Жетісу облысында алтын іздеген белгісіз біреулер ауыл маңын қопарып, қазып тастаған
Жетісу облысында белгісіз біреулер алтын кенін жаппай қазып жатыр. Ауылдан 25 шақырымға жуық жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған. 2-3 жылдан бері қазба байлық іздегендер ойды да, қырды да қопарып жатыр, дейді тұрғындар. Бұған ауыл тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, осының кесірінен жайылым жердің тапшылығы туындаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: кадрдан скриншот
Ақсу ауданына қарасты Суықсай ауылында гектарлап қопарылған жер көп. Тұрғындар, "асын ішіп аяғына тепкендей, алтын іздеген компаниялар керегін алып, жерді қопарып кете берді" деп күйінеді. Соның салдарынан қазылған орындардың айналасы қоқысқа толған. Жұрт жайлауға шығатын сайды қопарып, тынымсыз тас алатын заңсыз кәсіпкерлердің жұмысына қарсы. Өйткені осы жұмыстардың кесірінен мал жаятын жер қалмаған.
“Мына әңгіме ұзарып жатыр, тоқтату керек. Бірінші жыл емес, бәрі біліп отыр. Қазіргі әкімнің алдында басталған. Тоқтату керек, бақылайтын орган бар ма өзі? Мына жолды, жайлауға шығатын жолды халық жасаған, енді оның быт-шытын шығарды да кетті”, – деп ашынды Суықсай ауылының тұрғыны Сайлау Сексенбаев.
Өңір тұрғындары тиісті мекемелердің осы мәселеге қатысы бар деп күдіктенеді. Өйткені тау-тасты қопарып қазба байлық іздегендерге бірнеше жылдан бері ешкім тосқауыл болмаған көрінеді.
“Біздің талап – жөн-жосықсыз қазуды тоқтату. Біріншіден, экологиямызға зиян, одан соң біздің табиғатымызды, кереметтей жерімізді қазғылау деген дұрыс емес. Мұнда тарихи орын болған, оның бәрі қазір жермен жексен болды. Ал мынандай бассыздыққа біз жол бермейміз”, – дейді ауыл тұрғындарының бірі Боранбек Жексенбек.
Жиналған жұртпен кездесуге аудан әкімінің орынбасары келді. Ол бұл мәселені кеше ғана білгенін айтады. Енді құқық қорғау органдарына тапсырамыз, тұрғындар тілегі ескеріледі, деп сендірді.
“Бұл жердегі жұмыстың бәрі заңсыз. Бізден де, басқа органдардан да рұқсат алынбаған. Біз хабардар болғанымызға міне 1-3 күн ғана болды. Ешкім айтқан жоқ бізге”, – деп ақталды Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев.
Үш жылдан бері ауыл маңын қопарып қазып, алтын тауып жүргендердің барлығын жергілікті әкімдік білмесе де, суықсайлықтар жақсы біледі. Егер мұнымен заңсыз іс бітпесе, жоғарыға шағымданамыз деп отыр.
Бұған дейін Жетісу облысында шенеуніктердің кесірінен бір жасқа дейінгі 7 мың сәби полиомиелитке қарсы екпе ала алмай қалғаны хабарланған еді.