Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жол жөндеу, байланыс сапасын көтеру: Туризм саласының өкілдері курорттық аймақтардағы нақты проблемаларды атады

Алакөл курорттық аймағыФото: gov.kz

Кәсіпкерлер демалыс орындары мен туристік орталықтардың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін бірқатар проблеманы атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кәсіпкерлердің айтуынша, сондай проблемалардың бірі – курорттық аймақтарда электр қуатының үзілуі. Маусым айының басында кенеттен электр қуаты өшіп, құрал-жабдықтар зақымданған.

"Интернеттің қолжетімділігіне қарамастан, биыл Kcell және Activ операторларының байланыс сапасы төмен болды, бұл туристерге қызмет көрсету деңгейін төмендетеді", – дейді кәсіпкерлер.

Көшелерді жарықтандыру, ішкі жолдарды жөндеу, жұмсақ инфрақұрылым элементтерінің жоқтығы, қатты тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығару, сумен қамтамасыз ету мәселелері де өзекті күйінде қалып отыр. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құтқарушылардың жоқтығы, су көлігін реттеу де маңызды мәселе ретінде аталып өтті.

Сондай-ақ оңтүстік пен шығыс жағалауды байланыстыратын бірден-бір жол болып саналатын 8 шақырым жолды жөндеу өзекті мәселе болып отыр. Бұл жол Жалаңашкөл арқылы өтеді. Алайда оған қаржы қарастырылмаған. Осыған байланысты кәсіпкерлер бұл учаскені уақытша толтырып, тегістеуді талап етіп отыр, өйткені автотуристер мен демалыс орындарына өнім жеткізушілер осы жолмен жүреді екен.

Айта кетейік, жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл маңындағы демалыс орындарын ретке келтіруді тапсырғанын жазған едік. Президент үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды тапсырды.

Аида Тақабаева
Жұма, 11 Шілде, 2025 18:28
Талқылау