Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылқылар жолға шығып кетті": Куәгерлер қазақстандық футболшы отбасымен бірге ұшыраған жол апаты туралы

Таяуда отбасымен бірге ауыр жол апатына ұшырап, әкесі мен ұлынан айырылған қазақстандық футболшы Илья Байтеряковтың туыстары оқиғаның куәгерлерін тапқан. Олар жантүршігерлік жол апатының мән-жайын айтып беріпті.

Бұл туралы спортшының туған ағасы Михаил Байтеряков айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды. 

12 қазанда Александр мен Евгений көлікпен Өскеменнен Семейге бара жатқан. Олардың сөзінше, жол апатына табын жылқының жолды бөгеуі себеп болыпты. Александр мен Евгений жолдағы жылқыларды айналып өтіп үлгерген. Ал олардың артында келе жатқан көлік тізгінді басқара алмай қалып, жолдан шығып кеткен. Дәл осы көлікте футболшы Илья Байтеряков пен оның ата-анасы, жұбайы мен екі баласы болған. 

Александр мен Евгений бірден тоқтап, жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер жеткенше алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. Олардың айтуынша, жедел жәрдем 1,5 сағаттан кейін жеткен. Сонымен қатар полиция келген кезде жолда жылқылар болмаған. Сондықтан тәртіп сақшыларының жол-көлік оқиғасының нақты себебін белгілей алмағанын айтады. 

«Илья 18 қазанда жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Алайда жағдайы әлі де ауыр. Қазіргі уақытта біздің міндетіміз – тергеуге Ильяның аталған жол апатына кінәлі еместігін дәлелдеу», - дейді Михаил Байтеряков.

Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері Илья Байтеряковты Қылмыстық кодекстің «Абайсызда адам өліміне алып келу» бабы бойынша айыптап отыр. Алайда полицейлер оқиғаға қатысты ресми пікір білдіруден бас тартты. 

Еске сала кетсек, қазақстандық футболшы Илья Байтеряков отбасымен бірге ауыр жол апатына ұшыраған еді. Салдарынан кіші ұлы мен әкесі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал экс-қақпашының өзі және үлкен ұлы ауыр жарақаттанған.

Талқылау