"Жоғары лауазым үшін қомақты қаражат сұрауда": Алаяқтар ҚР Индустрия министрі атынан қоңырау шалған
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев әріптестеріне оның атынан телефон соғып, ақша үшін мансап сатысын көтеруге көмектесуді ұсынатын алаяқтар туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Достар! Бүгінде белгісіз нөмірлерден қоңырау шалу арқылы алаяқтық әрекеттері жасап жүргендер көбейіп кетті. Оған мысал, әріптестерім хабарласып, менің атымнан қоңыраулар келіп жатқанын айтты. Әңгімелесу барысында оларға мансап жолын көтеру үшін белгілі бір сома сұралған. Ал қарсылық танытқандарды қызметтен босатыласың деп бопсалаған", – деді министр Telegram желісіндегі хабарламасында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, алаяқтар белгілі бір басшылық лауазымды бекіту процедурасы көп уақытты алатынын айтып, хабарласқан адамынан ұсынысқа жедел түрде жауап беруін сұраған. Өскенбаев мұндай ұсыныстардың өзінен түсіп жатқанына сенбеңіздер дейді.
"Құрметті әріптестер, қымбатты достар, сіздерден қырағы болуларыңызды және бос арандатушылықтарға бой алдырмауларыңызды шын жүректен сұраймын! Сондай-ақ жоғары лауазымға тағайындау конкурс негізінде, уәкілетті органдардың келісімі бойынша жүзеге асырылатынын атап өткім келеді. Мұндай жауапты іс қоңырау шалумен шешімейді", – деп қосты ол.
Өскенбаев осындай ұсыныстармен алаяқтар қоңырау шалған жағдайда жеке хабарлама жіберуге немесе ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысына хабарласуға шақырды.