Жиналыс кезінде бейәдеп сөздер қолданған: ШҚО-да спорт басқармасының басшысы жазаланды
Фото: Видеодан скрин
Жиналыс кезінде бейәдеп сөздер қолданған Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов даулы жағдайдан кейін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің отырысында бұл мәселе қаралып, кеңес мүшелерінің басым көпшілігі қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдану туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ облыс әкіміне тиісті шара қабылдау жөнінде ұсыныс жолданды.Бұған дейін шенеунік көпшілік алдында кешірім сұраған болатын. Ал бүгін кеңес отырысында өз қателігін мойындап, онлайн жиналысқа қатысқан әріптестерінен тағы да кешірім өтінді", – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Ресми мәліметке сәйкес, аталған қызметкер 18 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді және бұл оның алғаш рет тәртіптік жазаға тартылуы.
Әкімдік өкілдері қызметкердің мас күйде болғаны туралы тарап жатқан пікірлерге де түсініктеме берді. Айтуларынша, ол “ІІ типті қант диабеті” диагнозымен есепте тұр, бұл сырқат оның физикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Шенеунік өз сөзін растау үшін медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға дайын екенін білдірген.
“Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ашықтық, мемлекеттік қызметтегі әдеп пен заң талаптарын бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын берік ұстанады. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер қатаң түрде заңнама талаптарына және объективтілік қағидаттарына сәйкес жүргізіледі”, – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желіде ШҚО шенеуніктерінің жиналыстағы сөзі қызу талқыға түскен еді.
Спорт министрлігі қолданылған қарым-қатынас форматы, сөз тіркестері мен дауыс ырғағы ведомствоның ұстанатын принциптері мен құндылықтарына сәйкес келмейтінін мәлімдеген. Кейін ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов Zoom-отырысында қолданған орынсыз сөздері үшін кешірім сұраған.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
