"Жылқылар топырақ жеп жатыр": Маңғыстау мен Қызылордадағы малдың қырылуына не себеп болғаны айтылды
Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында жұт болды. Маңғыстауда мың жарым басқа жуық мал қырылып қалса, Қызылордада 500 дей мал өлген. Орын алған жағдайларға байланысты Арал ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Биыл аймақтарда жауын-шашын мөлшерінің аз болуына байланысты шөп шықпаған. Оған қоса, су мәселесі де малдың қырылуына тікелей себепші болған көрінеді. Қазір облыс тұрғындары жылқыны қолда ұстауға мәжбүр. Өйткені мал жем-шөбін өзі тауып жей алмайды, ішетін су да жоқ.
"Ауылда шөп жоқ. Жер қуаңшылық. Топырақ жеп жатыр жылқылар. Су да жоқ. Шөпті Қызылордадан әкеліп беріп жатырмыз", – дейді Арал ауданының тұрғыны Рахымжан Көптілеу.
Ал министрлік қазір шөптің бағасы тұрақты екенін алға тартады. Олардың сөзінше, жем-шөп тиісті мөлшерде жеткізіліп жатыр.
"Бұл жерде арзандатылған бағамен беріледі. Шаруа қожалығы болсын жеке қосалқы шаруашылық болсын, ауыл тұрғыны болсын, теміржол арқылы жеткізілетін болады", – дейді ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты департамент директоры Еркебұлан Ахметов.
Аудан әкімдігі жұтты болдырмау үшін бірқатар шаралар жасалып жатқанын алға тартты.
"Ауданға қажетті 7500 тонна шөптің қазір 576 тоннасы келді. Күніне 1-2 камаз келіп тұр. Сыр бойындағы 12 елдімекенді қамтыдық. Сонымен қатар Қазалы ауданында Мерей Есқожаев деген кәсіпкер 250 тонна жоңышқаны тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратты. Қыстан көтерем шыққан мал суатқа барғанда жиегіндегі батпақтарға батып өліп жатыр. Қазіргі таңда суаттардың басында тиісті кезекшіліктер, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты құтқару жасағы қойылды", – деп түсіндірді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.
Ал облысы әкімі облыста төтенше жағдай жариялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
"Төтенше жағдай бойынша ол бір аптаның ішінде белгілі болады. Малдың кемуі болмаса, көмек жеткілікті болса төтенше жағдай болмайды”, – дейді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова.
Экологтардың пікірінше, бұл жағдайға облыс аумағында жауын-шашынның аз болуы себеп болғанын алға тартады.
"Көктемгі тасқын судың болмауына байланысты. Біздің жайылымдар мен шабындықтар көбіне тасқын сумен суарылады", – дейді экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Мұрат Бейсенов.
Ал Маңғыстау өңірінде жағдай тіпті қиын. Қуаңшылық салдарынан соңғы 3 айда 1400 бас мал қырылған. Мамандар ылғал жылдадағы нормадан аз дейді. Оқиғадан кейін аймаққа астанадан ат сабылтып барғандар өңірдегі ахуалды шешу үшін жеке бағдарлама әзірлеу керек дейді. Әсіресе жерасты суларын пайдалануды көздеп отыр.
- Маңғыстаудағы малдардың қырылуы: Министр жағдайға аудандық әкімдікті кінәлады
- Сирек кездесетін жануар: Маңғыстауда өлі қабылан табылды
"Маңғыстау өңірінде жалпы биылғы түскен жауын-шашынның жылдың басынан мамыр айына дейін 2 мм-30мм шамасында түскен. Бұл өңірге жеткіліксіз", – дейді “Қазгидромет” ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев.
Қазір Қызылорда мен Маңғыстау облысына іргелес аудан, өзге облыстардан мал азығы тасымалдануда. Бұдан бөлек, азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы 600 тоннадан аса жем жеткізіледі. Сол үшін бюджеттен қаржы бөлінді.
“Кеңес Одағынан бері 311 скважина қазылған. Бұлардың 83 жауып тастаған. Қалғаны жұмыс істеп тұр. Мысалы аудандық басшыларға сол құдықтардың аясында арнайы дамбылар салып, жем-шөп базасын қалыптастыруға ауыл тұрғындарының тарапынан болсын, ауылшаруашылығы құрылымдарының тарапынан тікелей өтінімдер болған. Көп жағдайда нақты жедел шаралар қабылданбаған. Жұмыс тобы тарапынан да облыс әкімдігіне ұсыныс берілді”, – дейді ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты департамент директоры Еркебұлан Ахметов.
Маңғыстау мен Арал өңіріндегі ахуал өзге өңірлерде де қайталануы мүмкін. Ертістен басқа, еліміздегі бассейндерде су тапшылығы туындайды дейді сала мамандары.
"Соңғы он жылдың ішінде климаттың күрт өзгеруі, жылып кетуі, мұздардың еруі. Іле Алатаудың сол жақ бөктеріндегі жылдағыдан екі-үш есе төмен болды. Соның әсерінен көктемгі жауын-шашында аз болды. Соның салдарынан Қапшағай су қоймасында, Іле өзенінің бассейінде су тапшылығы байқалады", – дейді экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Мұрат Бейсенов.
Бұған дейін Маңғыстау облысында аштықтан құр сүйегі қалған жылқылардың суреттері желіде тарады. Жергілікті тұрғындар жайылымдардың кеуіп қалғанын, жылқы жемінің жетіспейтінін хабарлады.
Оған қоса, Арал ауданында қойлардың қырылып жатқаны белгілі болған еді.