Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Шетелден флористер шақырып, бесжұлдызды қонақүйге жатқызған": Атышулы "Қызғалдақ фестиваліне" қанша қаржы жұмсалды

Фото: gov.kz

3 мамырда Жамбыл облысы Талас ауданында "Қызғалдақ мұра" халықаралық фестивалі өтті. Жиынға Нидерланды, Германия, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Украина, Иран және Қазақстанның флористика шеберлері қатысты. Дегенмен қызғалдақ түрлерін сақтау және дамыту мәселелері бойынша жиынның соңы айқай-шумен аяқталды. Осы жиынға әкімдік бюджеттен 22 миллион теңгеден аса қаржы кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жамбыл облысының әкімдігі 3 мың адам қатысуы тиіс болған фестивалді ұйымдастыру үшін мемлекеттік тапсырыс порталына арнайы құжат орналастырған. Онда жиынның техникалық ерекшелігі көрсетіліп, форум барысында не болатыны үтір нүктесіне дейін жазылған. Сондай-ақ бөлінген қаржы көлемі – 20 089 285 теңге екені көрсетілген.

Скрин: kompra.kz

Нәтижесінде тапсырысты алматылық “Tender” Жеке кәсіпкері ұтып алған. Оның иесі – Сәкен Сабина. Оның үнемі мемлекеттік тапсырыстарға қатысатынынын байқауға болады. 

Жиыннан жанжалға дейін...

"Қызғалдақ мұра" халықаралық фестивалі  Қаратау тауының бөктерінде өткізіліп, үш күнге созылды. Жиынға туроператорлар, шетелдік қонақтар мен бірқатар мамандар жиналды. Форум ТМД-дағы ең үздік флорист деп танылған және 2019 жылы жер шарының ең мықты 20 маманының қатарына енген Қырғызстаннан келген Петр Анохиннің шеберлік сабағымен ашылды. 

Сондай-ақ жиынға "Flora & Decor Fusion" флористер қауымдастығының негізін қалаушы Яна Прокудина да қатысты. 

Фото: Агадил Рысмахан

Фестиваль бағдарламасы ғылыми конференциямен жалғасты. Оны ЮНЕСКО-ның Алматыдағы және Қазақстандағы Өңірлік өкілдігінің Жаратылыстану ғылымдары бөлімінің меңгерушісі Елена Осипова ашты. Пленарлық отырысқа Харьков мемлекеттік университетінің ботаникалық бағы директорының орынбасары, Кассель университетінің профессоры Гельмут Фриетаг, география ғылымдарының кандидаты, геоботаник Алмагүл Кендірбаева, Нидерландыдан келген HBM компаниясының менеджері Пична Марсели, Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, академик, биология ғылымдарының докторы Гүлнәр Сейтпаева, Қазақстандағы ЮНЕСКО геопарктері жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, биология ғылымдарының кандидаты Саида Нигматова қатысты. 

Флористика шеберлері қызғалдақты жұлуға болмайтынын, ол жұлынса, көбею процесі бұзылып, бұл түрдің толық жойылып кетуіне әкелетінін жеткізді. Фестивалде Жамбыл облысын еліміздегі қызғалдақ гүліне қамқорлық жасауға жауапты аймақ деп тану туралы қаулыға, қызғалдақтың тарихи отаны Қаратау жотасы екенін дәлелдейтін Қаратау геопаркін құру туралы халықаралық хаттамаға қол қойылды. 

Бес жұлдызды қонақүй, 200 мың теңгелік сертификат...

Осы орайда шетелден келген қонақтарға қанша қаржы бөлінгеніне тоқталып өтсек.

“Қызғалдақ мұра” халықаралық фестивалінің мемлекеттік тапсырыс порталына орналастырылған іс-шара жоспарында шетелден келген әр қатысушыға кем дегенде 200 000 теңге қаржылай сертификат берілуі тиіс екені жазылған. Сондай-ақ шетелдік қонақтарды келу-кету билеті, тұратын орын және тамақпен қамтамасыз ету керегі айтылған. 

Фестиваль сметасында жазылған есепке сүйенсек, шетелдік 5 флористің әуе билеттеріне – 1 800 000 теңге, тағы 5 шетелдік флористің темір жол билетіне 75 мың теңге белгіленген. 25 шетелдік флористің қонақүй шығындарына 1 250 000 теңге және олардың ассистенттерінің үш мезгіл тамақтануына 600 000 теңге қарастырылған. Тұғыр әзірлеуге 100 000 теңге және көрменің 5 қатысушысының әрбіріне 200 мың теңгеден, жалпы көлемі 1 миллион теңге бөлінген. 

Осы тұста сметада қорғауға алынған қызғалдақ гүліне бөлінген миллиондаған қаржының есебі жазылған. Онда Қызғалдақ гүлінің пиязшығының 2 000 данасына жалпы көлемі 2 миллион теңге бөлінгені айтылған. 

Скрин: Смета 

Фестивалді ұйымдастыруға – 22 500 000 теңге кеткен 

Сметада әуелі әуе шарларына 4 миллион теңге бөлінгені және 50 орындық 2 автобусқа тапсырыс берілгені көрсетілген. Екі көлікке 200 мың теңге бөлінген. Ал 16 орындық 4 шағын автобустың әрбіріне 120 мың теңгеден, жалпы 480 мың теңге белгіленген. Қызметке жалпы – 4 880 000 теңге қарастырылған. 

Дыбыс, жарық жабдықтары...

Ал дыбыс, жарық және сахна жабдықтарымен қамтамасыз ету және жүргізуші қызметі, орындық орнату сынды қызметтерге жалпы сомасы – 1 525 000 теңге қарастырылған.

Подиум, баннер әзірлеу, кілеммен жабдықтау, тағы да дыбыс пен жарық жабдықтау, биші қыздарды шақыру, ыдыстарға тапсырыс беріп, орындықтарды жалға алу қызметтеріне жалпы сомасы – 663 000 теңге белгіленген. Тағы да 200 орындықты жалға алу, 80 дана үстел мен шатер орнату қызметіне – 430 000 теңге бөлінген. Жарнамалық жұмыстарға – 2 950 000 теңге қарастырылған. 

Іс-шара өтетін жерді ауыз сумен, дәретханамен, қоқыс контейнерімен қамтамасыз ету, қол жуатын орын әзірлеп, алтыбақан мен киіз үй құру, блогерлердің келуін, сымсыз интернетпен қамтамасыз ету және тағы басқа қызметтерге жалпы сомасы – 5 227 000 теңге бөлінген.  

Жанжалға не себеп болды?

Жамбыл облысында халықаралық қызғалдақ фестивалі жанжалмен аяқталды. Ұйымдастырушылар шараға қатысушыларды жойылып кетуі мүмкін гүлдер өскен жерге шақырған. Ол жерде әдемі көріністер мен іс-шаралар болатыны алдын-ала айтылған. Дегенмен қонақтар діттеген жерге жете алмаған. 

Ұйымдастырушылар 3 мамыр күні таңертең Тараздан 10 автобуспен мыңға жуық адамды алып, Қаратаудың баурайына жеткізген. Ол жерде қонақтарды Нива және ПАЗ көліктері күтіп алуы керек болған. Дегенмен межелі жерге жеткенде олар көлікте жанармай таусылғанын айтып, сылтауратыпты. 

Фестиваль өтетін жерден 10 шақырым жерде қалып кеткен халық межелі орынға жаяу баруды шешкен. Алайда тауға шығу бесік арбасы мен бала-шағасы бар аналарға, қарттарға қиынға соққан. Олар алға я артқа жүрерімізді білмей дал болдық дейді. Қонақтар қалаға бару үшін көлік жүргізушілеріне өтініш айтқан. Олар жеткізуге 100 мың теңге сұрапты. Қонақтар әбігерге түсіп жатқан тұста, тау бөктерінде фестиваль қызып жатқан. 

Онда ұйымдастырушылар уәде еткендей, қызғалдақпен жасалған ең үлкен киіз кілемнен Қазақстан рекорды орнатылды. Сауыншылар бие сауу арқылы ақшалай жүлдені сарапқа салды. Германия, Украина, Қырғызстан және Нидерландыдан келген шетелдік ғалымдар бұл жағдайға таңданысын білдірді. Ал мінберге шыққан шенеуніктер халықты табиғи мұраға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Дегенмен сол сәтте-ақ ұйымдастырушылар тарапынан қызғалдақтар тапталып үлгерген. Жиынға қатысушылардың бірі: экологтар қайта қарап отыр, мұны таптаған ұйымдастырушыларға миллиондаған айыппұл салына ма, деп шағымын білдірді. 

Фото: Видеодан скрин

Көпшіліктің наразылығынан соң шенеуніктер, фестивалге халықтың көп жиналғанын айтты. Олардың мәліметінше, жиынға келуі тиіс 3 мың адамның орнына 5 мың адам жиналған. 

"Тараз қаласынан жолға шыққандардың барлығын екі рейспен алып кету керек еді. Бірақ жеке көлікпен келген қонақтар көлігін Есейхан ауылына қалдырып, Пазиктерге ауысып мінді. Мұндай ауқымды фестиваль бірінші рет өткізілді. Сол себепті барлық тұрғындардан кешірім сұраймыз", – деді Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жұрабекова.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 06 Мамыр, 2025 19:11
Талқылау