Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылдам тамақтандыру кафесі, садақ ату орталығы": Жастарға арналған микрокредит арқылы ашылған кәсіп иелері қандай жетістікке жетті

Еліміздің әр аймағында жастарға берілетін микрокредит арқылы кәсіп ашып, табысқа шығып жатқандар көп. Жеңілдетілген микрокредит көмегімен ойға алған жоспарын іске асырған табанды жастар тәжірибесімен бөлісті.

2,5 пайыздық шағын несиеге өтінім беріп, оны сәтті пайдалана білгендердің бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Дина Әбенова. Жастарға арналған микрокредитті алудағы мақсаты - бала күнгі арманын орындап, кафе ашу болды. Дина ата-анасының жолын қуып, қоғамдық тамақтану саласында еңбек етуде.

"Мен бизнес-жоспар құрып, жастарға арналған микрокредитке өтінім бердім. Жобамды облыстық комиссияның алдында сәтті қорғадым. Маған 5 млн теңге микрокредит берілді. Оған кафеге қажетті жабдықтар алдық", - дейді павлодарлық кәсіпкер. 

Павлодарда ашылған Cobra dogs жылдам тамақтану кафесі бес айдан бері сәтті жұмыс істеп келеді. Динаның айтуынша, кафе ғимараты жалға алынған. 

"Бұл микрокредиттің бір ыңғайлы тұсы – бізге бір жылға дейін төлем жасаудың қажеті жоқ. Біздің енді бастап жатқан кәсібімізді аяққа тұрғызып алуға септігі тиіп жатыр. Кәсібімізден тұрақты табыс тапқанша бізге жеңілдік берілген", - дейді ол.

Жылдам дайындалатын тағам кафесі – Динаның осы саладағы алқашқы қадамы. 

"Бұл менің алғашқы тәжірибем. Ал идеясы бала кезімнен бері ойымда жүрген арманым еді. Өйткені ата-анам да кезінде түрлі салат, тағамдар пісіріп сататын, маған ол қызық болды", - дейді павлодарлық.

Мейрамхана өз тұтынушыларына жастар сүйіп жейтін хот-дог, бургер, донермен қатар, алып жүруге ыңғайлы кофе ұсынады. Павлодар тұрғындары тағамға мейрамханада тапсырыс беруге, сондай-ақ өзімен алып кетуге немесе жеткізу қызметі арқылы үйіне алдыртуына болады. 

"Бізде тағамдардың бағасы қолжетімді, әсіресе студент жастар үшін қолайлы", - дейді кәсіпкер. 
Мейрамхана ашардан бұрын Дина Әбенова ғимараттың орналасатын жеріне қатты мән беріп, таңдап жүріп тапқанын айтады.

"Біздің мейрамхана музыкалық колледж жанында орналасқан, қаладағы үлкен көшенің бойында, адамдар көп жүретін жерде тұр. Бізге бұл жер сол үшін ұнады", - дейді ол.  

Қазір кәсіпкер үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал Динаның жұбайы мейрамхананың бас аспазы. Әзірге кәсіптен түскен қаражат қайта сол іске салынуда. 

"Мен бұл кәсіптен қазір көп табысқа шықтым деп айта алмаймын. Өйткені біздің ашылғанымызға көп бола қойған жоқ. Енді аяғымызға тұрып, кәсібімізді қолға алып жатырмыз. Және бұл жерде, ең бастысы, микрокредитті өтеуге бір жыл каникул беріліп отыр, ол бізге тиімді. Себебі біздің салада бәсекелестік өте жоғары. Біз қазір ақша табу үшін емес, кәсібімізді дөңгелетіп, елдің сенімінен шығу үшін сапаға жұмыс істеп жатырмыз", - дейді ол.

Жастарға арналған жеңілдетілген 2,5 пайыздық микрокредиттің пайдасын өскемендік Ажар Төлеуханова да көрді. Ол өзінің хоббиі - садақ ату өнерін отбасылық кәсіпке айналдырып отыр.

"Хоббиден кәсіпке айналды. Өте қатты ұнайды, спорт ретінде айналысамын. Қазір БАҚ арқылы дәл осы дәстүрлі садақ ату халыққа насихатталып жүр. Осы ұлттық спорт түрін әрі қарай дамыту керек деп, чемпионаттарда ШҚО  намысын қорғайтын мергендер керек екенін ескеріп, оның үстіне Өскеменде кәсіпқой мергендер мектебі жоқ болғандықтан, ашуға бел будым. Сәтін салып, осы жылы 14 қазанда Өскеменнің орталығында ашылдық", - дейді Ажар Төлеуханова.

Айтуынша, садақ ату өнеріне сұраныс өте жоғары. 

"Жалпы садақ ату - жас пен жыныс талғамайтын әдемі спорттың түрі, кішкентай баладан ересектерге дейін айналысуға болатын, денсаулыққа, оның ішінде көзге, тыныс алу жүйесіне пайдалы, ойдың жинақталуына және қойған мақсатқа жетуге көмектесетін, эмоционалдық тұрғыда сабырлыққа үйрететін спорт. 

Кезінде ата-бабамыз "балаңа садақ ату, суда жүзу, атқа мінуді үйрет" деп бекер айтпаған", - дейді ол.

Ажар Төлеуханова бұл үлкен іске келу қиындау болғанын жасырмайды. Алайда өз ісін бастауда біріншіден, отбасы, қолдаушылары демеу болған. 

"Екі рет декреттік демалысқа шығып, үзіліс жасасам да, садақ атуды тастаған жоқпын. Оған жұбайым, ата-енем барлық жағдайды жасап, үйдің қасынан 60 метрлік алаң салып берді, баламды бағысып, садақ атуға толықтай мүмкіншілік беріп, осы спортты дамытуға көмектесті. Қазіргі таңда мен ата-енемді, өз ата-анамды да осы спортқа баулып алдым. Менімен бірге  жарыстарға қатысып, жүлделі орын иеленіп жатыр, яғни, отбасымызбен садақшымыз деп айтуға болады", - дейді ол7

Екіншіден, орталықтың ашылуына мемлекеттен алған 2,5 пайыздық микрокредиттің көмегі тиген. Садақшының айтуынша, бұл спортқа арналған зал өте үлкен болуы керек, сондықтан ондай жерді жалға алу қымбатқа түседі. 

"Менде жаңа бастап жатқан кәсіпке қатысты қобалжу бары рас, бірақ бәрі реттеледі деген ойдамын", - дейді ол.

Ашылғанына бір айдан енді асқан орталыққа келушілер саны күн санап артуда. 

"2024 жылғы балалар чемпионатын Өскемен қаласында өткізуге өтінім бердім. Сол себепті қазір менде барлық акцент балаларға қойылып отыр. Жалпы бұл жарақат алу қаупі жоғары спорт түрі болғандықтаан тек арнайы жаттықтыру залында, тек аккредиттелген жаттықтырушылар өткізе алатын секция. Сол себептен 100-ден 10-ы суырылып шықса соның өзі жетістік", - дейді ол.

Садақшы осындай ұлттық идеяларға қайтарымсыз гранттар берілсе деген тілегін де айтты. Ажардың алға қойған мақсаты – өскемендік жастар арасында, балалар арасында мықты чемпиондар шығару.

Талқылау