті күту аймағы

Айта кетейік, бұған дейін жаңа терминалды пайдаланған жолаушылар лифттердің, эскалаторлардың және жүк белдіктерінің жұмыс істемейтініне шағымданған еді. Бұл туралы редакция бұрынғы және қазіргі кездегі фотоларды салыстырып ақпарат жасады.

Фотода дәретхананың бүгінге дейінгі және кейінгі көрінісі

Фотода орындықтар сол қалпы тұр

Фотода эскалатордың пресс-тур кезінде жұмыс істемей қалған сәті

Сонымен қатар компания басшысынан неліктен жолаушылар жүгін 3, 4 сағат күтіп тұруға мәжбүр екені сұралды.

“Жаңа терминал ашылғандықтан жолаушылар мен олардың жүктерін қабылдау технологиялары, құрылғылар жаңадан орнатылып жатыр. Кейбіреуі тіпті әлі орналастырылып үлгерген жоқ. Сондықтан мұндай келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Соған қарамастан бұл мәселелер тез арада шешімін табады деп сөз беремін. Жақын арада сіздер ұшақ қонғаннан кейін жолаушылардың жүкті күту уақытын 45-50 минут аралығында қызмет көрсетуді ойлап отырмыз. Әрине, бұл норма және стандарттардан асып тұр. Дегенмен бұл мерзім тағы жеделдетіледі деп үміттенеміз”, – деді Алматы халықаралық әуежай президенті.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген / Жаңа терминал

Гөкер Көсе жүк терминалында автоматтандыру бағдарламасын орнату аяқталуға жақын деп түсіндірді. Ол Truck-to-air жүк тасымалы жобасы аясында 50 жүк көлігін қамтитын жаңа жүк көлігі паркі ашылатынын айтты. Айта кетейік, жүк терминалының жанынан жүк ұшақтарына арналған жаңа перрон салу жоспарланып отыр екен.

Әуежай президентінің айтуынша, олардың қателіктерді түзеуден және одан сабақ алудан қорықпайды. 


“Біз мүлдем тоқтамаймыз және одан әрі жақсарта түсуге тырысамыз. Тағы да қайталап айтамын. Жаңа терминалға аз уақыттың ішінде көшу керек болды. Терминал алғаш ашылған күннен бастап оқыс оқиғалар мен қиындар болғанын жасырмаймыз. Қазір электр қуаты аяқ-астынан сөніп, эскалаторлар мен басқа нәрселердің жұмыс істемей қалатын уақыты. Сол себепті сіздерден түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз”, – деп сендерді Алматы әуежайының жаңа президенті Гөкер Көсе. 

Бұдан бөлек баспасөз турында ол осы аптада біз ескі терминалды реконструкциялау бағдарламасын бастағанын еске салды.

Оның айтуынша, ескі терминал әлдеқайда жаңашаланған  ішкі терминал ретінде қызмет етеді. Соның ішінде жаңа багажды өңдеу жүйесі, тіркеу бөлмелерін кеңейту, жаңа қауіпсіздік жабдықтарын орнату, жаңа шатыр жабыны және әртүрлі аумақтарды жаңарту кіреді. 

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген / Еске терминалда құрылыс жүріп жатыр

Еске салайық, жаңа халықаралық терминалды іске қосудың бастапқы мерзімі 2024 жылдың жазының соңына жоспарланғанын жазған едік. Алайда жолаушылар легінің қарқынды өсуіне байланысты және жазғы демалыс кезеңінде жолаушыларға барынша жайлылық пен қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында барлық жұмыс жеделдетіліп, терминал 1 маусымнан бастап алғашқы рейстерді қабылдай бастады.

Қолданыстағы терминалды жаңартуды ескере отырып, әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушыға дейін артады. Бұған дейін ескі терминалда тек 2,5 миллион жолаушыны қабылдайтын еді.

Алматы әуежайының жаңа терминалы ашылғаннан бері оны 200 мыңнан астам жолаушы пайдаланып, 1500 халықаралық рейс орындалды. Жаңа халықаралық жолаушылар терминалы жобасына 220 миллион доллардан астам инвестиция салынғанын айта кеткен жөн. 2020 жылдан бастап Алматы халықаралық әуежайы TAV Airports Holding түрік компаниясына тиесілі.

Талқылау