Қазақстанға ЛГБТ насихатына тыйым қажет пе? Депутаттар мен белсенділердің пікірін тыңдадық
Фото: Shutterstock
Мәжілісте бір жынысты неке мен педофилияны насихаттауға тыйым салу қайта көтерілді. Енді бұл нормалар Сенатқа жолданбақ. Түзетулер енгізіп отырған депутаттар заң жобасы отбасын сақтап, балаларды қорғау үшін қажет екенін, кемсіту, қорлау емес, ұлттық құндылықтарды сақтау үшін қажеттігін алға тартады. Ал белсенділер бұның соңы саяси қуғын-сүргінге алып келеді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бір жынысты неке ашық насихатталады
Бұл мәселе Мәжілісте осыдан бір жыл бұрын көктемде көтерілді. АҚШ президенті Доналд Трамтың әйел мен ер адамның одағын неке деп тану туралы мәлімдемесінен кейін халық қалаулылары ұлттық болмысымызға жат құбылысқа қарсы шығып, бірқатар шектеулерді көздейтін заң жобасын әзірлеу керектігі туралы бастама көтерді. Сол кезде депутаттар Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев ҚР Қылмыстық кодексіндегі 174-бапқа (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, сословиелік немесе діни алауыздықты қоздыру) қосымша түзету енгізуді ұсынған еді. Олар баптың мәтінін "оның ішінде дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттау арқылы" деген сөздермен толықтыруды ұсынды. Кейін бұл тақырып уақытша тоқтап қалғандай болды. Журналистердің сауалына депутаттар мәселені әлі пысықтап жатқандарын жеткізді.
Мәжіліс депутаттары бір жыл үзілістен кейін істі қайта қолға алғандарын мәлімдеді. Депутат Ирина Смирнованың айтуынша, қазіргі таңда бір жыныстық қатынас, неке ашық насихатталалады. Бұл бір жынысты адамдарға тыйым салу емес, әркім қалай өмір сүрсе өз еркі. Бірақ насихаттауға тыйым салынады.
Оның айтуынша, кітапханаларда “ханзада ханзадаға ғашық болады”, “екі ұл бала бір-бірін жақсы көреді” деген секілді туындылар баршылық. Мұндай мазмұндағы мультфильмдер, журналдар, комикстер де бар. Оларды көруге рұқсат етілген. Мұның бәрі енді белгіленіп, қарастырылатын болады. Енді заңда бұның бәрін насихаттауға тыйым салынады.
Заң қабылданса, дәстүрлі емес жыныстық қатынасты жақтайтын белсенділер ғана емес, ЛГБТ туралы жазба, ту, белгіні қолдап қолданатындардың бәрі жазаланатын болады.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың айтуынша, дәстүрлі емес жыныстық қатынас пен педофилияны насихаттауға заң жүзінде жол берілмейді. Қоғам дүрлігетін өзгерістер жоқ. Тек балалар мен жасөспірімдерге бір жынысты қатынасты насихаттауға тыйым салынады. Алдымен айыппұл салумен шектеледі, екінші рет қайталанса, айыппұл көлемі екі есе ұлғайтылып, жиырма күнге дейін қамауға алынады.
ЛГБТ-ны жақтаушылар насихаттау ойдан шығарылған деп ақталды
Ал ЛГБТ- қоғамдастық өкілдері қоғамда керісінше ешқандай насихаттау жоқ екенін айтып ақталуда. Алматыда бас қосқан бір топ ЛГБТ-қоғамдастық және адам құқығын қорғаушылары өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің шектелгенін алға тартты.
Белсенді Абдель Мұхтаровтың айтуынша, "ЛГБТ-ны насихаттау" ұғымы ойдан шығарылғанын айтты.
"Мұндай насихаттау жоқ. Ешкім адамды өз болмысына қарсы шығуға көндіре алмайды. Мәселе – қоғамның бір бөлігі болу құқында. Біз ерекше құқық сұрамаймыз, тек Конституцияда кепілдік берілген өмір сүру, бостандық және қадір-қасиет құқығының сақталуын қалаймыз", - дейді ол.
Белсенді Гүлдана Сержан Қазақстан жастары әділетсіздікке бірнеше рет қарсы шыққанын айтты.
"Желтоқсан, Қаңтар оқиғасына, жастардың наразылықтарына қараңыз. Барлығы зорлықпен және басу арқылы аяқталды. Бізді Кеңес Одағынан бері бағындыру үшін осылай ұстады. 30 жыл өтті, бірақ тәуелсіз Қазақстанда өскен ұрпақты қайтадан колонияға айналдырылуда", - деді ол.
Белсенді Дарима Руслан соңғы жылдары әлеуметтік оқшаулану мен мүмкіндікті шектеу күшейіп келе жатқанын, бұл кейбір азаматтардың елден кетуіне себеп болғанын айтты.
"Қазақстаннан 300 мыңнан астам адам кеткен. Бір жынысты болғаны үшін кемсіту, мүмкіндікті шектеу, әлеуметтік оқшаулау себеп болған. Соңғы екі жылда мұндай жағдайлар шамамен 40% өсті", - деді ол.
Белсенді Абдель Мұхтаров заң жобасын қабылдау қайғылы жағдайлардың өсуіне себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Бір жынысты жасөспірімдер арасында қорлаудан көз жұмғандар көп, бірақ ол жайлы айтылмайды. Егер түзетулер қабылданса, қайғылы жағдайлар саны артуы мүмкін. Әлеуметтік желілер ориентацияны өзгерте алмайды. Жеккөруге үйретуге болады, бірақ бір жынысты болуға үйретпейді", - дейді ол.
ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заң жобасына кімдер қарсы
Әлеуметтік желіде ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуға қарсы шығып жатқандар арасында аудиториясы қалың блогерлер де бар. Солардың бірі Jurttyń Balasy YouTube-каналының авторы, блогер Данияр Мұрат ұлтекелер мен қызтекелердің құқығын қорғап сөйлеп, елде бұдан басқа мәселе жоқ па, олар ешкімге кедергі келтіріп жатқан жоқ деп көсіліпті.
Айтуынша, әлемде елді басқарып жүргендер арасында ашық қызтекелер де бар. Яғни, олар саналы, өресі биік адамдар. Олардың да қоғамның бір бөлігі болуға қақысы бар. Оларға тиіспеу керек деген секілді ашық насихат айтыпты. Бұл жерде ЛГБТ өкілдерінің мүддесін қорғау анық сезіледі. Бұнық артында үлкен қаржылық топ тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Осы орайда әлеуметтік желіде ақ пен қараны анық ажыратып көрсеткен журналистің жазбасы көптің көңілінен шықты.
"Жақында ұлы Алматыда университетте оқитын көрермен хабарласты. Қыркүйекте баласы үш жігітпен пәтер жалдайды. Әйелі ұлымен бірге тұратын екі студентті тиктоктан көріп, шалқасынан түседі. Ұлымның ойы бұзылып жүргенін қалай байқаймын деп кеңес сұрайды. Мен қайдан білейін? Тикток желісінде қазақ жігіттері қыз қылықты екенін ашық жарнамалап жүр. Бөксесін бұлтыңдатып, бірін-бірі көзбен аймалайды . Әркімнің жеке өмірі деп қолды бір сілтеуге болмайды. Балалардың әлеуметтік желілерде не тамашалап жүргенін ата-ана қайдан білсін?", - деп жазған журналист Жазира Бегалы бұл заңның Қазақстанға керек екенін айтты.
Журналист Мәжіліс депутаттары қолдаған "ЛГБТ насихатына" тыйым салуға арналған заң жобасына наразы топтар бала санасына әсер етпейді деп ақталатынын айтады.
"Қалай әсер етпейді? Бала тұрмақ, білімді азаматтар әлеуметтік желілердегі жазбаға сеніп, Сирияға қаңғып кетті емес пе. Жалпы заң жобасы ЛГБТ өкілдеріне қарсы емес, оны насихаттауға рұқсат бермейді. Соған ұлардай шулап жүргендерді кім қаржыландырып отыр? Егер заң қабылданса ЛГБТ-ны насихаттаушы 20 АЕК айыппұл төлейді немесе 10 тәулікке қамалады.
Ал енді Мұрат Данияр деген азамат заң жобасына қарсылығын саясатпен сабақтастырып, әйтеуір өзге елдің саясаткерлерін үлгі қылуға тырысыпты.Біздің елде ешкім ЛГБТ жойылсын деп жатқан жоқ. Заң жобасын бұрмалаудың қажеті жоқ. Кемсіту, шеттетті деп байбалам салу да артық. Үгіттеуге жол бермеу керек. Баланың психикасы нәзік. Кез-келген үгіт, насихатты іріктеп, жаман мен жақсыны ажырата алмайды. Сондықтан өзіне жат қылықты санасына қалай сіңіріп алғанын өзі де түсінбейді. Бұғанасы қатпаған жасөспірім есейгенде өз таңдауын жасауы тиіс. Әлгіндей үгіттеу оның миына тықпалау. Сондықтан бұл заң жобасы қажет", - дейді журналист.
Ұлттың болашағына балта шабатын, қазақтың болмысына жат бұндай құбылыстың қоғамда ашық насихатталып, жастардың санасын улап жатқанын күнде көріп, естіп жүрміз. Тіпті айтуға ауыз бармайтын арсыз әрекеттерді насихаттаудың өзі ақылға қонымсыз. Сондықтан, бұған тыйым салатын уақыт әлдеқашан жеткен секілді.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді