Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таланттар арасында жаңа есімдер: 2021 жылы желіде жұлдызы жанған қазақстандықтар

2021 жыл желінің мүмкіндігі орасан екенін тағы бір рет дәлелдеген уақыт ретінде есте қалары анық. Желінің жаңа форматы TikTok арқылы танылғандар биыл көп болды. Желі танылмай жүрген таланттар үшін мүмкіндік бергені рас. Бір күнде жұлдызға айналған отандастарымыздың топ бестігін ұсынамыз, олардың оқиғасын оқи отырыңыздар. 

Гүлмайдан Серікбай - сылақшы қыз

Бестікті “Сылақшы қыз” лақап атымен танылған Гүлмайдан Серікбай бастап тұр. Жақында ғана ол желі қолданушыларын, жалпы қазақстандықтарды ерекше даусымен тамсандырды. Екі күн ішінде жас келіншек туралы ірі Instagram парақшалар мен БАҚ беттері ақпарат таратты, сондай-ақ қысқа уақыт ішінде бағдарламаларға қонақ болып та үлгерді. 

27 жастағы Гүлмайдан Серікбай пәтерлердің бірінде сылақ сылап, ән айтып тұрған видеосынан кейін танылды. Ол Қызылорда облысындағы Шиелі ауданы Бестам ауылының тумасы. Қорқыт Ата университетінде жоғары музыкалық білім мамандығында оқыған. Карантин басталған соң кафе, мейрамханалар жабылып, құрылыста жұмысшы болып істеген. Осындай құрылыста жүрген күндердің бірінде ән айтып тұрған видеосын желіге жүктеп, екі күнде танымал болып шыға келген.

Редакциямызға сұхбат беру кезінде Гүлмайдан алыс-жақын жоспары – өнерін жоғары деңгейге жеткізу екенін айтқан еді.

Айдос Кәден - қойшы бала

Тағы бір жұлдызы жанған қазақстандық ауылда жайлауда жүріп ән айтқан тиктокер, қойшы бала лақап атымен танымал жеткіншек. Айдос Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Бөлексаз ауылында дүниеге келген. Қазір 9-сынып оқушысы. Оқудан бөлек, демалыс уақытын қой бағу, бие сауға арнайды. Өзінің айтуынша, 2 жасынан бастап жайлауға шығады. Айдосты танымал етіп жіберген видеоны көршісі түсіріп, желіде таратқан. 


Халықты талантымен таңғалдырған "Қойшы бала" туралы не білеміз? 


Қазір Айдос – елімізге белгілі әнші Жігер Ауыпбаевтың шәкірті. Әнші ретінде танылғанымен, қойшы бала алдағы уақытта актер болуды армандайды екен.

Аружан Рашид - биші қыз 

Тойда бір аяғымен үнді биін билеген алматылық ару көпшіліктің жүрегін елжіретті, мотивация берді. 17 жастағы жеткіншекке туа біткен ауруы мен бір аяғының кесілгені армандарын жүзеге асыруға кедергі болмаған.

Аружан Рашид 2003 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында өмірге келген. Дүниеге келгеннен бері сол аяғының кемшілігі болған. Емделмеген соң оны кесуге мәжбүр болған. Бастапқыда анасы қызының көпшілік арасында билеуіне қарсы келген.

Редакциямызға берген сұхбатында протезбен жүру қиындық туғызып, омыртқасына салмақ түсіргендіктен, бір аяқпен жүріп-тұруды, билеуді шешкенін айтқан еді.

Желіде танылғаннан кейін Аружанды “Салем Намасте” үнді этносаяси бірлестігі төрағасының орынбасары Вадодария Хитеш Чандра үш күн бойы іздеген. Бүгінде оның өнерін YouTUBE желісінде 100 мыңнан астам адам тамашалаған.

Гүлбақыт Жаңбырбаева - бұлбұл әнші

Тойда опералық мақамда ән айтып, белгілі болған келесі кейіпкеріміз Гүлбақыт Жаңбырбаева желідегі бірнеше видеодан соң танылды. 28 жастағы Гүлбақыт Жаңбырбаева бүгінде салиқалы келін, ата-енесінің қолында тұрады. Әлеуметтік желі арқылы бір күнде танымал болып шыға келгенін кездейсоқтық деп есептеді.


"Сахнада жүргім келеді": Әлеуметтік желіде танымал болған "бұлбұл" келін туралы не білеміз? 


Әншінің ерекше даусына тамсанғандар арасында келіншекті Бибігүл Төлегеноваға ұқсатқандар табылды. Сондай-ақ, Гүлбақыт осы видеоның арқасында Instagram желісінде жазылушылар саны екі есе артқанын айтқан болатын. Ол алдағы уақытта өнерін дамытып, үлкен сахнаға шыққысы келетінін де айтты. Алайда сол арманы ауылда қалып қоя ма деп те қорқады екен. 

Айдос Арынов - тиктокер

31 жастағы қарағандылық көлік жүргізушісі Айдос Арынов автоустың үстінде билеген соң танымал болып шыға келген. Қоғамдық көлікте жұмыс істеп жатқанына он жыл болған жүгізушінің жұмыс кестесі тығыз. Ол таңғы 5-тен түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейді.

Айтуынша, халықтың қоғамдық көлікке қарым-қатынасын өзгерту үшін би билей бастаған. Көлік жүргізушісінің Tik-Tok-та 80 мыңнан астам оқырманы бар. Сапалы видеолар түсіру үшін ол несиеге Iphone 12 сатып алған.

Редакциямызға берген сұхбатында қоғам көлік жүргізушілеріне деген көзқарасын өзгертсе деген мақсатта осындай видеолар түсіре бастағанын айтқан. Бүгінде оған Қарағандыда автобус шығаратын компания ұсыныс жасады. Видеоны өзі түсіріп, кондукторы монтаждайды. Ендігі мақсаты – өз брендін қалыптастырып, Нұр-Сұлтанға көшу. 

Одан бөлек, "Қазақтың Эйконы" атанып кеткен Олжас Молдабеков те желіде жұлдызы жанғандардың бірі. Оның ағылшын тіліндегі “Smack that” әнін тебіренте орындағаны желі пайдаланушыларын тәнті еткен.  Олжас бұған дейін "ТеңізШевройл" компаниясында электрмонтаждаушы болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта айы оңынан туып, релиз дайындау үстінде. 

 

Талқылау