Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жезқазғанда наразылық шеруі өтті: Оқиғаның мән-жайы белгілі болды (видео)

Әлеуметтік желілерде Жезқазғандағы "Қазақмыс" корпорациясының қызметкерлерінің жалақыны көтеруді талап етіп, наразылыққа шыққан видеолары таратылуда. Бұл жағдайға Жезқазған қаласының әкімдігінде түсініктеме берілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жезқазғанда "Қазақмыс" корпорациясының мердігерлік ұйымы болып табылатын "KM TRANCO" ЖШС филиалының қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартқан. Кәсіпорын ғимаратына жиналған жұмысшылар бірқатар талаптарын алға тартты.

Адамдар жиналған жерге қала әкімі Қайрат Әбсаттаров келді. Әлеуметтік желілерде олардың адамдармен сөйлескен сәттерінің видеосы пайда болды.

Бейнежазбалардың бірінде әкім наразылық танытқандардың жұмысқа оралуын сұрап, талаптары орындалатынын айтып сендіреді.

Жезқазған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл жағдайға түсініктеме беріп, қазіргі уақытта қалада жағдай тұрақты екенін атап өтті. Компания қызметкерлерімен келіссөздер жүргізілуде.

"KM TRANCO" кәсіпорнында жұмысшылардың жалақысының өзгеруіне байланысты еңбек дауы туындады. Мән-жайды түсіндіру үшін Жезқазған қаласының әкімі қызметкерлермен кездесіп, жұмысшыларға 13-ші жалақы төленетінін және жалақы қайта есептелетіндігін түсіндірді. Қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС бас директорымен кездесулер өткізіледі", - деп хабарлады әкімдіктегілер.

Кейін белгілі болғандай, наразылық білдірушілер жалақыны жүз пайызға көтеруді талап етіп, басшылыққа бірқатар талаптар қойған.

Айта кетейік, 24 шілдеге қараған түні Сәтпаев қаласында 5 жасар қыз жоғалды. Сәтпаев тұрғындары 5 жасар қызды ұрлап кеткен күдіктіні жазаламақ болғаны туралы жазған едік. 


STAN.KZ
Жұма, 11 Желтоқсан, 2020 14:13
Талқылау