Жеңіс күні: Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан
Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы тарихта мәңгі сұрапыл соғыс болып қалды. Фашистік Германияның зұлым жоспарына қарсы тұрған КСРО-ның құрамында Қазақстан да бар еді. Сұрапыл соғысқа Қазақстанның қосқан үлесі, маңызы мен ерлігі жайлы біздің материалымызда.
Ұлы Отан соғысы
1941 жылы 22 маусымда таңғы 4 шамасында фашистік Германия әскері КСРО-ның Брест қамалына шабуылдап, төрт жылға созылған соғыстың басталуына түрткі болды. Қамалды 7 000 совет әскері қорғаған. Оның мыңға жуығы Қазақстаннан келген жауынгерлер.
Кеңес әскері қатарында 1 миллион 200 мың қазақстандық соғысқан. Оның 600 мыңнан астамы елге оралмады. Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстанда әскери бөлімдер құрыла бастады. Соғыс уақытында Қазақстаннан майданға 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар аттанды.
Ұлы Отан соғысында ерекше ерлігімен көзге түскен, командирі генерал М.В.Панфилов бастаған дәл 316-атқыштар дивизиясы сапына жауынгерлер Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылды.
Партизан соғысы
Фашистік Германия соғыстың алғашқы жылдары КСРО-ның көп аумағын басып алған. Осы шепте 3 500 қазақстандық партизан отрядтары қатарында соғысты. Олар Украина мен Беларусь елдерінің батыс шекарасында, Молдавия мен Балтық жағалауларында әскери іс-қимылдарға қатысқан.
Партизандар сапында Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин,Әди Шәріпов, Нұрым Сыдықов, Сәтімбек Төлешов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров, Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова фашистерге қарсы соғысқан. Ал партизандар А.С.Егоров пен Ф.Ф. Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыс кезіндегі өнеркәсіп
КСРО-ның шығыс аумағында соғыс болса, оған қарама-қарсы жатқан Сібір мен Қазақстан негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. Қазақстанға өнеркәсіптер екі кезеңмен көшірілді. Бірінші, соғыс басталған жылдан 1942 жылдың басына дейін ең маңызды өнеркәсіптер Қазақстанға тұрақтады. Артынша Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлеріндегі кәсіпорындар көшірілді. Соғыстың алғашқы жылы Қазақстанда 142 кәсіпорын орналастырылып, 532 506 адам қоныс аударды. Оның ішінде, Украинадан Харьков электротехника, Подольск механика, Запорожье ферроқорытпа, Днепропетровск вагон жасау зауыты және тағы басқа маңызды кәсіпорындар Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды. Елімізге 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші, Атыраудағы (Гурьев) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.
Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Ер азаматтардың басым бөлігі соғыста болғандықтан, зауыттар мен фабрикаларда, егіс даласында әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Олар "Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!" деген ұранмен еңбектенді. Әскери өндіріс пен еңбек майданында 670 мыңнан астам қазақстандық еңбек етті.
Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85%-ын, көмірден 18%-ын, молибденнің 60%-ын, октанды мұнайдың 1 миллион тоннаға жуығын берді. Сондай-ақ мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын өндірді. Ал соғыста атылған әрбір 10 оқтың тоғызы Шымкент қорғасын зауытында құйылғаны ел арасында аңыз болып тарады.
Қаржылай көмек
Соғыс жылдары Қазақстанда танктер мен ұшақтар құрылысы үшін ақша жинау қозғалысы басталды. 1942 жылы Жалпыодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ) атындағы танк колоннасын құруға қаражат жиналып, Қазақстан комсомолдарынан 45 жаңа танк алды.
1942-1943 жылдары халық қаражатынан соғыс шебіне 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, катерлер мен атаулы ұшақтар жіберілді. Даңқты балуан Қажымұхан Мұңайтпасұлы 100 мың сомға ұшақ сатып алып, майдан шебіне жіберген. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан халқы 480,3 млн рубль жинап берген.
Ұлы Отан соғысында ерлігі еленгендер
Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 497 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Оның 97 қазақтар. Ал Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. И.Н.Кожедуб болса Кеңес Одағының үш мәрте батыры атанды.
142 қазақстандық жауынгер Солдат ерлігі орденінің иегері болды. Ал жалпы алғанда, 96638 қазақстандық сарбаз Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталды.
Соғыс жылдарындағы әдебиет
Соғыс жылдары майдан шебінде ақын да, жазушы да, малшы да мылтық ұстап, жауға қарсы күресті. Өмір мен өлімнің арасында жүрген сарбаздар Отанға деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізген. Майдангер ақын-жазушылардың қатарында Fабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжамал Нұрпейісов, Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы және тағы басқалары бар. Қалам мен қаруды қатар ұстаған Баубек Бұлқышевтың бірнеше әңгімесі соғыс жылдары газеттерде жарық көрген.
Отан соғысы үстінде ерлікпен қаза тапқан қаһармандарға арналған Жұмабек Саинның "Өмірден өксіп сен кеттің" атты жоқтауы, Ғали Ормановтың И.В.Панфиловқа арнаулы жоқтауы, Жамбылдың ұлы Алғадайды жоқтауы мен оған Кененнің көңіл айтуы жарық көрді. Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов сынды тұлғалардың шығармалары ел арасында кеңінен таралды.
Жеңіс күні
Ұлы отан соғысы 1945 жылы 8 мамырда түнгі сағат 22:43-те Берлин түбіндегі Карлсхорстта Кеңес Одағы, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция алдында фашистік Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде актіге қол қойымен аяқталды. Бұл кезде Кеңес одағында сағат тілі 12-ден асып, 9 мамырға ауысқан. Сол себепті Еуропа жеңіс күнін 8 мамырда, КСРО 9 мамырда тойлай бастады.