Игі істер күні: Jusan Bank қызметкерлері "Ана мен бала" орталығына жәрдемдесті
Наурыз - Жаңа жылдың басталуы мен көктемнің келуін білдіретін мереке. Бұл жаңарудың, қуаныш пен үміттің мезгілі болса, Наурыз мейрамын тойлаудың тағы бір жолы – өзгелерге жақсылық жасау. Бұл күні адамдар жақсы іс істеуге ұмтылып, өзгелерге игілік көрсету арқылы көпшілікті мейірімді, қайырымды әрі рақымды болуға шақырады. Наурыз мейрамының өзге атаулы күндерден ерекшелігі һәм бір төбе болып тұруы да осыдан. Jusan да басқаларынан қалыс қалмай, бұл күнді қайырымды істерге арнады.
Игі істер күнініне орай Jusan көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Шараның ұйымдастырушыларының бірі, Jusan Bank қызметкері Әсел Тоқтарбекова мұндай шараларға жиі қатысатынын сөз етті.
"Алматылық әріптестерімізге "Ана мен бала" орталығына көмектесуді ұсындық. Біз қамқоршылық үйінің тұрғындары үшін қажетті өнімдердің тізімін жасадық, ол тізімнен әркім өзіне қажетті затын таңдай алады", - дейді Әсел Тоқтарбекова.
"Ана мен бала" - өмірдің қиын жағдайына тап болған әйелдер мен балаларды оңалту және бейімдеу орталығы. Қамқоршылық үйі 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді және көптеген әйелдерге қолдау беріп, баспана мен жұмыс табуға және білікті медициналық көмек алуға көмектескен. Жыл сайын бұл жерде жүзден астам адам емдеуден өтеді. Бұл тағдырлары тоғысқан әйелдер мен балалар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, мүгедектер мен жалғызбасты зейнеткерлер.
Бұл қайырымдылық пен еріктілердің көмегінің арқасында ғана жұмыс істеп келе жатқан коммерциялық емес ұйым. Орталық Алматы қаласында орналасқан.
"Jusan Bank-ке алғыс айтқымыз келеді. Бұл әлеуметтік дамуға үлкен жәрдем әрі өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын әйелдер үшін таптырмас көмек. Қазір банк қызметкерлері оларға көмектесіп, жақсылық пен мейірімге сенімін жоғалтпауға мүмкіндік сыйлады", - дейді орталықтың қызметкері Эльмира Зұлқайнарова.
Jusan игі істі жалғастыра отырып азық-түлік жинап, орталыққа апарып беріп қана қоймай, әрі сол аумақта сенбілік өткізді. Сонымен қатар банк қызметкерлері балаларға сыйлықтар беріп, олармен бірге ойнап, көңілдерін көтерді.
Көңілдің ашықтығы мен мейірімділігі, қолындағы барын мұқтаж адамдармен бөлісуге бейім болуы қазақ халқының генетикалық ерекшелігі десек, сірә, қателеспейміз. Осы кезекте айтулы күні орындауға болатын өзге де игі істер жайлы тарқатып өтейік.
Жақсылықпен бөлісу. Наурыз – қуаныш пен жаңару мезгілі, ал мейірім мен жақсылықты тарату – мерекені тойлаудың тамаша тәсілі екеніне дау жоқ. Бұл күні адамдар бір-біріне жылы сөздер айтып, үйіне қонаққа шақырып дәм ұсыну арқылы мерекелік көңіл-күйді таратады.
Ағаш отырғызу. Көктемде жерге тал егу – игі іс. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" дейтін қазақ ағаш отырғызу ісіне баса мән берген. Әрі наурыз табиғаттың мейрамы және көктемнің келуі екеніне мән берсек, ағаш отырғызу мерекелік дәстүрді атадан балаға мұра ету амалы.
Үлкен кісілері бар үйге кіріп, сәлемдесу. Наурыз көже жасап қана қоймай, әр үйдің наурыз көжесінен дәм тату дәстүрі бар. Сондықтан, әсіресе, үлкен кісілері бар үйге кіріп, амандасып, хал сұрасу наурыздың ерекшеліктерінің бірі.
Өзгелерге көмек беру. Наурызда адамдар игі істер жасап өзгенің өміріне де қуаныш сыйлауға тырысады. Наурыз мейрамында көңілі түскен адамдарға көмек беріп, бүкіл халық олардың да мейрамды бәрімен теңдей көңілді қарсы алуына жағдай жасаған. Елімізде жетімдер үйі, қарттар үйі, панасыз қалғандарға көмек көрсететін көптеген ұйым бар. Осылайша, жылдың басында жасалған жақсылық жылдың аяғына дейін жалғасып жатады.
Ерікті болу. Қазіргі заманда адам үшін ең бағалысы – уақыт. Сондықтан науқастардың жағдайын біліп, қоғамдық орындарды тазалау секілді жұмыстарды атқару арқылы өз уақытыңызды біреудің қуанышы үшін жұмсауға болады.
Ренжіткен адамнан кешірім сұрау. Өмірде әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Кей жағдайда біреуді ренжітіп алсақ, кейде біреу бізді ренжітіп, көңілімізге қаяу салып жатады. Наурыз мейрамында ренжіскен адамдар құшақтасып, татуласады. Өкпенің бәрі өткен күннің еншісінде қалсын деген тілекпен бір-бірін кешіреді.
Наурыз – көктемнің келіп, жаңа жылдың басталуын білдіретін айтулы мереке. Басқаларға жақсылық жасау арқылы адамдар бұл қуаныш пен позитивті өзге жандармен бөлісе алады. Жоғарыда айтылғандай, өзгелерге көмек беру, ағаш отырғызу, ерікті болу сондай-ақ өкпе-ренішті ұмыту секілді Наурыз мейрамын пайдалы тойлаудың түрлі жолдары бар. Ал ертеңгі Шымырлық пен шеберлік күні жайлы ой өрбітетін боламыз.