Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе гарнизонында әскеридің өлімі: Офицер салғырттық танытқаны үшін сотталды

Ақтөбе гарнизонында оқу полигонын жарылмаған оқ-дәрілерден тазартуы тиіс офицер міндетін толық орындамаған. Салдарынан бір әскери қызметші қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

Әскери сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтөбе гарнизонының әскери сотында ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметке немқұрайлы қарады деп айыпталған әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот ақпаратына сәйкес, офицер жарылғыш оқ-дәрілерді залалсыздандырып, оқу полигонын жарылмаған оқ-дәрілерден тазартуы керек еді.

Алайда ол өзінің тікелей функционалдық міндетін орындауға салғырт қарап, оқу полигонын тазалау жұмысын әскери қызметкерге ауызша тапсырған.

Ол оқу орнын жарылмаған оқ-дәрілерден тазартуы керек еді, бірақ олай етпеген. 

Өз кезегінде әскери қызметші офицерге оқ-дәрілерді залалсыздандыру жөніндегі жұмыстар толық аяқтамастан, тапсырманың орындалғаны туралы баяндаған.

Кейінірек осы оқу полигонындағы тұрмыстық қалдықтарды жинау барысында алдыңғы залалсыздандырылмаған қалдықтардың арасында белгісіз оқ-дәрі жарылып, нәтижесінде бір әскери қызметкер қаза тапты. Екінші әскери қызметші ауыр жарақат алған. 

"Сотталушының кінәсі жеткілікті дәлелдемелермен, соның ішінде жәбірленушілердің, куәлардың айғақтары, сарапшылардың, мамандардың қорытындылары, заттай дәлелдемелер, тергеу әрекеттерінің хаттамалары арқылы дәлелденді", – деп хабарлады сот қызметі. 

Жәбірленуші тарап жазаның ауырлығы туралы шешімді соттың қарауына қалдырды. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, қылмыс белгілерінің жоқтығына байланысты ақтауды сұрады. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды (сотталушының қылмыстық жауапкершілікке алғаш тартылуы, жас балаларының болуы, жұмыс орнынан берілген оң анықтамасы) ескере отырып, сот сотталушыны екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.

Жәбірленушінің пайдасына жеті миллион теңге моральдық шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағымдануға болады.

Талқылау